1-сыныпқа «egov.kz» арқылы қабылдайды. Елімізде бірінші сыныпқа өтініш қабылдау науқаны басталды. Бұл осы жылдың 31 тамызына дейін жалғасады. Оқу-ағарту министрлігінің таратқан ақпаратына сүйенсек, мектептің алғашқы сыныбына ата-анасының өтініші бойынша балалар 6 жастан бастап қабылданады.
Құжаттар мемлекеттік «egov.kz» электронды үкімет, жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы қабылданады. Осыған қоса дәстүрлі түрде де, яғни қағаз нұсқада да 1 сәуір мен 31 тамыз аралығында тапсыруға болады.
Қазақстан азаматтары Жалпы білім беретін орта мектепке қабылдауға төмендегі құжаттарды өткізуі қажет:
1) ата-ананың немесе заңды өкілінің өтініші;
2) №065-у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама және №052-2/у нысанындағы баланың денсаулық паспорты;
3) өлшемі 3х4 см сурет (2 дана).
Шетел азаматтары мектепке құжат тапсыру үшін өзі, яғни білім ұясына баратын баланың ата-анасы немесе басқа заңды өкілі Қазақстанда уақытша я тұрақты тұруы керек. Шетелдіктер мектепке Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығы туралы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы құжаттарды ұсынуы керек.
Өтініш демалыс және мереке күндерді қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады. Осы ретте министрлік құжат тапсыруды соңғы күндерге қалдырмай, ата-аналарды баласын мектепке беруді алдын ала ойластыруға шақырды.