Талдықорған төрінде алғаш рет мектеп оқушылары арасында «Театр – тәрбие бастауы» атты облыстық театр фестивалі өтті. Бұл – елімізде бұрын-соңды болмаған тың бастама. Аудандардан келген үздік өнер ұжымдары, қоғамдағы өзекті тақырыптарды сахналады.
Адам баласының рухани әлемі жаңбыр тілеген көктемгі аспандай кейде мүлгіп, шөлдеп тұратыны рас. Сондай сәттерде жанға шипа, жүрекке медет болар жалғыз ғана мекен бар – ол театр. Себебі театр – тірі өнер. Ол – адамның ішкі әлемін сөзбен де, сезіммен де тербететін шындықтың сахнасы, өмірдің бояуын боямасыз беретін айнасы. Осы киелі өнердің тәрбиелік қуатын жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында Жетісу өлкесінде тұңғыш рет мектепішілік театрлар арасында байқау ұйымдастырылып, үш күн бойы Талдықорған қаласы өнер мен шабыттың ордасына айналды. Бұл байқау – өнер арқылы тәрбие берудің, жас сананы оятудың, рухани құндылықтарды дарытудың озық үлгісі.
Облыстың түкпір-түкпірінен келген 50 мектептің театр ұжымы өзара сайысқа түсіп, өзектілігі жоғары бес тақырып аясында қойылым ұсынды. «Нашақорлық», «Жасөспірімдер буллингі», «Ұстазын ұлықтаған ұрпақ үні», «Ата-ана, оқушы, ұстаз», «Менің арманым» сынды тақырыптарда сахнаға шыққан жас актерлер көрерменге терең ой тастай алды. Өнерпаз өрендер сахна тілі мен актерлік шеберлікті кәсіби деңгейде игергенін көрсетті. Байқаудың қазылар алқасы құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы мен халық әртісі Алмахан Кенжебекова сынды театр тарландары болды.
«Оқушылар театры – жай сахна емес, ол – баланың ішкі жан дүниесін түлететін, қиялына қанат бітіретін, жүрегіндегі шырақты маздататын ерекше алаң. Мұнда бала тек рөл ойнап қоймайды, өмірді түсініп, өзін тануға, адам болмысына үңілуге машықтанады. Бұл – тәрбиенің ең нәзік, ең әсерлі түрі», деді А.Кенжебекова.
Байқауға қатысушылар көркемдік, техникалық тұрғыдан да даярлықпен келген. «Театр Time» үйірмесінің жетекшісі Жанар Бейсенбаеваның айтуынша, бұл байқауға оқушылар 2 ай көлемінде дайындалған.
«Сценарий – менің ұстаз ретіндегі ішкі толғанысымнан туған дүние. Оқушым Қуанышпен бірге заманауи ұстаз бейнесін жасауға тырыстық. Қойылымда тек актерлер емес, костюмер, гример, мобилограф сынды шығармашылық топ та еңбек етті. Бұл – барлығымыздың ортақ жеңісіміз», дейді ол.
Кейіпкерлер арқылы сахна төрінде отбасы құндылығы, достықтың мәні, ұстазға деген құрмет пен отансүйгіштік рух көркем тілмен жеткізілді. Оқушылар жай ғана көрініс көрсетіп қойған жоқ, олар өз ойларын, азаматтық ұстанымдарын ашық айтып, сахна арқылы қоғаммен сұхбат құрды.
Фестивальдің соңғы күнінде өткен салтанатты марапаттау кеші нағыз өнер мерекесіне айналды. Көрермен залын толтырған ата-аналар, ұстаздар мен қонақтар жас сахнагерлердің шеберлігіне тәнті болды. Кешке облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев арнайы қатысып, қатысушыларға жүрекжарды лебізін білдірді.
«Театр – ұлт рухының айнасы, рухани жаңғырудың негізгі діңгегі. Осындай бастамалар – жас буынның болашақта саналы азамат болып қалыптасуына үлкен серпін береді. Бұл байқау тек өнер сайысы емес, жас буынды тәрбиелеудің, олардың ой-санасын оятудың үлкен құралына айналды. Әр қойылымда бүгінгі қоғамның күрделі мәселелері – жасөспірімдердің ішкі күйзелісі, отбасы мен мектеп арасындағы байланыс, ұстазға құрмет, ұлттық арман мен болашаққа сенім терең бейнеленді», деді М.Көлбаев.
Оның айтуынша, жастарды рухани қолдауға бағытталған жобалар жалғасады. Келер жылы бұл байқаудың ауқымы кеңейіп, дәстүрлі шараға айналады. Байқау барысында үздік шыққан оқушылар мен театр ұжымдары қаржылай сыйлықтарға ие болды. Тіпті «Үздік жас актриса» «Үздік жас актер», «Үздік сахналық костюм», «Үздік жас режиссер», «Үздік декорация» секілді аталым иегерлеріне де ақшалай сертификат табысталды.
Театр арқылы бала өз болмысын таниды, өмірді бағалауды үйренеді. Жетісу жеріндегі бұл игі бастама алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлеріне де үлгі болып, ұлттық өнердің жаңа көкжиегін ашады деген сенім мол. Сахна – шындықтың айнасы. Сол айнаға қарап өскен ұрпақ ертеңгі елдің еңсесін көтерер азаматтары болмақ. Оқушылардың театрға деген қызығушылығы мен белсенділігі байқаудың табысты өткенін дәлелдеді.
Жетісу облысы