• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Мамыр, 2025

«Жасыл елдің» жаңа маусымы

20 рет
көрсетілді

Күршім ауданында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының XXI маусымы ашылды. Биыл облыс бойынша мыңға жуық жастар қала мен ауылды көркейтуге атсалыспақ.

Саланатты іс-шараға «Жа­сыл ел» жастар еңбек жасақ­тарының респуб­ликалық, облыстық штаб басшылары, әр ауданның Жастар орталығы басшылары мен еріктілер қатысты.

– «Жасыл ел» жасақтарының рес­публикалық деңгейдегі ашылу салта­наты 22-23 мамыр күндері Ақтөбе қа­ласында өтті. Облыстық маусымның ашылуын Күршім ауданында өткізіп жатырмыз. Биыл республика бойынша 30 мыңға жуық жас маусым­дық жұмыспен қамтылады. Жұмыс нәтижесін беріп, қатысушылар саны жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады, – деді «Жасыл ел» жастар ең­бек жасақтарының республикалық штаб басшысы Нұрасыл Бекматов.

Биыл ұйымның жасақталғанына ­20 жыл болды. Осыған орай ел көле­мін­де түрлі шаралар, экология­лық нау­­қандар, челлендждер жоспарлан­ған. Жеңімпаздар республикалық д­ең­гей­де өтетін жабылу салтанатында ­ма­ра­­патталмақ.

Осы жиырма жылда облыстық «Жасыл ел» штабы елеулі еңбек атқа­рып, 14-35 жас аралығындағы жұмыс­сыз жастар мен студенттерді жазғы мау­сымда еңбекпен қамтып келеді.

– Биыл Шығыс Қазақстан бойын­ша мыңға жуық жас жұмыспен қам­тылады. Олар өздері тұратын жер­дің көгалдандыру, абаттандыру жұ­мыс­тарына белсене араласып, 120 мың теңге жалақы алады. Сондай-ақ түрлі ак­ция ұйымдастырылып, маусым соңында 10 аталым бойынша үздік­тер марапатталады. Қазір әр қала мен аудан бойынша 13 жұмыс берушімен келісім жасалды, жастарды жұмысқа орналастыруға дайын, – деді «Жасыл ел» облыстық филиалының директоры Мақсат Кәрібаев.

Іс-шара соңында жиынға қатысу­шылар орталық саябақта көшет егіп, үлкен көпірдің маңында тазалық жұ­мыстарын жүргізді.

 

Шығыс Қазақстан облысы