• RUB:
    6.63
  • USD:
    518.81
  • EUR:
    596.27
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:50

Азаматтық қоғамның айтары көп

20 рет
көрсетілді

Мемлекеттік және азаматтық сектор арасындағы серік­тес­тікті нығайтып, өзекті мәселелердің шешімін табу маңызды. Осы мақсатта Жетісуда алғаш рет «Азаматтық қоғам 2.0: мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимылдың инновациялық үлгілері – өңірлік дамудың драйвері» атты ауқымды азаматтық форум өтті. Оған Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан және еліміздің өзге өңірлерінен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, белсенді азаматтар қатысты.

Айтулы іс-шараның ашы­лу салтанатында об­лыс әкімінің орын­басары Диас Есдәулетов құттық­тау сөз сөйлеп, өңірде аза­маттық ­бастамаларды қолдауға бағытталған жұмыстарды атап өтті. Форум модераторы, облыс­тық Азаматтық альянсының төрағасы Дания Қыдырбаева қатысушыларға форум бағдарла­масын таныстырып, өңірлік делегаттарға кезекпен сөз беріп отырды.

Форум аясында үш негіз­гі тақырыптық сессия ұйымдас­ты­рылды. «Азаматтық қоғамды дамыту және цифрлық иннова­циялар» деп аталған бірінші сессияда ҮЕҰ қызметін цифрландыру, ChatGPT және басқа да технологиялардың әлеуметтік салада қолданылуы, сондай-ақ азаматтық қатысудың жаңа фор­малары – петициялар мен халық­тық бюджет сияқты құралдар талқыланды. «Мемлекет, бизнес және ҮЕҰ арасындағы тиімді әріптестік» тақырыбындағы екін­ші сессияда қатысушылар әлеу­меттік кәсіпкерліктің дамуы, мемлекет-жекешелік әріп­тес­тігінің табысты үлгілері және ҮЕҰ мен БАҚ арасындағы өзара іс-қимылдың қоғамдық маңызы туралы өз ойларын ортаға салды. Форумның үшінші сессиясы – «Азаматтық белсенділік және жастарды тарту». Спикерлер қа­тарында Мәдениет және ақпа­рат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төр­ағасы Гүлбара Сұлтанова, облыс­тық мәслихат депутаты Ерке­бұлан Ақболатов және «Жетісу жастары» ресурстық орталы­ғы­ның директоры Шамиль Ванкеев болды. Сессияда жастар қозғалыстары мен бастамалары, волонтерліктің дамуы, сондай-ақ жастардың белсенділігін арттыруда әлеуметтік желілердің ықпалы кеңінен талқыланды.

Одан кейін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиевамен және басқа да спикерлермен кездесті. Ресми қонақтарды қарсы алған облыс басшысы өңірдегі азаматтық инс­­ти­тутпен бірлесіп жүргізіліп жат­қан жұмыстарға тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділеттілік, ашық­тық және қоғаммен кері бай­ланысты өзінің саяси бағы­тының негізгі өзегі ретінде бел­гіледі. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – күнделікті жұмысымыздағы негізгі ұста­ным. Ал «Адал еңбек – Адал аза­мат – Адал табыс» – қоғам құндылы­ғын қалыптастыратын басты бағдар. Бұл жолда азаматтық қо­ғам институттарының, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар, кәсіби сарапшылар мен қоғам­дық бірлестіктердің рөлі зор. Біз сіздермен бірге қоғамда саяси, тұрмыстық және экологиялық мәдениетті қалыптастыру, руханиятты дамыту бойынша жұмыс жүргізіп келеміз және тұтастай алғанда, ең алдымен, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар міндеттерді бірлесіп шеше­міз», деді Б.Исабаев.

Белгілі болғандай, өңірде 578 үкіметтік емес ұйым, 22 этно­мәдени бірлестік, саяси партия­лардың 7 өңірлік филиалы, 14 салалық кәсіподақ бірлестігі, 43 бұқаралық ақпарат құралы бар. Құрамында 176 мүшесі бар 11 қоғамдық кеңес жұмыс іс­тейді, оның 80%-ы- – азаматтық қоғам өкілдері. Сондай-ақ 55 кон­сультативтік-кеңесші органның құрамына азаматтық сектордың 149 өкілі кіреді.

Өз кезегінде Бану Нұрғазиева жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық сектор арасын­дағы өзара іс-қимыл бағыттарын кеңейту жұмыстары 2023 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқанын айтты. Аталған іс-шара әр өңірде, ал қорытынды форум елордада өтеді. Өңірдегі алғашқы қадам Жетісу облысынан бастау алып отыр.

Кездесуде сенатор Бибігүл Жексенбай өңірде азаматтық секторды қолдаудың оң тәжірибесін қалыптасқанын жеткізді.

Өз кезегінде облыс әкімі бар­лық ұсынылған жобаға қа­тыс­ты шешімдер бірлесіп қабыл­­данатынын, ең бастысы, ұсы­ныстардың қоғамға тиімді әрі пай­далы болғаны маңызды еке­­­­нін айтты. Мәселен, өңірде аза­­маттық сектормен бірлесіп көш­пелі оңалту қызметін көрсету, «Инватакси» қызметінің жұмысы және тағы басқа жобалар іске асырылып жатыр. Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау өңірде оқушыларды жан-жақты дамыту мен әлеуметтендіру бағытында облыс басшылығының бастамасымен қолға алынған «Әдеп-құқықтық тәрбие жөніндегі ментор» жобасының іске асырылуынан да айқын көрініп келеді.

Жүздесуде Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төр­ағасы Гүлбара Бекетқызы жас­тармен жұмыс істеу және ерік­тілер қозғалысын дамыту бағыт­тарына тоқталды. Ал Пар­ламент Мәжілісінің депу­таты Марат Башимов пен «Қазақ­стан халқына» қоғамдық қоры­ның басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева азаматтық қоғам­ның дамуына қатысты пікір бөлісті.

 

Жетісу облысы