Тақыр даланың тамырына қан жүгіртіп, жайқалтып егін егіп, шалғайдағы Алтынсарин ауылының ажарын кіргізіп отырған даңқты диқан, Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князевтің есімі бүгінде ерекше құрметпен аталады.
Борис Павлович іргесін қалаған «Алтынсарин» шаруашылығы бүгінде 120 мың гектар алқапқа дәнді, майлы дақыл егіп, 5 мыңнан астам мал өсіреді. Алпауыт серіктестікте 700-ден астам адам еңбек етіп жатыр.
«Шаруашылықта жұмыс істейтін 730 адамның әрқайсысының отбасы, бала-шағасы бар. Осының бәрін ескерсек, 4 мыңға жуық адамның тағдыры біздің серіктестікпен сабақтас деп айтуға болады. Мен сол адамдардың еңбегін ақтап, тұрмысының түзу болуын ойлауым керек», дейді шаруашылық басшысы.
«Алтынсарин» серіктестігі көп жылдан бері ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға да ерен күш жұмсап, аядай ғана ауылдың берекелі тіршілігіне ұйытқы болып келеді. Аталған серіктестік өз жұмыскерлерінің жыл сайынғы жемшөп, отын-суын тегін түсіріп береді. Ауылдағы тұрғын үй мәселесі де оң шешім тауып, жылына кем дегенде бірнеше жас отбасына баспана беріледі. Алтынсарин ауылында өткен жылы бой көтерген 6 үйдің әрқайсысы 25 млн теңге тұрады. Әрқайсысының ауданы 124 шаршы метр болатын жаңа үйдің бірінде Наиль мен Лиана Баязитовтер тұрып жатыр. Жас отбасы екі бала тәрбиелеп отыр. Наиль «Алтынсарин» серіктестігіне қарасты 1-бригаданың механизаторы болып жұмыс істейді. Лиана – география пәнінің мұғалімі.
«Тұрмысымыз жақсы. Өткен жылы серіктестік басшысы тегін баспана берді. Үш бөлмелі кең үйіміз – осы. Газ, су келіп тұр», дейді Лиана.
Мектебі жоқ ауылдың келешегі болмайды. Сондықтан Борис Князев алдымен мектеп пен балабақшаны қолға алды. Кеңес уақыты кезінен жүдеп тұрған мектепті, «Қарлығаш» балабақшасын күрделі жөндеуден өткізді. Ауыл клубын да қайта жаңғыртып, жастардың рухани орталығын ашты. Клубқа арнайы мамандарды шақыртып, көркемөнерпаздар ансамблінің, түрлі бағыттағы спорт үйірмелерінің іске қосылуына мұрындық болды.
Алтынсарин ауылының бүгінгі келбетін көрген адам қалаға бергісіз екен деп таңдай қағатыны анық. Жазда түп-түзу тал-терегі, әсем гүлзарлары ерекше көз тартатын ауыл орталығында бірнеше субұрқақ атқылап тұрады. Жазғы демалысқа шыққан балалардың ауылдың қақ ортасындағы бассейнге түсіп, жасыл газон төселген стадионда доп қуып жүргені. Шаруашылық өз қаржысына еңселі спорт кешенін де салып қойған.
«Шаруашылықтың негізгі міндеті – егін егу, астық өндіру. Дегенмен халықтың әлеуметтік жағдайына да жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек. Спорт кешеніне шаруашылық 100 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсады. Бұл аз қаражат па? Есесіне қазір кешен ауылдастардың игілігіне, жастардың, балалардың сүйікті орнына айналды. Ішінде себезгі дейсіз бе, тренажер дейсіз бе – спортқа керектің бәрі бар. Волейбол, баскетбол, күрес залдарында жарыс қызып жатады. Тіпті командаларға бұрын сыртқа шыға қоймайтын үй шаруасындағы әйелдерді де қосып алған. Қызықтың бәрі сонда», дейді Борис Павлович.
Басқасын айтпағанда, Алтынсарин ауылында көне машина-тракторлардың музейі бар. Өткен ғасырдың ортасында құрылған Алтынсарин атындағы кеңшар, одан бергі уақытта шаруашылық пайдаланған техниканың неше түрін осы музейден табасыз. Музейде егіншілік тарихына қатысты 50 шақты ескі техника тұр. Жәдігер техникалардың ең көнесі – астықты өңірде Екінші дүниежүзілік соғыстан бұрынғы кезеңде жүрген машиналар. Сонымен қатар Қамысты өңірінің қилы тарихына, соғыс, тың көтеру, Тәуелсіздіктің бастау кезеңдеріне қатысты, жергілікті әр алуан ұлттың дәстүр-салты, еңбек майталмандары, ауылы үлгі тұтқан адамдар туралы деректер мол. Музей жәдігерлерінің бәрі тек осы ауылдан жиналған.
Борис Князевтің өңір руханиятының жанашыры екенін де айтпай кетуге болмас. Кәсіпкер ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин Торғайда ашқан тұңғыш мектептің 150 жылдық мерекесіне орай білім ұясына 2 миллион теңге тұратын телескоп сыйлады.
«Шаруашылықты қайта тіркеткенде атауын өзгертпей, сол күйде қалдырдым. Алтынсарин атында аудан, мектеп, институт, көше тағы басқалары болған соң, «Алтынсарино» деп атағанды жөн көрдім. Мен Ыбырай есімін ерекше құрметтеймін. Алтынсариннің халқы үшін істеген еңбегінің барлығына қанықтым, қайран қалдым. Ыбырай 19-20 жасында мектеп ашып, алфавит тізіп, кітап жазды. Бұл оның жасы үшін өте үлкен іс еді. Ыбырай ағартушының осыдан бір жарым ғасыр бұрын бастаған ісі бүгін де маңызын жойған жоқ. Алтынсариннің көрген бейнеті де аз болмаған. Ол тек қазақ балаларын ғана емес, орыс балалары үшін де мектеп ашты. Ұлы адамдар барлығына ортақ болады», дейді Борис Павлович.
Қостанай облысы