• RUB:
    6.69
  • USD:
    523.46
  • EUR:
    600.04
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 09:20

«Жеті жарғы» мен заманауи заңдар үйлесімі

30 рет
көрсетілді

Қазақ халқы жаугершілік заманның өзінде заң мен тәртіпке бағынған. Сол кезеңде халық Тәуке ханның «Жеті жарғысына» бой ұсынса, қазір зайырлы мемлекетіміз Конституцияға сүйенеді. Ал сол «Жеті жарғы» мен қазіргі заңдар қалай қабысады?

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев­тың мәліметіне сүйенсек, «Жетi жарғы» – жоғары мемлекеттiк кеңес және жоғарғы сот. Әз Тәуке заманында «Жетi жарғы» ұзақ жылға со­зылған дағдарыстан мемлекеттi алып шығудың бiр жолы ретінде қарастырылған.

«Жетi жарғының» заң шығару, не болмаса билер шешiмдерiне кесiм жасауы (прецедент), бүкiл ел көлемiндегi билiк iстерiне үлгi пiшiп отыруы «Жетi жарғының» жоғарғы сот, құқық қызметiн қадағалаушы билiк орны екенiн көрсетедi. Бұл жағынан «Жетi жарғы» белгiлi дә­режеде конституциялық сот қыз­метiн атқарып билiк нұсқаларын, жүр­гiзiлу ережелерiн реттеп отырды дей аламыз», дейді зерттеуші ғалым.

Тарихшылардың зерттеулеріне сәйкес, «Жеті жарғыдан» кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмаған, сондықтан оның қағидалары ХХ ғасырдың басына дейін қолданылып келген. Ондағы негізгі заңдар сол күйінше сақталып, тек «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолына», Тәуке ханның дәуіріндегі саясатына сай өзгерістер енгізілген. Негізі «Жеті жарғы» қазақтың ұлттық шешендік өнеріне сай мақал-мәтелдерден, қанатты сөздерден құралған. Мәселен, Қасым хан өз заңында Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақы ғұрып ерекшеліктерін сақтаған. Олардың қатарына жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, құдалық жол-жоралар, қазылық билік, т.б. әдет-ғұрыптар болған.

«Жеті жарғыда» ел мүддесі Мүлiк заңы, Қылмыс заңы, Әскери заң, Елшiлiк жоралары, Жұртшылық заңы, Жесiр дауы және Құн дауы секілді жеті заңмен қорғалған. Мәселен, Мүлік заңында жер дауы, мал-мүлік дауы, Қылмыс заңында кісі өлтіру, талау, шапқыншылық жасау, ұрлық қылу, Әскери заңда аламан міндеті, қосын жасақтау, қара қазан, ердің құны, тұлпар ат секілді тармақтар қамтылған.

Сондай-ақ Елшілік жораларына майталман шешендік, халықаралық қатынастағы сыпайылық, әдептілік, ибалылық, жұртшылық заңында шүлен тарту, ас, той, мереке, думан үстіндегі ережелер, ат жарыс, бәйге ережелері, жасауыл, бекеуіл, тұтқауыл міндеттері енген.

Жалпы, «Жеті жарғы» мен қазіргі Қазақстан заңдарын салыстырсақ, дәстүрлі қазақ құқығы мен қазіргі заң жүйесінің айырмашылығын да, сабақтастығын да көруге болады.

Қазақстан Республикасының Конституциясы 10 бөлім, 99 баптан тұрады. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Ата заңға, 2022 жылы 8 маусымда өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Онда Жалпы ережелер, Адам және азамат, Президент, Парламент, Конституциялық Сот, Соттар және сот төрелiгi, Прокуратура, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару, Қорытынды және өтпелi ережелер енген.

«Жетi жарғы» кеңесiне одақтас, көршi қырғыз, қарақалпақ, iшкi сарт, қожа, өкiл қосу, олардың да пiкiрiн Жоғары кеңесте ескеру құпталды. Сондай-ақ мемлекеттiк құрылымдардың өмiр сүруiне қажеттi Хан Ордасының мұқта­жын көтеруге де, әскери шығынды жа­буға, елшiлiк қабылдау мен аттан­ды­руға жетерлiк алым-салық жинау көзделдi. Ол үшiн отырықшы ел ғана емес, мал баққан көшпелi ел де 1/20 табысын мемлекет қазына­сына өткiзiп отыруы керек», дейді Ж.Артықбаев.

