• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.26
  • EUR:
    602.13
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Семейде Ұлттық құрылтай шешімдері талқыланды

30 рет
көрсетілді

Семей қаласында «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сараптама алаңының отырысы өтіп, онда Ұлттық құрылтай шешімдерінің жүзеге асырылуы, бұл үдерістерге қоғамның қатысуы және оларды бақылау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Жергілікті педагогикалық және ғылыми-академиялық қауымдастық, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен іс-шараны Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды.

Пікірталас барысында Ұлттық құрылтай шешімдерінің жүзеге асырылуына қатысты өзекті мәселелер, оның ішінде қоғамдық қатысу мен бақылау тетіктері, азаматтық қоғамның, қоғамдық кеңестер мен ғылыми қауымдастықтың мемлекеттік саясатты әзірлеу және мониторингтеу үдерістеріндегі рөлі талқыланды.

Алаң қатысушыларын онлайн форматта қарсы ала отырып, Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов қоғамдық бақылау мен мониторингтің мемлекеттік саясаттың ашықтығы, есептілігі және тиімділігін арттырудың ажырамас құралдары екенін атап өтті.

«Біз талқылауларды астанада емес, өңірлерде өткізу туралы ойластырылған шешім қабылдадық, өйткені ҚСЗИ өңірлік сараптамалық әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөледі. Ұлттық Құрылтайдың шешімдері нақты жүзеге асырылатын да, практикалық сын-қатерлерге тап болатын да – дәл осы жергілікті жерлер. Сондықтан біз екінші талқылауды тарихи-мәдени мұрасы бай, стратегиялық экономикалық әлеуеті жоғары әрі инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқан өңір – Абай облысында өткізуді жөн көрдік», деді ҚСЗИ директоры.

ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина алаң қатысушыларын ашық диалогқа шақырып, өңірлік сарапшыларды ынтымақтастыққа үндеді.

«Өткен жылы институтта өңірлермен жұмыс істеуге бағытталған арнаулы бөлім құрылып, оның негізінде өңірлік өкілдер желісі қалыптастырылды. Бүгінде біздің өкілдер еліміздің 9 өңірінде жұмыс істеп жатыр», – деді А.Жолдыбалина.

Осы тақырыпты жалғастыра отырып, Alikhan Bokeikhan University ректоры Александр Койчубаев бұл жетекші өңірлік жоғары оқу орнында іске асырылып жатқан, университетті ұлттық деңгейге шығаратын бастамалар туралы айтты.

Пікірталас барысында сарапшылар, ғалымдар, үкіметтік емес ұйым өкілдері өңірлердегі қоғамдық бақылау мен сараптамалық әлеуетті күшейтуге қатысты идеяларымен және бастамаларымен бөлісті.

Абай облыстық қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары, ҮЕҰ қауымдастығының вице-президенті Николай Исаев өз сөзінде өңір өкілдерін орталық мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестердің құрамына енгізуді ұсынды.

Қазақстанның Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, профессор Зейнулла Тоқаев агроөнеркәсіп кешенінің негізі ретінде аграрлық ғылымды дамыту қажеттігін атап өтті. Ардагерлер кеңесінің мүшесі Асқат Дюсембаев Семейдің портты қала ретіндегі әлеуетіне және Ертіс өзеніндегі жолаушылар мен жүк тасымалын жандандыру мүмкіндігіне назар аударды.

Өңірлік сарапшылар қауымдастығының өкілдері айтқан ұсыныстар мен бастамалар Ұлттық Құрылтай қызметінің мазмұнын кеңейтуге негіз болуда.

 

Айсара Хуанышқызы,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2-курс студенті