• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Кеше

Әуе күштері Жеңіс шеруіне сақадай сай

110 рет
көрсетілді

Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шеруге еліміздің әр түкпірінен келген әскери құрылымдар асқан жауапкершілікпен сап түзеп жатыр.  Бүгін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің 19132 әскери авиациялық базасы шеруге дайындық барысын көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Базаның аумағында қарбалас тіршілік. Әр бұйрық – нақты, әр қозғалыс – үйлесімді. Мұнда тек әскери тәртіп қана емес, жүректегі сенім мен ұлт алдындағы жауапкершілік билік құрған.

19132 әскери базасының ұжымы шеруге қатысуға дайындықты бір ай бұрын бастаған. Парадқа 66 түрлі әуе техникалары жұмылдырылған. Олардың қатарында тікұшақтар, майдан, әскери көлік және армиялық авиация бар. Сонымен қатар, резервтік ұшақтар мен экипаждар қамтамасыз етілген.

Техникалық қызмет көрсету бөлімі күн сайын таңнан кешке дейін жұмыс істеп, әрбір ұшақтың ұшу жарамдылығын мұқият тексеріп отыр. Қозғалтқыштар мен басқару жүйелері, қару-жарақ пен байланыс құралдары, тіпті ұшақ сыртына жағылатын бояу мен эмблемаға дейін парад талаптарына сай жаңартылған. Бұл көрермен үшін көз тартарлық көрініс болса, әскери ұжым үшін мақтаныш пен мінсіз сапаның көрінісі.

Техника қаншалықты мықты болса да, оны көкке көтеретін – ұшқыш. Әрқайсы парад сапында ұшып шығу тек мансаптық мәртебе емес, жүрекпен сезінетін үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Олар күн сайын бірнеше сағат бойы әуеде жаттығып, саптық ұшуларды пысықтау үстінде. Айта кетейік, бұған дейін бес оқу-жаттығу жиынын өткізген. Әскери шеруге дейін шамамен тағы үш жаттығу өткізіледі деп жоспарланған.

«Авиация үшін кез келген ұшып көтерілу белгілі бір дәрежедегі тәуекел. Сол тәуекелдерді барынша азайту үшін ең алдымен барлық дайындық жер үстінде мұқият жүргізіледі. Әуе күштерінің ұшу құрамдары бірлескен әрекетті жетілдіру мақсатында оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір экипаждардың үйлесімді жұмысын арттыруға басымдық берілген», деді Әуе күштері қолбасшысының инженерлік-авиациялық басқармасының аға инженер-инспекторы, майор Азамат Темірғали.

Биыл әскери шеруге Қазақстан Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштерінен 1301 адам қатысады. Оның ішінде 531 әскери қызметші – жаяу саптық құрамда, 178 – ұшу құрамында, 22 – механикаландырылған колонна экипажында, 570 – қамтамасыз ету бөлімдерінен. Сонымен қатар парадқа түрлі ұрыс тәртібінде сап түзей отырып, А-400М, Л-410, Л-39NG секілді алғаш рет қатысып отырған заманауи ұшақтар қатысады. Шеру соңында 6 Су-25 ұшағы Қазақстанның Мемлекеттік Туы бейнеленген түтін жолақтарын қалдырып, әуедегі парадты түйіндейді.