Осыдан бір жыл бұрын еліміздің шығысында литий кен орны ашылады, ол 15 млрд доллар пайда әкеледі деген сарында ақпарат тарады. Кейін бұл мәселе көмескі тартып қалды. Негізі, мұндай кен орындары әлемде көп-ақ. Оны игеру тиімді ме, тиімді емес пе, мәселе сонда. Көп жағдайда оны пайдалану тиімсіз болғандықтан қор ретінде есептемейді, ресурс ретінде есептейді. Біздің ақпарат құралдары «болжам бойынша сирек металдар қоры 20 млн тоннадан асады, 300 метр тереңдікте, орташа құрам – тоннасына 700 грамм» деп жазған. Жаңалық болсын деп жаза береді. Шынымен рас болса, әлдеқашан АҚШ, Қытай немесе Ресей игеруге араласар еді.
Геология саласында мынадай түсінік бар (Кеңес одағынан бері келе жатқан түсінік) – мемлекет геология бағытын бақылауда ұстауы керек, бұл салаға инвестицияны өзі құйып, өзі кен орындарын ашып, солай ие болып отыруы керек деген сияқты. Бір қарағанда дұрыс көрінеді. Қайбір жылдары Геология министрлігін қайта ашу керек деген сияқты пікірлер айтылды. Неге бұлай айтады? Себебі бұл – мемлекеттен ақша алып отырудың мүмкіндігі. 30 жылда геология саласында айтарлықтай жаңалық болған жоқ. Осы салаға қатысы бар комитеттер мен мекемелер бюджеттен бөлінген ақшаны игеріп келді. Әсілінде, бұл саланы жеке, тәуелсіз мекемелерге беру керек. Себебі әр инвестор ақшасын мұқият есептеп, өзінің қызығушылығымен, ынтасымен жұмыс істейді. Бұл орайдағы мемлекеттің функциясы – инвесторларға әкімшілік барьерді азайтып, бюрократия батпағына түсірмей, қолғабыс ету, оларды ынталандыру. Сол кезде жаңа кен орындары көбірек ашылады.
Қазір инвесторлар кері қайтып жатыр. 2024 жыл тарихымыздағы ең аз инвестиция тартқан жыл болды. Осы жылдың көрсеткіштері де мәз емес. Бұл не деген сөз? «Жоғарыдан төменге қарай» деген жүйе аса нәтижелі болмай тұр. Себебі біздегі әкімшілік кедергілерді жоймай, инвесторлар келе қоймайды. Егер өзіміз дайын болсақ, инвесторлар жоғары жақ айтпаса да, келер еді. Басшылар айтып жатыр, айтып жатыр, бірақ инвестиция келетін емес. Демек, астында проблема бар. Салық кодексі әлі күнге шетелден инвестор тартатын тиімді құралға айнала алмады. Кеңес одағынан қалған бақылау жүйелері – геология комитеті, орталық барлау комитеті сияқты мекемелер геологияда түрлі қатаң талаптар орнатып тастаған. Бұл жүйелердің құзыреті басым кезде инвесторлардың елімізге аяқ басуы екіталай. Бұдан шығатын қорытынды – бізге оңтайлы әкімшілік реформа керек.
Мұнай учаскелері әлі де болуы мүмкін. Бірақ ауқымды учаскелердің бар екеніне сенбеймін. Мысалы, Қашаған секілді. Қашаған кеңес заманында жер қатпарынан білінген болатын. Ол кезде тәжірибе мен технология болған жоқ. Сол себепті, тәуелсіздік алған соң барып шетел инвесторлары келіп, игерді. Меніңше, мұндай көлемдегі мұнай кен орны бізде қалған жоқ. Бар болса осы күнге дейін анықталар еді.
Бірақ орта және кіші кен орындары табылуы мүмкін. АҚШ-ты осындай кішігірім, шағын кен орындары әлемдегі алпауыт мұнай өндіруші елге айналдырып отыр. Оларда ұлттық компания деген түсінік жоқ болғандықтан, бәрі бірдей – жекеменшік кәсіпорындар. Сөйтіп, олар «көп түкірсе көл болар» деген ұстаныммен нарықты игеріп жатыр. Ал бізде мұнайымыздың 70%-ын 3 кен орны шығарады. 90% мұнайымыз 10 компаниядан ғана шығады. Бұл жақсы емес. Неге? Себебі біз 10 кен орнындағы мұнайға тәуелдіміз. Ал Америка мұнайының 90%-ын он мыңдаған кен орнынан шығарады. Сәйкесінше, миллиондаған адам сол кен орындарынан жұмыс тапқан. Біз болсақ ірі кен орындарын ірі компанияларға беру керек, солар басқаруы керек, халық соларға жұмыс істеуі керек дейтін кеңес одағынан «мұраға» қалған «гигантизм» ұғымының құрығына түсіп қалғанбыз.
Арагідік «инвесторлармен тиімді келісімшарт жасауымыз керек», «мәміле кезінде ұлттық мүддені биік қою қажет» деп айтып жатамыз. Алайда мұның бәрі қашпаған сиырдың уызынан дәметумен тең нәрсе. Бүйту керек, сөйту керек деп даурығамыз, бірақ келіп «ақшам міне, маған жеріңді, кеніңді көрсет» деп отырған инвестор жоқ. Әуелі инвестор тауып алайық, оған жақсылап жағдай жасайық, сосын барып ортақ шарттарды келісе береміз.
Бізге ең алдымен институционалдық, құрылымдық реформа керек екенін тағы да айтқымыз келеді. Ауқымды реформа жасалмағандықтан қазір инвестиция тарту ісінде, жаңа кен орындарын ашу мәселесінде тығырыққа тіреліп тұрмыз.