• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» 24 Сәуір, 2025

15 000 көшет егілді

30 рет
көрсетілді

Сарыбай-Соколов кен ба­йы­­ту өндіріс­тік бірлестігі Рудный қала­сы­ның маңына 15 мың түп ағаш егілді. «Таза Қазақ­­­­стан» ба­ғ­дарламасы аясында ат­қа­­­рыл­ған игі іске кен­ші­лермен қа­тар жер­­гілікті колледж студент­тері де атсалысты.

Компания 2018 жылдан бері «Жасыл экономика» талаптарына сай экологиялық бағдарлама әзірлеп, оны кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Осы жолы кеніштің дайын өнімдерді сақтайтын қоймасы мен Рудный қаласының аралығына 1000 түп көшет егілді.

«Тал егіп, көшет отырғызу біраздан бері қалыптасқан дәстүрімізге айналды. Мұндай акциялар жыл сайын ұйымдастырылады. Өткен жылы 17 мыңнан аса, биыл 14 мың ағаш отырғыздық. Бүгін тағы 1 мың көшет ектік. Қоршаған ортаны көгалдандыру «ERG» компаниясының ұзақмерзімді экологиялық стратегиясына негізделген», дейді ССКӨБ бас экологі Анатолий Дворниченко.

Сенбілікке қатысқан колледж студент­­терінің дені оқуын тәмамдаған соң, атал­ған кенішке жұмысқа орналаспақ. Бірлес­тік экологтері, мердігер мекемелердің қызметкерлері, ерікті студенттер бар шаруаны бір сағатқа жетер-жетпес уақытта тындырып тастады.

«Біз кәсіпорын аймағын жыл сайын көгалдандырып отырамыз. Экожүйені, ауаның тазалығын жақсартуға тырысамыз. Өнеркәсіптің қоршаған ортаға кері әсер ететінін жоққа шығаруға болмайды. Алайда бұл әсерді азайту, ауа құрамындағы зиянды элементтерді жою бағытында кешенді іс-шаралар атқарылады. Айналаны көгалдандыру – сол көп әдістің бірі ғана», дейді кәсіпорынның экология жөніндегі сарапшысы Игорь Гонтаренко.

Жас тал тамыры тереңге бойлап, жа­пырағы жайқалғанша кәсіпорын эко­логтерінің күтімінде болады. Эколог-мамандардың айтуынша, өткен жылы отырғызылған 17 мың көшеттің 80%-дан астамы тамыр жайып үлгерген. Қурап қалған ағаштардың орнына биыл жаңа көшеттер егілген.

 

Қостанай облысы