Ерлік көрсетсе де есімі ұмыт қалған батырларымыз қаншама? Мұндай ержүрек ерлер еліміздің түкпір-түкпірінен табылады. Сұрапыл соғыстың аяқталғанына 80 жыл өтсе де, ақиқат әлі толық ашылған жоқ. Бұл ретте әскери тарихшы Қайрат Қараманов 200-ге тарта батырдың есімін жазған. Мәселен, Жетісу жерінде батыр атағы берілмеген 9 тұлға бар. Олар ерлікпен елге оралса да, белгісіз себептермен тізімнен түсіп қалған.
Қайрат Қарамандаевтың «Баһадүрлер» еңбегі бізге көп түйткілді тарқатып береді. Бұл кітап Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылып, берілмей қалған 161 қазақ қаһарманының тарихын түгендеді.
«Батыр атағына ұсынылған 161 жанның 44-і майданда қаза тапқан. Оның 43-і – офицер, жетеуі – майор, 8-і – капитан, 11-і – аға лейтенант, 10-ы – лейтенант, 8 кіші лейтенант, қалғаны – қатардағы қызыл әскер. Олардың ішінде 11-і – Ресей, жетеуі – Өзбекстан, екеуі – Тәжікстан, біреуі – Әзербайжан қазақтары, қалғаны – еліміздің әр облысынан барған қаракөздер. Оның ішінде қазіргі Жетісу облысындағы 8 аудан, 2 қаладан майданға аттанып, ерлігі елге мұра болатын 9 батыр бар. Олардың кейбірі соғыс майданында қаза тапса, кейбірі елге аман-есен оралған», дейді автор.
Жалпы, 332 беттен тұратын кітапқа кірген 161 қазақтың аты-жөні, өмір дерегі, әскер қатарына шақырылған жері, батыр атағына ұсынылған құжаттарының көшірмесі, кейбірінің фотосуреті қоса берілген. Елге аман келгендер сол тұстағы саясаттың қысымымен өз ерлігін ашып айтып, жан күйзелісін айналасына жеткізе алмады. Ұрпақ үшін ұрандатқан ерлердің қызыл қанымен келген бүгінгі тәуелсіздік тұғырында тұрған біз сол ақтаңдақты қайта ақтарып, ерлердің ерлігін ақтай алмасақ, азаматтыққа сын емес пе?
Осы ретте Кеңес Одағының батыры атағы берілмеген жетісулық ерлерге назар салсақ: Алакөл ауданынан – Мұхаметқали Ахметжанов, Ахметбек Садықов, Мінайқұл Сағындықов, Ақсу ауданынан – Оразиман Бәкіров, Талдықорған ауданынан – Әбдібек Бұтбаев пен Байтұрсын Есіркепов, Қаратал ауданынан – Әбдіқалық Қабдолов пен Өмірбай Шажабаев, Сарқан ауданынан Исағали Қашқыновтар бар. Олар шайқас алаңындағы ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылғанымен, белгісіз себептермен бір не бірнеше сатыға төмендетіліп, «Алтын жұлдыздың» орнына «Ленин», көбіне жауынгерлік Қызыл Ту, І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен алмастырылған екен.
Бүгінде өлкетанушы Қажет Андас жоғарыда аты аталған сарбаздардың ұрпақтарын іздеп, өмір тарихын тарқатып жүр. Ерлігі ескерусіз қалған сол батырлардың бірі – Оразиман Бабиковтің ұрпақтары Ақсу ауданына қарасты Қаракөз ауылында тұратыны белгілі болды. Ол туралы «Баһадүрлер» кітабында мынандай анықтама берілген: «(Бабиков Аразиман) 1895 жылы Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Қызыл әскер қатарына жылдың 10 мамырында Алматы облысының Ақсу аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. 1-Украин майданы 4-танк армиясының 6-гвардиялық механикаландырылған бригадасына қарасты 2-мотоатқыш батальон құрамында атқыш, қатардағы жауынгер. Екі рет жараланған (30.08.1944 және 21.01.1945). Қатардағы 50 жастағы жауынгер Бабиков жаудың қарша бораған оғына қарамастан Одер өзенінен өтіп, 10 немісті жайратып, қол гранатамен 3 дұшпанды жер жастандырған. Сөйтіп, бүкіл бригаданың өзеннен өтуіне мүмкіндік туғызған», деп жазылған. Осындай ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылады. Алайда 1-Украин майданының қолбасшысы, маршал И.Коневтің кесірінен мұндай атақ берілмей, жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталғаны айтылады.
