• RUB:
    6.37
  • USD:
    510.59
  • EUR:
    578.91
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 09:50

Майлы зығыр өсіреді

20 рет
көрсетілді

Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру маңызды. Сол үшін өңірде егістік көлемі 510,7 мың гектарға азайды. Оның 373,8 мың гектарына дақыл көктемде себіледі. Мәселен, 295,3 мың гектар жерге дәнді, 89,7 мың гектар жерге майлы дақылдар егіледі деп жоспарланған. Сарқандық шаруалар биыл алғаш рет 100 гектар жерге майлы зығыр өсіре бастады. Оны облыстағы бірнеше кәсіпорын қабылдайды.

«Ғалым» шаруа қожалығында өз тәжірибесінде бірінші рет майлы зығыр дақылын өсіріп отыр. Бұған дейін жүгері, соя, арпа, бидай өсіруге бейімделген шаруашылық ауыспалы егіс алқабын дамытуды қолға алды.

«Зығырдың агротехникасын, тұқым нарығын зерттей отырып, біз «орташа Лирина» сор­тын отырғыздық. Бұл өте өнімді, құрамында майы көп сорт. Әр гектарынан 20-25 центнер аламыз, ал майдың мөлшері кемінде 50% болады деп күтіп отырмыз. Аймақ аумағында майлы дақылдарды қайта өңдейтін бірнеше кәсіпорын бар екенін ескерсек, шикізатты өткізуде қиындық туындамайды. Алдын ала келісімдер жасасып та қойдық. Сонымен қатар зығыр дәнді дақылдардың ауыс­палы егісіне де пайдалы», дейді қожалық басшысы Ғалым Рахметқалиев.

Ауданның Алмалы ауы­лын­дағы «Жұмағали» шаруа қожа­лығының егістіктерінде де көк­темгі дала жұмыстары қар­қынды жүріп жатыр. Шаруа­шылықта егістік те, мал өсіру де қолға алын­ған. Мұнда 537 бас ірі қара, 600 бас ұсақ мал және 630 жылқы өсіріліп отыр.

«Биыл жаздық арпа, күнбағыс, бірінші рет қант қызыл­шасын септік. Әзірге қызылша­ны 38 гектардан бастап отырмыз. Келесі жылы ұлғайту жоспарымызда бар, өйткені бұл табысты дақыл, әрі осы дақылды өсірушілерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі. «Конвиза Смарт» жоғары өнімді тұқымын сеуіп жа­тырмыз. Шаруашылығымызда қа­жетті ауыл шаруашылығы тех­ни­касы бар. Дегенмен өткен жылы ауданда сервистік-дайындау орта­лығына арнап сатып алынған заманауи техника үлкен көмек бол­ды, осы техникалардың қыз­мет­терін пайдаланып отырмыз. Мысалы, пневматикалық сепкіштің артық­шылығы сол, автопилоты болған­дықтан оның жылдамдығы жақсы, онымен күн­діз де, түнде де жұмыс істей аласыз. Осы техниканың көмегімен бір күнде 30 га жер егуге болады», дейді шаруашылық басшысы Егемен Жұмағали.

Облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Шампиковтің айтуынша, егіс алқаптарын әрта­раптандыру аясында бидай 2,9 мың гектарға, қант қызылшасы 1,5 мың гектарға, дәндік жүгері 1,1 мың гектарға қысқарады. Ал арпа, майлы дақылдары, картоп, көк­ө­ніс-бақша дақылдар ұлғаяды. Көк­темгі дала жұмыстарының жос­па­ры бойынша 127 мың гектарда ылғал жабу жұмысы жүзеге асты. 136,9 мың гектарды тырмалау, 246,8 мың гектар жер жырту, 373,8 мың гектарға жаздық дақылдар себу жұмыстары қолға алынған.

Биыл минералдық тыңайт­қыштарды қолдану көлемі 58,8 мың тоннаға дейін ұлғайтыл­ған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 49 мың тонна болған. Шаруалар 29,6 мың тонна тыңайтқыш сатып алды. Ал қоймадағы қорда 5,3 мың тонна минералды тыңайтқыш бар. Көктемгі дала жұмыстарына 5,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Наурыз айына қарастырылған 960 тонна дизель отынының 660 тоннасы шаруаларға жеткізілген. Мамандар алдағы уақытта дизель отынынан қиындық туындамайды деп отыр.

«Көктемгі дала және егінді жинау жұмыстарына Аграрлық несие корпорациясы арқылы 14,3 млрд теңге несие қарастырылған. «Кең дала-1» және «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша жүйе­лі жұмыс жүргізіліп жатыр. Ша­руалар несиеге бөлінген қар­жы­ның 3,7 млрд теңгесін алып, игеруде. Бүгінгі күнге дейін 195 шаруашылықтан 4,8 млрд теңгеге өтінім қабыл­да­нып, 106 шаруашылыққа 3,0 млрд теңге несие берілді. Қысқа­сы, шаруа­лардың көктемгі дала жұмыс­та­рына мемлекет тара­пы­нан қол­дау жан-жақты көрсе­тіледі. Жұ­мыс жоспарға сәйкес жүргі­зіле­ді. Білікті мамандар жұмыс­тың оңтайлы жүргізілуін тікелей қа­д­а­ға­лауға алады», дейді Б.Шампиков.

Облыс әкімінің баспасөз қыз­метінің мәліметінше, осы жылы облыстың агроөнеркәсіптік ке­ше­нін дамытуға 45 млрд теңге бөлінген. Оның 27 млрд теңгесі немесе 59%-ы субсидияға беріледі.

 

Жетісу облысы