• RUB:
    6.62
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.18
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 08:40

Кирилдің қарқыны күшті

10 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары бүкіл әлемде жанкүйерлер тарапынан үстел теннисіне деген қызығушылықтың арта түскенін аңғару қиын емес. Соның бір ғана дәлелі – деңгейі аса жоғары жарыстардың ең белді арналардан жиі көр­се­­тілуі, ғаламтор мен түрлі платфор­мадағы көрермен санының күрт артуы.

Осыдан біраз уақыт бұрын Қатардың бас шаһары Дохада әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Сол жарыста сарап­қа салынған бес бас жүлденің төртеуін Қытай құрамасы олжалады. Біреуін Жапония жампоздары жеңіп алды. Күміс пен қола медаль алған­дар қатарында Бразилия, Тайпей, Аустрия, Румыния, Оңтүстік Корея, Фран­ция, Гонконг, Швеция өрендері бар. Төрт­күл дүниенің теңдессіздері бас қосқан бәсекеде еліміздің де үстел теннисшілері өнер көрсетті. Отандастарымыздың арасынан ең үздік көрсеткішке Кирилл Гера­си­менко қол жеткізді. Ол 1/16 финалға дейін жетіп, осы межеде Әлем кубогінің иегері, Панамерика ойындарының 6 дүркін жеңімпазы, бразилиялық Уго Каль­дераноға жол берді. Негізі, бұл ойынның алғашқы екі партиясы Герасименконың пайдасына шешілген еді. Бірақ одан кейін қаһарына мінген Кальдерано қатарынан төрт партия­ны өз пайдасына шешті.

Аталған жарыстан кейін де дүбірлі додаларда дараланып жүрген саңлақтар бірқатар турнирде бақ сынады. Соның нәтижесінде апта сайын әлемдік рейтингке өзгеріс енгізіліп отырады. Бүгінде Лин Шидунь (8675 ұпай) шашасына шаң жұқтырар емес. Биыл ақпан айында бірінші орынға көтерілген 20 жастағы Қытайдың аса дарынды ойыншысы әлі де сол тұғырдан түскен жоқ. Шидунь Будапешт, Амман, Алматы, Макао, Маскат, Франкфурт, Сингапур, тағы басқа қалаларда ұйымдастырылған турнирлерде топ жарды.

Екінші орында Қытайдың тағы бір дүлдүлі – Ван Цицунь (5275). Оның жасы 25-те. Алғаш рет 2018 жылы жасөспірімдер­дің Дүниежүзілік олимпиадасында алтын тұғырға көтерілген Цицунь сол кезден бері бабын жоғалтқан жоқ. Шеберлігін шыңдай жүріп, талай биікті бағындырды. Олардың арасынан Азия ойындары, Азия кубогі, WTT санатындағы турнирлер серия­сы, Париж олимпиадасының командалық сайысындағы жарқын жеңістерін атап өтуге болады. Биыл Дохадағы әлем чемпионатында да дәл осы спортшы қарсылас шақ келтірген жоқ.

Парсы шығанағында К.Гераси­ме­н­­ко­ны жолынан ығыстырған Уго Кальдерано (4575) үздіктер тізімінде үшінші орында. ­2­­8 жастағы марқасқа сол жарысты кү­міс медальмен қорытындылады. Былтыр Олимпия ойындарында төртінші орынға тұрақтады. Жапония жұлдызы Томакадзу Хари­мото (4550) озық төрттікті түйіндеп тұр. Сондай-ақ ТОП-10 теннисшінің қатарында қытайлық Лянь Цзинкунь (3900) мен Сиянь Пэн (2270), франциялық Феликс Лебрун (3220) мен Алекс Лебрун (2420), швециялық Трулс Морегард (3155), слове­ниялық Дарко Йоргич (2070) сынды сайып­қырандар бар.

Еліміздің ең мықты үстел теннисшісі К.Герасименко 60-орында. 28 жастағы Астананың тумасы Рио-де-Жанейро, Токио, Париж олимпиадаларына қатыс­ты. Әлем чемпионаттарында да жиі бой көрсетіп жүр. Бірқатар аса ірі халық­аралық жарыс­та табысты өнер көр­сетті. Мәселен, биыл еліміздің ерлер мен әйелдер құрамасы өз тарихында тұң­ғыш рет Азия чемпионатында үздік сегіз команданың қатарына қосылды. Жер­лес­теріміздің осын­дай табысқа жетуіне Кирил­дің қос­қан үлесі орасан зор. Ол өз бәсекесінің бар­лы­ғында жеңіске жетті.

Кейбіреулерге К.Герасименконың ITTF рейтингінде 60-орында тұруы қара­пайым ғана көрсеткіш болып көрінуі мүмкін. Әсте олай емес. Бүгінде таңда ТОП-60-тықтың қатарына санаулы ғана мемлекеттің өрендері еніп отыр. Атап айсақ, бұл тізімде Қытайдың – 11, Жапония мен Оңтүстік Кореяның – 6, Франция мен Германияның – 5, Аус­тра­лияның – 4, Тайпей мен Мысыр­дың – 3, Бразилия, Шве­ция, Данияның – 2-ден, Словения, Нигерия, Хор­ватия, АҚШ, Гонконг, Испания, Польша, Үн­діс­тан, Ұлыбритания, Канаданың 1 өкілі бар. Бар-жоғы 22 елдің ғана өрен­­де­рі мық­тылардың санатына қосылып отыр. Көріп отырғанымыздай, бұл тізімде КСРО құрамында болған бір ғана мемлекет­тің ойыншысы бар. Ол – елі­міз­дің бірінші ­ракеткасы Кирилл Гера­си­менко.

Еліміздің екінші ракеткасы Алан Құрманғалиевтің де қарқыны жақсы. Жасөс­пірімдер мен жастар буыны арасын­дағы жарыстарда өзін түбегелі мойындатқан қандасымыз 2019 жылы әлемнің ең үздік жас ойыншысы атанды. Өз қатарластары арасында әлемдік рейтингте көш бастады. Ересектер дуына да еркін қосылды. Кейіннен талай дүбірлі додада дараланды. Қазіргі кезде А.Құрманғалиев ITTF рейтингінде 155-орында тұр. Аланның жасы 18-де екенін ескерсек, шеберлігі шың­дала келе оның бағындаратын белестері бү­гін­­гіден әлдеқайда зор болатынына сенім мол.

Үстел теннисін серік еткен өзге жерлес­теріміз мынадай орындарға жай­ғасқан: Айдос Кенжеғұлов – 296, Сан­жар Жұбанов – 349, Ескендір Харки – 356, Владислав Захаров – 433, Дастан Кен­же­ғұлов – 469, Сағадат Құрмамбаев – 479.

Соңғы жаңалықтар