• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Пікір 29 Сәуір, 2025

Рухы асқақ, тұғыры биік

30 рет
көрсетілді

Бірнеше буын аға тұтатын, жұрт абыз деп санайтын академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов өмірден өтті деген қаралы хабар ешкімге оңай тимеді...

Бір-бірімен тығыз бай­ланыс­ты болса да, үлкен ғалым атану – бір басқа да, ғы­лымды басқару бөлек әлем. Ғылымды қара нардай жүгін арқалаған, қыр-сырын білетін, ерекшеліктерін терең ұғатын талғампаз тұлға ғана бас­қара алады. Осындай үлгідегі сирек таланттың бірі – Ұлттық ғылым академиясының академигі Сейіт аға Қасқабасов еді.

Сейіт Асқарұлы Астанаға алғаш қоныс аударған 1997 жылдан бері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық уни­верситетінде ғылымды бас­қарудың қалып­тасқан жүйесін сапаландыруға елеулі үлес қосты.

Азаматтың өмірлік ұста­нымы болады. Сейіт ағаның жақсы ғалымдығына қоса, іскер ұйым­дастырушы да болуы оның туабітті алғырлығынан, еңбек­қор­лығынан деп білемін.

Қазақ КСР Ғылым ака­демия­сы Қоғамдық ғылымдар бөлім­шесінің ғалым-хатшысы, содан соң Қазақстан компартиясы орталық комитеті мен Қазақстан Республикасы Пре­зиденті Әкім­шілігінің жауапты қызмет­кері, кейін Жоғары аттестаттау комис­сиясының төр­ағасы  лауазымында жүргенде ғылыми жұмыс­тарын, соның ішінде фольклортану мен өнертануды назарынан қағыс қалдырып көрмеген біртуар тұлға болды. 

Тарих ақтаңдақтарын қал­пына келтіруге атсалысуды абыройлы парыз деп санаған Сейіт Асқарұлын тарих, әде­биет, мәдениет саласындағы әріптестерімен бірге күллі зия­лы қауым жақсы білді.  

Алматыдағы Әдебиет инс­титуты басшы­лығына ша­қы­рылып, он жыл сонда табысты еңбек еткен соң, қа­ра шаңырағым деп уни­вер­си­тетімізге қайта оралған Сейіт Асқарұлы қазақ әдебиеті ка­федрасының тізгінін ұс­тады. Ол бір кезде өзі ашқан «Еуразия» ғылыми зерттеу орталығы, Шы­ғыстану фа­культеті жұ­мысына ақыл-кеңесін беріп жүрді.

Сейіт Қасқабасовтың аза­мат­тық, ғалымдық келбеті  дегенде,  ол гуманитарлық ғылым әлеміне  еселі еңбек етті.

Сондай-ақ қазақ фоль­­­­­­клор­тану ғылымында өз мек­­те­бін қалыптастырды. Сейіт Қас­қабасовтың есімі мен еңбегі Қазақстанда ғана емес, шетелде де зор ілтипатпен аталады.

Азаматтық айқын ұстаны­мымен, қажырлы еңбегімен   тарих, фольклор, әдебиет, мә­дениет пен руханият сала­ларының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қос­қан академик ел-жұрттың құрметіне бөленді. Соңына том-том ғы­лыми еңбегі мен лайықты шәкірттер­ін қалдырды.

Сейіт Қасқабасовтың  ғиб­рат­ты ғұмыры мен жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталады деп се­немін.

 

Ерлан Сыдықов,

академик