«Tekken» – бұл жай ғана ойын емес, тұтас буынның естелігіне айналған кибермәдениет феномені. Ал биыл сол ойын тарихының жаңа тарауы Астанада жазылады. 9–13 шілде аралығында Comic Con Astana-2025 аясында Tekken 8 бойынша халықаралық турнир өтеді. Әлемдік рейтингке ұпай беретін бұл додаға 90-нан астам ойыншы қатысады деп күтіледі, деп жазады Egemen.kz.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, дода Орталық Азиядағы ең ірі Tekken фанаттар қауымдастығы — Qazaqstan Tekken Fighters (QTF) қолдауымен өтпек. Бұл – бір мезетте жанкүйерлік пен кәсіби бәсекенің шебер үйлесімін көрсететін ерекше платформа болғалы тұр.
Турнир күнтізбесі төмендегідей:
9 шілде – қатысушыларды тіркеу, «Dragon Ball FighterZ» ойыны бойынша арнаулы шара;
10 шілде – негізгі жарыстың басталуы, «Guilty Gear Strive» турнирі;
11 шілде – плей-офф кезеңі және «Street Fighter 6» ойын алаңы;
12 шілде – шешуші финал, үздік сегіздік тартысы.
Турнир барысы тікелей эфирде көрсетіледі. Көрермендер кәсіпқой геймерлермен етене араласып, түрлі шоу-матчтар мен шағын сайыстарға қатыса алады. Сондай-ақ, Tekken 8 ойынына арналған эксклюзивті мерч өнімдері арнайы ұсынылмақ.
Фестиваль ішіндегі турнир Otaku Zone деп аталатын арнайы аймақта өтеді. Бұл – аниме, манга, азиялық сән мен музыкаға құмар көрерменнің сүйікті мекені. Otaku Zone аясындағы геймерлік кеңістік өз алдына бір әлем: заманауи және ретро құрылғылар, танымал ойындар, блогерлермен кооператив форматтағы батл – бәрі бір жерде тоғысады.
Ойын кітапханасында 1000-нан астам жоба ұсынылады. Қонақтарды екі аймақ қарсы алады: бірі – заманауи құрылғыларға арналған (PlayStation 5, ПК, рульдер), екіншісі – классикалық консольдер (SEGA, Nintendo, PS1, PS2). Бұл – тек ойын емес, өткенге саяхат пен болашаққа бағдар.
Алаңдағы ең қызық нүктелердің бірі – «Retro Genesis» компаниясының стенді. Мұнда екі түрлі желі таныстырылады:
Canonic – түпнұсқа картридждермен жұмыс істейтін классикалық құрылғы,
Fusion – бірнеше консольдің функциясын бір құрылғыға тоғыстырған заманауи нұсқа.
Comic Con Astana-2025 фестивалінің басты қонағы – Энди Серкис, британдық актер, режиссер және цифрлық кейіпкерлерді экранға шығаруда төңкеріс жасаған тұлға. Ол – «Сақиналар әміршісіндегі» Голлум, «Маймылдар планетасындағы» Цезарь, Marvel әлеміндегі Улисс Кло, «Бэтмендегі» Альфред рөлдерімен танымал. Сонымен қатар «Веном 2», «Маугли» және алдағы уақытта жарық көретін «Сақиналар әміршісі: Голлумға аңшылық» фильмдерінің режиссері.
Сонымен Comic Con Astana-2025 тек поп-мәдениет мерекесі ғана емес, киберспорт пен интерактивті ойын әлемінің тоғысқан ірі алаңына айналғалы отыр. Бұл оқиға Астананы жаһандық ойын картасына нық енгізетін маңызды қадам болмақ.