Бүгін, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Студенттердің құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етудегі студенттік омбудсмендердің рөлі» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. БАҚ өкілдерімен брифингке Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының м.а. Ақерке Абылайхан, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің жастар саясаты жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Тоқтар Болысов және Республикалық студенттік омбудсмен Ұлан Наукен қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда еліміздің 122 жоғары оқу орнында 680 мыңға жуық студент білім алады. Министрлік жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, оқу процесіндегі әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл ретте студенттік омбудсмендер институтының орны ерекше.
Ақерке Абылайханның айтуынша, студенттік омбудсмендер екі жылдан астам уақыт ішінде барлық өңірлерде белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Биыл студенттерден 6000-нан астам өтініш түсіп, олардың дені оқу процесі, жатақхана, стипендия және ұйымдастырушылық мәселелерге қатысты болған.
«Академиялық адалдықты сақтау – білім алудағы басты принциптердің бірі. Бұл ретте Академиялық адалдық лигасы құрылған. Оған бүгінде 18 жоғары оқу орны мүше», деді ол.
Тоқтар Болысов студенттік омбудсмендердің 2024-2025 оқу жылындағы қызметіне тоқталып, 6079 өтініштің қаралғанын мәлімдеді.
«Омбудсмендер институтының мақсаты – студенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ елдегі жоғары оқу орындарында қауіпсіз әрі әділетті білім беру ортасын қалыптастыру. Жыл ішінде 100-ден астам жоспарлы іс-шара мен 20-дан астам жоспардан тыс мониторинг жүргізілді. Омбудсмендер студенттердің өтініштеріне жедел әрекет етіп, туындаған мәселелерді уақытылы шешуге және қиын жағдайдағы студенттерге қолдау көрсетуге мүмкіндік берді», деді ол.
Сонымен қатар «Студенттік омбудсмендер мектебі» аясында құқық, коммуникация, қақтығыстарды шешу бойынша тренингтер өткізіліп, белсенді студенттерді даярлау қолға алынды.
Республикалық студенттік омбудсмен Ұлан Наукен жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мен ашық диалогты ілгерілету бойынша Қазақстан студенттерінің Альянсы мен министрліктің әріптестігі маңызды екенін атап өтті:
«Бұл институт қазіргі таңда студент пен жүйе арасындағы ашық диалог құралы ретінде қалыптасып, елдегі білім беру кеңістігінің жауапты әрі инклюзивті болуына жол ашып келеді», деді омбудсмен.
Оның мәліметінше, омбудсмендер студенттердің өтініштері негізінде оқу орындары әкімшілігімен және басқа да жауапты органдармен тиімді өзара іс-қимыл орнатып, жастардың құқықтары мен мүдделерінің сақталуына нақты ықпал етті.