Енді Алматыдағы барша үй хайуанаттарының иелеріне оларды серуендету мен алып жүру ережелеріне бағынуға тура келеді, деп жазады Egemen.kz.
Алматыда мәслихаттың кезектен тыс XXIX сессиясы барысында депутаттар үй жануарларын күтіп-бағу мен серуендетудің жаңа қағидаларын бекітті. Бұл құжатты жергілікті нормаларды Қазақстан заңнамасының соңғы өзгерістеріне сәйкес келтіру үшін қаланың Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы әзірлеген.
Жаңа ережелер тұрғындардың қауіпсіздігі мен қаланың тазалығын сақтауға бағытталған. Ережеге сәйкес үй жануарлары иелерінің құқықтары белгіленді. Енді хайуанаттардың көшедегі мінез-құлқы үшін жауапкершілік күшейе түседі. Мысалы, оларды қараусыз қалдыруға тыйым салынады. Егер кенеттен иесі оған күтім жасай алмаса, уақытша баспана тауып, қамқорлықты үшінші тұлғаға беруі тиіс немесе оны хайуанаттар бағына орналастыруы керек.
Әсіресе, иттерге ерекше назар аударылады. Оларды өз бетінше серуендетуге болмайды және айналасындағыларға қауіп төндірмейтіндей жағдайда алып жүруі керек. Қоғамдық орындарда қарғыбауының ұзындығы екі метрден аспағаны жөн. Ал көпшілік орындарда, тасымалдау кезінде және жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар, мекемелер белгілеген арнайы аймақтарда итке тұмылдырық кигізілуі тиіс. Үй ауласында қоршауы жоқ иттерді қарғыбаумен ұстау қажет. Ал арнайы бақылауды қажет ететін иттері бар учаскелердің қақпасында ескерту белгісі ілінуі міндетті.
«Жаттығу алаңы» мен «Еркін серуендеу» сияқты жаңа ұғымдар да Алматының барлық тұрғындары үшін міндетті ережелер қатарына қосылды.