Қан майданда тізе қосып, бірге шайқасқан қарулас серіктері мен қолбасшылары Оразиман Бабиковтің ерлігін мойындап, жоғарғы атаққа ұсынғанымен, штабтағы шенеуніктер батырдың ерлігін елеусіз қалдырады. Демек көрсеқызарлық, менсінбеушілік, шетке қағу сияқты пенделіктер алға шыққан деп топшылауға болады. Сарқан ауданының Көкөзек ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген Оразиманның Намазиман атты бауыры сұм соғыстан қайтпайды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан оралған Оразиман кеңшар мен ұжымшарда қатардағы жұмысшы ретінде еңбек көрігін қыздырады. 1956 жылы Ақсу ауданының Қаракөз ауылына қоныс аударады. Шағын ауылдың өркендеуі жолында еңбектеніп, зейнеткерлікке шыққанға дейін тынымсыз тіршіліктің қазанын қайнатады. Өмірлік жары Майлысары Мархабайқызымен бірге ел қатарлы, тату-тәтті ғұмыр кешті. Ұлы Алтыбай мен келіні Гүлжанның қолында тұрып, немерелерінің қызығын көріп, дүниеден өтеді.
Қан майданнан тірі оралып, кейінгі өмірін бала-шаға немерелерінің ортасында өткізген ол тірлігінде Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылып, берілмегенін білмей өтті. Ұрпағы аталарының батыр болғанын кейінгі жылдары ғана естіпті.
«Әкем өмірде қарапайым адам болды. Тірі жанға жәбір-жапасы жоқ, атақ-даңқ деп аласұрмайтын. Алланың берген нәсібін адамгершілікпен қабылдап, қоңырқай тірлік кешті. Соғыста екі рет жараланған. Екінші жарақатының ауырлығына байланысты елге оралып, кеңшарда түрлі қызмет атқарды. Жасы 90-нан асып қайтыс болды», дейді батырдың ұлы Алтыбай.
Алтыбай Оразиманұлы мен зайыбы Гүлжан Жөңкебаева Қаракөз ауылындағы қара шаңырақтың отын өшірмей, түтінін түзу шығарып отыр. Алтыбай әкесі секілді қара жұмыс атқарса, келіні Гүлжан ауыл балаларына ұзақ жыл ұстаздық етті. Адал еңбектің арқасында ұлын ұяға, қызын қияға қондырды.
Шынында, адамзатты алапат қырғыннан сақтау жолында қазақ халқының перзенттері Екінші дүниежүзілік соғысқа өлшеусіз үлес қосты. Бірақ өктемшіл кеңес билігі соның бәрін жасырып, ерліктерді елеусіз қалдырып келді. Ондай батырлардың қаһармандығы өскелең ұрпақты патриоттық тұрғыдан тәрбиелеуге баспалдақ болары анық. Ол үшін Оразиман Бабиковтің есімін туып-өскен жері Көкөзек, Қаракөз ауылдарындағы көшелерге беру, батыр тұрған үйге ескерткіш тақта қою, мектептен арнайы бұрыш ашу секілді міндеттерді орындау керек. Сондықтан көбінің есімі бүгінге дейін жалпы жұртқа беймәлім болып келді. Сол тарихи әділетсіздікті ашу біздің еншімізге тиіп отыр.
Жетісу облысы