• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Көрме 15 Ақпан, 2025

Жарқын достықтың жемісі

237 рет
көрсетілді

Өзге мемлекеттермен рухани-мәдени байланыс орнату – еліміздің дипломатиялық саясатындағы басым бағыттардың бірі. Осы орайда Алматыда Иран Ислам республикасының ұлттық мерекесі атап өтіліп, екі ел достығын көрсететін мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Тағылымды кеште танымдық көрме көпшілік назарына ұсынылып, парсы тіліне аударылған кітаптардың тұсауы кесілді.

Иран Ислам револю­ция­сының 46 жыл­дығы аясында ұйым­дастырылған шараға Қытай, Түркия, Мажарстан, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрік­менстан, Ауғанстан, Тәжікстан елдерінің Бас консулдары, жетек­ші оқу орындарының ғалымда­ры, БҰҰ өкілдері мен зиялы қауым қа­тысты. Кеш шымылдығы дос­тық әрі көршілік тығыз қарым-қатынас орнатқан қос елдің әнұранымен ашылып, Алматы­дағы Иран Бас консулдығы басшы­сы­ның міндетін атқарушы Бахман Ағарази сан саладағы серпінді байланыс Қазақстан мен Иран достығын одан әрі нығайта беретінін жеткізді.

«Екі ел арасындағы ортақ мә­дени мұралар берік қарым-қатынастың өрістеуіне жол ашып келеді.  Халықаралық қауым­дастықпен, әсіресе Орталық Азиядағы көршілес елдермен тиімді ынтымақтастық орнату біз үшін маңызды. Кейінгі жылдары мәдени байланыс­тар ғана емес, экономикалық сауда қатынастары да едәуір ұлғай­ғанына куә болып отырмыз. Екіжақты тауар айналымы статистикасына сәйкес, Иран мен Қазақстан арасындағы сауда көлемі былтыр 342 млн долларға жетті. Бұл үрдістің маңызды бө­лігі екі ел үкіметтерінің әріптестік байланысының, өткізілген түр­лі көрмелердің, ресми іс-сапар­лардың арқасында жүзеге асты. Соңғы бірнеше жылда Қазақ­станнан Иранға озық мамандардан құралған делегациялар барып, екі ел кәсіпкерлерінің қаты­на­сын нығайтты. Тараптардың өзара табысуының арқасында көп­теген ирандық компания­ қа­зақстандық нарыққа шы­ғу­ға қызығушылық танытты. Ғы­лым, өнер, мәдениет саласын­да Ал­маты мен Иранның рухани орталықтары жақсы ынты­мақтастық орнатып жатыр. Жуыр­да Ұлттық кітапханада «Иран қазақтары» деп аталған еңбек­тің тұсауы кесілді. Жасанды интел­лект, сандық технология, нано­медицина, биотехнология, аэро­ғарыш өндірісіндегі жетіс­тік­теріміз де қатар ілгерілеп келеді. Бұл жұмыстар тоқтаусыз жалғаса беретініне сенімдімін», деді Бахман Ағарази.

Екі ел достығының жетіс­тік­тері жан-жақты сараланған бас­қосуда Абай мен Фирдоуси өлеңдері оқылып, Иранның дәстүрлі бұйымдары, ұлттық тағамдары, тоқыма, сурет өнері­нің тарихына қатысты тың деректер айтылды. Студенттер парсы шайырларының ән-жырынан шашу шашып, өнерлерін ор­таға салды. Алматыдағы Иран мәдениет орталығының қол­дауы­мен «Отбасы хрестоматиясы» баспасы арқылы парсы тілінен қазақ тіліне  аударылып жарық көрген кітаптардың тұсауы кесілді. Олардың қатарында «Нау­­рызнама», «Ғазалдар», «Бала Мәжиттің хикаялары», «Құс­тар мәжілісі», «Бір беттік кітап», «Иран қазақтары», «Піл тура­лы талас», «Ләйлі Мәжнүн», т.с.с туын­дылар бар. Мамандар Мәде­ниет және ақпарат министр­лігі­нің қолдауымен аударма ісі­нің ауқымы кеңейгенін айтады. Бұ­ған Тегеранда өткен халықаралық кітап көрмесіндегі рухани байланыс серпін берген.

«Иран – біздің Каспий өңірін­дегі тату көршіміз әрі ислам әле­міндегі жарқын серіктесіміз. Екі ел байланысының тамыры тереңде жатыр. Оған біздің халықтардың ортақ тарихы мен мәдениеті куә. 2022 жылы 19 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тегеран­ға жасаған ресми сапары екі ел арасында елеу­лі табысқа жол ашты. Осы жылдың қаңта­рында Иран­ның бірінші вице-прези­­денті Мохаммад-Реза Ареф Алматы қаласында өткен  Еуразия­лық үкіметаралық кеңесінің отырысына қатысты. 18-19 ақпанда Те­ге­ранда өтетін Каспий маңы елдерінің экономикалық форумына Қазақстан үкіметінің басшысы қатысады деп жос­парла­нып отыр. Бұл сапар көпжақ­ты ық­палдастыққа тың серпін беріп, сауда-экономикалық қаты­нас­тарды одан әрі тереңдетуге жаңа мүмкіндіктер ашады», дейді Сыртқы істер министрлігінің өкілі Жәнібек Әбдірашев. Шара соңында қонақтар Иран­ның ғылыми және туристік әлеуетінен сыр шертетін көр­мені тамашалап, естелік суретке түсті. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі­нің өкілі Жәні­бек Әбдірашевқа, Иран Бас кон­сулдығы басшысы­ның міндетін атқарушы Бахман Ағаразиге, аудар­машы Гаухар Омархановаға Иран мәдениет орталығының Алғысхаттары табысталды.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар