• RUB:
    6.34
  • USD:
    510.58
  • EUR:
    571.8
Басты сайтқа өту
Дін 01 Наурыз, 2025

Қасиетті Рамазан айы құтты болсын!

100 рет
көрсетілді

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаға тән! Ардақты Пайғамбарымызға Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Қадірлі отандастар!

Сіздерді исі мұсылман баласы асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бірлік пен береке, бақыт пен шаттық тілеймін! Рамазан айы құтты болсын!

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе дейінгі қауымдарға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп баяндайды. Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінге қалдыруына болады. Бұған шариғатымыз рұқсат береді.

Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген қасиетті ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті ауыз бекіткен адамға берілетін сый мен са­уап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де беймәлім. Аштық пен шөлге төзіп, Алла разылығын алуды шынайы ниет еткен адамға ықыласына қарай мол сауап беріледі. Алла Тағала құдси хадис­те: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Ораза құлымның аштық пен шөлдеу себепті аузынан шыққан иісі Мен үшін мисктен (әтірден) де қайырлы», деген.

Шарапаты мол айда са­уап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жарату­шы­ның разы­лығын алуға асық­қан абзал. Пенденің осы ай­да ұстаған оразасы, Аллаға ұнамды барлық құлшы­лығы, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, сауапты амалдары еселеніп жазылады.

Ораза – күндіз ішіп-жеуден өзін шек­теу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар өзіне дөрекілік көрсеткен кейбір кісілерге «Мен оразамын», деген бірауыз сөзбен көркем мінездің керемет үлгісін көрсетеді. Нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.

Денсаулығына байланыс­ты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауыз­ашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» деген.

Осы ретте барша отан­дастарымды Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайы­рымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауыз­ашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық. 

Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауап­ты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тіле­гімізді жеткіземіз.

Рақым айы – Рамазан құт­ты болсын! Қасиетті айда ұста­ған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғиба­дат­тарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға аман­дық, жұмысымызға береке нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай! Әумин!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти