Қостанай облыстық қуыршақ театрында 3 жасқа дейінгі сәбилерге арналған ертегі сахналанды. Өзгеше форматтағы жаңа қойылымның ерекшелігі сол – мұнда дәстүрлі театрдағы ережелер сақтала бермейді.
Мысалы, сахна, орындық дегендер атымен жоқ. Бөбектер ата-аналарымен бірге жұмсақ текеметтің үстіндегі көрпешелерге жайғасып, дәл қасында болып жатқан қызықты жайттарды тамашалайды. Тіпті, ертегі әлеміне еніп, ондағы болып жатқан оқиғаларға араласып, кейіпкерлермен тілдесе алады.
Бас-аяғы жарты сағаттық спектакль «Маймақ қонжық» деп аталады. Аңғал кейіпкер өзінің маймақтығына өкінеді. Өзін мазақ еткен қоян, тиін, шымшық тәрізді достарына ызаланып, «аяғымды қалай түзетіп алсам екен» деп налиды. Алайда анасының, ең бастысы, жаңа достары кішкентай көрермендердің көмегімен жалпы аю біткеннің жаратылысы осылай болатынын түсініп, көңілі көтеріледі. Қуанғаны сонша, жаңа достарына қуыршақтарын үлестіріп беріп, бәрі бірге қол ұстасып билей жөнеледі.
Театр директоры Төленді Әлғожаның айтуынша, облыстық қуыршақ театры кішкентай көрермендеріне биылдан бастап қана қазақ тіліндегі қойылымдар ұсына бастаған.
«Биыл жалпы жеті спектакль жоспарлап отырмыз. Оның үшеуі қойылды. Бүгін, мысалы, үшінші спектаклімізді ұсындық. Бұл – Алматыдан келген режиссеріміз Анар Берікқызының туындысы. Алты айлық баласымен келіп жатқан ата-аналар бар. Үш-төрт жастағы балалар көп келіп жатыр. Тағы бір ерекшелігі, спектакльге пайдаланатын қуыршақтарымыз бен реквизиттеріміздің бәрі қолдан тоқылған. Суретшілеріміз бен көркемдік жетекшіміз тоқиды. Ұстауға ыңғайлы әрі жұмсақ. Бұл 5-6 айлық баланың актерлер жанында еңбектеп жүріп жаңағы жұмсақ қуыршақтарды ұстап, көріп, сезіп, дамуына әсер етеді. Мысалы, бүгінгі қойылымда актерлер тауықтардың қарны ашып қалды деп, ортаға балаларды шақырып, бәрі бірлесіп құстарға тары шашып, тамақтандыратын сәт бар. Немесе қонжықты ара қуалайтын кезде қонжық балалардың арасына жасырынады. Балдырғандар оған көмектесіп, арадан арашалап қалады. Балалар үшін кәдімгідей қызық», дейді театр басшысы.
Жаңа қойылымды тамашалауға он шақты ата-ана ғана келді. Екіден жаңа асқан Әмірдің анасы Диана Жүнісқызы мұндай спектакльдердің жиі болып тұрғанын қалайды.
«Бала күтімімен отырғандықтан, көбіне үйден шықпаймыз. Бүгін қуыршақ театрына келіп, өзім де, балам да бой сергітіп, бір жасап қалдық. Спектакль, әсіресе, Әмірге қатты ұнады. Әртістерге қосылып ән айтты, қонжықпен бірге жүгіріп биледі. Балалар үшін қызық әрі пайдалы қойылым екен. Баламен қоса үйде отырған аналардың бір ауық демалып кетуіне де септігін тигізеді», дейді Диана.
Қостанай облысы