Сұрапыл соғыста майданның алдыңғы шебінде жанын шүберекке түйіп жүріп Еуропа мемлекеттерін жаудан азат етуге қатысқан ардагер Қасымхан Алдабергенов – 100 жаста. Қарт десантшы соғыстан кейін қаруын қалам мен домбыраға айырбастап ұзақ жыл өнер, журналистика саласында қызмет етті.
Қасымхан Алдабергенов әскер қатарына 1943 жылы 10 қаңтарда алынады. 17 жастағы бозбала оқу-жаттығу даярлығында алғырлығымен көзге түсіп, бір айдан соң жаңа құрылған әуе десанты гвардиясына қабылданады. 105-гвардия дивизиясының құрамында Будапешт маңындағы Балатон көлінде жау бекінісін бұзып, Мажарстан, Аустрия, Чехословакияны жаудан азат етеді.
«Будапешттің қасындағы Болотон көлінің маңында немістің танк дивизиясы қорғаныста тұрды. Біздің әуе десантшыларын соған апарып салды. Сол қорғанысты бұздық. Біздің 105-дивизияның қатары сиреп қалған соң, 100-дивизияның құрамына әкеліп қосты. Одан Чехословакияға кірдік. Жаудың негізгі күші шегініп кеткен, бірақ кейбір поселкіде қалып қойған жау бекінісі көп. Біздің взод осындай елді мекендердің біразын тазартты. Бірде Чехословакияның орманға сұғынып жатқан бір елді мекеніне кірдік. Түгел сүзіп шықтық, қыбырлаған тірі жан жоқ. Поселкіден шыға бергенімізде алдымыздан оқ борады. Абырой болғанда, жол шетіндегі сайға құлап үлгердік. Терең сай болмағанда қырылып қалатын едік. Сәлден соң «Прекратить огонь! Свои!» деген айқай шықты. Сөйтсек, өзіміздің жауынгерлер екен. Соғыста мұндай жағдайлар да болады. Қашқан жаудың табан-тіресіп шайқасуға шамасы жоқ. Біздің десанттық взвод көбіне түнде жаудың желкесінен түсіп тұтқиылдан шабуылдап отырдық. Аустрияны азат ету кезінде де бір ажалдан аман қалдық. Біздің рота Аль тауының етегіне аялдап, сол жерге түнейтін болды. Окоп қазып алдық. Қалжырап әбден шаршағанбыз, бірден ұйқыға кеттік. Таң алдында тарсылдаған оқтың үнінен ояндық. Жау самолеті қайта-қайта шүйлігіп келіп оқ жаудырып өтеді. Кеше түні окоп қазбай құлай кеткен қаруластарымыздың көбі сол жерде қырылып қалды», дейді майдангер.
Мажарстан, Аустрияны ұрыспен көктей өткен десантшылар ротасы жеңісті Чехословакияда қарсы алады.
«Осында 9 мамыр күні таңертеңгілік соғыстың жеңіспен аяқталғанын, неміс фашистерінің тізе бүккенін естідік. Бөркімізді де, оғымызды да аспанға аттық. Бірақ біз үшін соғыс оты әлі сөнген жоқ екен. Жаудың қалған қарулы күштері бізді ілгері жылжытпай, мамырдың ортасына дейін соғыс ашып отырды. Сөйтсек, немістер бізге емес, ар жағынан тықсырып келе жатқан Американың толық механикаландырылған әскеріне беріліп кетпек болыпты. Біз Америка солдаттарымен бетпе-бет түйістік. Құшақтастық, қол алыстық, солдат флягасынан дәм татыстық», дейді соғыстың соңғы солдаты.
Майдангер соғыс аяқталған соң, бес жылдай әскер қатарында болады. Елге 50-жылдары ғана оралады. Шаңырақ көтеріп, ұрпақ сүйеді. Біраз жыл ұстаздық етеді. Алғаш математика пәнінен сабақ береді. Кейін Қостанайдағы педагогикалық училищені тәмамдап, Орал педагогикалық институтының математика факультетіне сырттай оқуға түседі.
Қара домбырасын жанына серік еткен Қасымхан қария бейбіт заманда өңірде айтыс, жыраулық өнердің жандануына сүбелі үлес қосты. Омар Шипин, Нұрхан Ахметбеков тәрізді үлкен ақындардың аузынан халық жырларын үйренді. Облыс және республика көлемінде өткен жыр байқаулары мен айтыстарға қатысты. 1959–1979 жылдар аралығында алты рет айтысқа қатысып, төртеуінде топ жарып шықты. Өңір, өмір тынысын, елдің, еңбек адамдарының жасампаз істерін жырға қосқан ақынның бұл айтыстары 2010 жылы жарық көрген «Думанды дәурен» жинағына енді.
«1980 жылы республикалық ақындар айтысы болды. Торғай облысы мен Қостанай облысы айтысты. Сол айтыста да бірінші орын алдым. Ол айтыс кейін «Жыр шашу» деген жинаққа енді. 1983 жылы Әбділда Тәжібаевтың шақыртуымен Алматыға барып, теледидардан ұлы Абайдың «Масғұт» поэмасын жырладым. Келесі жылы Сапабек Әсіпов тағы шақыртып алды. Ол жолы «Ескендір» поэмасын жырлап бердім. Ол алтын қорда сақталып қалған болу керек», дейді Қасымхан ата.
Ақындық өнерімен көпке танылған Қасымхан ұстаз сол кездегі «Қостанай таңының» бас редакторы Бақытжан Жангисиннің шақыртуымен облыстық газетке жұмысқа кіреді. Көп жыл облыстың бірнеше ауданында тілші болды. Журналистік қызмет атқара жүріп, бірнеше өлеңдер топтамасын шығарды, таным-тағылымы мол естеліктер жинағы жарық көрді.
Ғасырмен иық теңестіріп отырған ақсақал күні бүгінге дейін елде, әлемде болып жатқан өзгерістерді қалт жібермей қадағалап, әр нәрседен хабар алып отырады. Жыл сайын бір зауыт салынып жатқан Қостанайдың жетістігіне қуанады. Еліміздің бейбіт тұрмысына шүкіршілік етеді. Әр нәрсеге де жүз жастың биігінен қарап, байыпты баға беріп отырады.
«Майданда бір окопта жатып бір отан үшін жанын пида еткен жауынгерлердің ұрпақтары бүгінде бірін-бірі қырып жатқанына жүрегім ауырады. Сонда біз не үшін соғыстық, кім үшін шайқастық деген сұрақ мазалайды. Елдің жауы алауыздық екенін ешқашан естен шығармаңдар. Тарихта талай мықты мемлекеттердің түбіне осы алауыздық жеткен. Сондықтан ағайын тату болсын, ең әуелі елдің бірлігін, халықтың татулығын көздің қарашығындай сақтай білу керек», дейді батагөй қария.
Қарияның әлі де жады сергек, қимылы ширақ. Сүйегі асыл майдангер бүгінде таяқ ұстап қалса да, біреудің демеуімен отырып-тұрғанды ұнатпайды. «Тірі адамның өзі тұрып, өзі жүргені дұрыс», дейді қарт десантшы мұндайда.
Қостанай облысы