• RUB:
    6.63
  • USD:
    518.81
  • EUR:
    596.27
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 08:00

Ұлы ақын Францияда ұлықталды

30 рет
көрсетілді

Париж қаласының XVI округі мэриясында қа­зақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған дөң­гелек үстел өтті. Іс-шараны Қазақстанның Франциядағы елшілігі мен «Абай» мәдени ор­та­лығы бірлесе ұйым­дастырды.

Жиынға Ренн қа­ласын­­да­ғы Қа­зақ­стан­ның құр­метті кон­сулы Жаннар Авар-Төре­бае­ва, Францияның Еуропа және сыртқы істер министр­лігі, білім және мәдениет ме­ке­­мелерінің өкілдері, қазақ диаспорасының мүшелері, сондай-ақ 2020 жылы «Абай» кітабының жарық көруіне атсалысқан француз азаматтары қатысты.

Қазақстанның Франция­дағы елшісі Гүлсара Арыс­тан­құлова Абай мұ­расы қазақ халқының рухани байлығы­ның тұғыры екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар елші француз тарапына Абайды ұлықтауға көр­сеткен қолдауы үшін, атап айтқанда, Париж­дің XVI округіндегі Ақындар ала­ңын­да Абай бюс­тінің орнатылуына ықпал еткені үшін ри­зашылығын білдірді. Ол Абай шығарма­шы­лығын­дағы гуманизм мен философия­лық тереңдік халықтар арасын­дағы рухани көпірге айналып, Қа­зақ­­­стан мен Францияның мәдени байланыстарын ны­ғайта түсетінін айтты.

Францияның Академия­лық пальмалар орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Бейбітшілік және рухани келі­сім сыйлығының лауреаты, профессор Альбер Фишлер Абайдың идеялары қазіргі за­ман үшін аса өзекті екенін ай­тып, оның поэзиясы мен фи­ло­софиясының әмбебап құн­­дылықтармен үндесетінін атап өтті.

Абай поэмалары мен қара сөздерін француз тіліне аудар­ған Кристин Зеутуниан-Белус дөңгелек үстел аясында аудармашылық барысындағы ой-пікірлерін білдіріп, ұлы ақынның бірнеше өлеңін нақышына келтіре оқып берді.

Шара барысында қаты­су­шылар Абай Құнанбай­ұлы­ның шығармаларын қазақ және француз тілдерінде оқып, ұлы ойшылдың мәңгілік мұра­сын дәріптеді. Кешке ар­найы келген әнші Assem Muze музыканттармен бірге Абай­дың әндерін қазақ және фран­цуз тілдерінде орындап, көрер­мендерге ерекше әсер қалдырды.

Францияда Абай Құнан­­байұлының екі бюсті бар. Ал­ғашқысы – 2016 жылы Ренн қала­сында, ал екіншісі 2020 жылы Парижде орнатылды. Жыл сайын осы мүсіндер ма­ңын­да қазақстандықтар мен фран­цуздар жиналып, ұлы ойшыл­дың рухына тағ­зым етіп, Абай мұрасын ұлықтай­ды.