Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Абай облыстық мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты.
Депутаттарға Мемлекет басшысының Абай облысының әкімі лауазымына екі кандидатты – Президент кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мен Абай облысы Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдіралиевті ұсыну туралы хаты оқылды.
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 126 депутаттың 102-сі Берік Уәлидің кандидатурасына дауыс берді. Болат Әбдіралиевтің кандидатурасын 24 депутат жақтады. Президенттің тиісті Жарлығымен Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалды.
Облыс активімен кездесуде Премьер-министр өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін Нұрлан Ұранхаевқа алғыс білдірді. Олжас Бектенов облыстың жаңа әкімі Берік Уәлиді таныстырды. Өңір басшылығы алдына Президент экономиканы әртараптандыруға және инвестициялық ахуалды жақсартуға баса назар аудара отырып, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту жөнінде ауқымды міндеттер қойғаны атап өтілді. Алакөл көлінің, өңірдегі тарихи және мәдени орындардың әлеуетін аша отырып, туризм саласына ерекше көңіл бөлу қажет.
Абай облысы Ресей және Қытаймен шектеседі, халықаралық транзиттік сауда торабы саналады, сондықтан қолда бар транзиттік әлеуетті барынша пайдалану қажет. Аягөз-Тачэн бағытындағы теміржол және «Бақты» құрғақ порты құрылысы бойынша маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелерін бақылауда ұстау тапсырылды.
Сондай-ақ өңір халқын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың маңыздылығы атап өтілді.
* * *
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Шығыс Қазақстан облысы мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты.
Жиналыс барысында депутаттарға Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына екі кандидат – ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен ШҚО Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосыновты ұсыну туралы хаты оқылды.
Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша депутаттар Нұрымбет Сақтағановтың кандидатурасын қолдады, оған 148 депутаттың 104-і дауыс берді, Арман Бекбосыновты 41 депутат жақтады.
Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановты тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Облыс активімен кездесуде Олжас Бектенов Ермек Көшербаевқа нәтижелі жұмысы мен өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Кейінгі жылдары Шығыс Қазақстан облысына шамамен 1,5 трлн теңге инвестиция тартылғаны атап өтілді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Облыста инфрақұрылымдық және әлеуметтік жаңа нысандар іске қосылды.
Жаңа әкімді таныстырған Премьер-министр Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстан облысы басшылығы алдына қойған міндеттерге тоқталды. Іске асыру халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, өңір экономикасының дамуына серпін беретін перспективалы бағыттар айқындалды. Басым жобалар қатарына шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, цифрлық шешімдерді енгізу жатады. Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын күшейтудің маңыздылығы атап өтілді.
Табиғи демалыс аймақтары мен тарихи-мәдени орындарды дамыту арқылы туристік әлеуетті ашуға ерекше назар аударылды. Бұқтырма су қоймасы арқылы еліміздегі ең ірі көпірдің ашылуы, Катонқарағай және Зайсан курорттық аймақтарында әуежайлардың салынуы сала мен жалпы экономиканың дамуына қосымша серпін береді.
Басым міндеттер қатарында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ете отырып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, өнеркәсіпте заманауи технологиялар мен инновациялық тәсілдер қолдану және басқа да мәселелер белгіленген.