Көріп отырғанымыздай мем­ле­кет­ке салық төлеу – сол заманнан келе жатқан қағида. Қазір әрбір жұ­мыс істейтін адам табысы­ның 10 па­­йызын мемлекетке бөліп отырады.

Сонымен қатар тарихшының айтуынша, жаугершiлiк заманға сай жабдығы дайын, қайратты әскер ұстау басты мақсат болған. Осыған байланысты Тәуке хан ұсынысымен кеңес сұлтандардан «сардар», батырларлар құралған «батыр басы» деген лауазыммен тұрақты түрде әскер iсiне жауапты адамдар сайлады. Қазір Мемлекет басшысы елдің бас қолбасшысы, егемен еліміздің өз әскері жасақталып, осы саладағы қызметтерді Қорғаныс министрлігі үйлестіреді.

«Жеті жарғыда» ата-ананың бала тәрбиесіне қатысты қағидасы да жазылған. Әке баланы жазалай алады. Ал бала әкесіне қол жұмсаса, ел алдында масқаралайды. Қызды анасы тәртіпке салады.

Тәуке хан заңының үшеуі әйел­дерге қатысты болған. Отбасы және неке заңы, Құн заңы, Жесір дауы сынды заңдарда әйелдің құқығы мен үстемдігі көрсетілген. Қазіргі қоғамда белең алған әйелдер зорлық-зомбылығы сол кезеңдегі заңда да шегелеп көрсетілген. Мәселен, егер әйелін күйеуі жазықсыз ұрып-соға берсе, әйел айырылысуға хақылы болған. Сондай-ақ егер күйеуi әйелiне күнкөріс (нәпақа) қалдырмай, 6 ай 30 күн хабарсыз қалдырса немесе 7 жыл бойы iз-түзсiз жоғалып кетсе, күнкөрiс болған күннің өзінде әйелі күйеуінен ажырасуға хақы бар болған.

Ал былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқық­тары мен балалардың қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету мәселелері бойынша заңдарға қол қойды. Бұл заңдар әйелдер мен балаларды қорғауды айтар­лықтай күшейтеді. Атап айт­қан­да, енді ден­сау­лыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылыққа жатады.

Қорытындылай келе, құқықтық негізде «Жеті жарғы» дәстүр, әдет-ғұрып, би шешіміне негізделсе, қазіргі Ата заң заңдар мен кодекс­терден тұрады. Сот жүйесі «Жеті жарғыда» ауызша төрелік еткен Билер соты болса, қазір Мемлекеттік соттарға бағынады. Меншікті қорғау үшін «Жеті жарғыда» қатал жаза мен төрт есе құн қайтарылса, қазіргі меншік заңмен қорғалып, нақты санкциялар енгізу қарастырылған. Бұрын әскери міндет барлық ерге ортақ парыз болды, қазір де азаматтық борыш заңмен белгіленген әскери қызметке негізделеді. Дін қоғам тірегі болып, міндетті түрде құрметтел­ген, ал қазір жеке сенім, еркіндік бар, зайырлы мемлекет моделін ұстанамыз.

Тәуке ханның «Жеті жарғысы» дәстүрлі құқықтық жүйеге, ал қазіргі республика заңдары заманауи құқықтық мемлекет жүйесіне негізделген. Екеуінің де түпкі мақсаты қоғамда тәртіп пен әділет орнату, бірақ қолдану тәсілдері мен құрылымдары әртүрлі.

«Жарғы», «Жетi жарғы» мемле­кеттiк және құқықтық институттары көшпелiлердiң талай мың жыл­­ бұрын түзiлген, адамның адам есебiнде өмiр сүруiне кепiл­дiк беретiн ережелерге негiзделген едi. Бұл ережелер мыңдаған жыл көшпелiлердiң мемлекет пен құқық­тық кодекстерiне, билерiне үлгi болып келдi, көшпелiлермен қарым-қатынасы бар көптеген оты­рықшы елдердiң заң ережелерiнiң қалыптасуына ықпал еттi. Егер шын­туайтына келетiн болсақ, қазақ әдет-ғұрып заңдары қазiргi еуразиялық өркениет өкiлдерi ту­ғызған заңдардан анағұрлым ада­ми, ол азаматтық қоғам қарым-қатын­астарын реттеуге көбiрек ыңғай­ланған жол», дейді Ж.Артықбаев.