• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Сәуір, 2025

Жеке инвестицияға салынған екі зауыт

61 рет
көрсетілді

Биыл өңірде құрылыс материалы мен өнеркәсіптік аккумулятор шығаратын жаңа зауыттар іске қосылады. Екеуіне де жеке инвестиция салынған. Қазір жабдықтарды монтаждау жүр­гі­зіліп жатқан, өнеркәсіптік аккумулятор шы­ға­ратын «Қайнар-АКБ» ЖШС II тоқсанда іске қосылады.

«Бірінші кезең іске қосылған соң зауыт жылына 100 мың өнеркәсіптік аккумулятор шығара бастайды. Толық қуаты – 200 мың аккумулятор. Қазір 150 тұрақты жұмыс орны құрылған, келешекте оның саны 300-ге жетпек. Бүгінде 10 млрд теңге инвестиция тартылды. Кәсіпорын экспортқа бағдарланған. Сон­дықтан өнімдер ел ішіне ғана емес, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Әзер­байжан, Ресейге де жеткізіледі», дейді кәсіпорын­ның бас директоры Ербол Әжмағамбетов.

«Талдықорған» индустриялық айма­ғын­да орналасқан автоклавты қатайтатын газбетон блоктарын шығаратын кәсіпорын­­ның өндірістік қуаты – жылына 150 мың текше метр. Мамырдың аяғы мен маусымның басында іске қосылады деп жоспарланған.

«Қараусыз қалған ғимаратты сатып алып, реконструкция жүргіздік. Қазір қажетті жаб­­дықтар орнатылуда. Өңірде кірпіштің осы түрлерін өндіретін кәсіпорын жоқ. Біз жер­­гі­лік­ті шикізатты қолданамыз. Негізі­нен да­йын өнімді облыс аумағында сатамыз. Зауыт ғимаратынан басқа кеңсеміз, қызметкерлерге арналған асханасы бар жатақханамыз  бар. Қазір 30 адам жұмыс істейді. Зауыт іске қосылғаннан кейін жұмыс орыны саны 70-ке дейін ұлғаяды», дейді «Стальбетон» ЖШС коммерциялық директоры Динара Орынбасар.

Кәсіпорында жұмысшылар – айына 300-350 мың теңге, бас энергетик 1 млн теңгеге дейін жалақы алады. Жобаға 3 млрд теңгеден астам инвестиция құйылған. Болашақта мемлекет тарапынан қолдау алып, құ­ры­лыс­қа қажетті құрғақ қоспамен эмульсия шы­ға­ра­тын зауыт ашу жоспарда бар.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуын­ша, зауыт ғимаратына дейін инженерлік инфрақұрылымды жүргізу мәселесінде қолдау көрсетіледі. Әкімдік мәліметінше, аймақта 565 өнеркәсіп орны жұмыс істейді, оның 14-і – ірі, 11-і – орта кәсіпорын. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2025 жылғы қаңтар-ақпан айларында 54,5 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 120,9%-ға жеткен.

 

Жетісу облысы