Әлемде астрагал тұқымдасына жататын көпжылдық өсімдіктің 5 мыңға жуық түрі анықталған. Ал жақында Атырау облысында өсетін осы өсімдіктің жаңа түрі табылып, оған Иванов астрагалы атауы берілді.
«Индер – 2025» халықаралық ғылыми зерттеу экспедициясына В.Татищев атындағы Астрахан мемлекеттік университетінің профессоры Алексей Лактионов жетекшілік етті. Экспедицияға аталған оқу орнының аспиранты Саягүл Ахмеденова, Ресей Ғылым академиясының Екатеринбургтегі Орал филиалына қарайтын ботаникалық бақ зертханасының меңгерушісі Михаил Князев, сондай-ақ М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғалымдары қатысты.
«Бұл өсімдік Индер ауданындағы тұз күмбезі аймағының эндемигі болып шықты. Алғашқы жиналған гербарий үлгісі Санкт-Петербургтегі Ресей Ғылым академиясының В.Л.Комаров атындағы Ботаникалық институтының ғылыми гербарийінде сақтаулы. Гербарий халықаралық деректер қорына енгізілді. Иванов астрагалы – көпжылдық жартылай бұта. Өсімдіктің ұзындығы 5–10 см-ден аспайды. Ашық қызғылт түсті гүл шоғының ұзындығы – 5–8 см. Жемісі – жұмыртқаға ұқсас, ұзындығы 12–20 мм-лік шар тәрізді бұршақ. Ал бұршағының іші қуыс, 25-ке жуық дәні бар», дейді А.Лактионов.
Ғалымның пікірінше, ежелгі скифтер астрагалды өлмейтін шөп деп атаған. Бұл өсімдікті қатерлі ісік және жүрек ауруларын емдеу үшін қолдануға болады.
«Өйткені астрагал ауруға қарсы тың иммундық жүйені нығайтып, вирусқа төтеп беретін интерферонды жетілдіреді. Ағзаның суық тию, тұмау және бронхит секілді сырқаттарға қарсы күресу үшін ішкі механизмін іске қосуға көмектеседі. Бауыр қызметін жақсартады, қандағы қант деңгейін төмендетеді. Қан тамырларын кеңейтіп, қан қысымының төмендеуіне ықпал етеді», дейді ғалым.
Ресейлік ғалымдар астрагалдың бірнеше түрін онкологиялық ауруларды емдеуге пайдалану мақсатында зерттеулер жүргізуді қолға алыпты. Ал халықаралық экспедицияның мүшелері өсімдіктің тағы үш жаңа түрін тапқан. Енді олар жергілікті флора мен өсімдіктерді зерттеуді жалғастыруды көздеп отыр.
«Қуыс бұршағы бар өсімдікті көргенде, оның ерекше екенін бірден түсіндік. Бұл – менің ғылыми қызметімдегі айтулы жетістік», дейді Саягүл Ахмеденова.
Атырау облысы