Балалар хирургиясы, педиатрия, травматология, анестезиология салаларының негізін қалаған медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Камал Сәруәрұлы Ормантаев бақиға озды. Бұл ұлттық медицинаның тұтас бір дәуірі көшіп бара жатқандай әсер қалдырды...
Ғалымның балалар хирургиясының, оның ішінде нәрестелер хирургиясының негізін қалауға сіңірген еңбегі өлшеусіз. Осы салада алғашқы ғылым докторы атанып, саланы тәжірибеде ғана емес, ғылыми тұрғыда зерттеп, өркендеу жолына бағыттай білді. Нәрестелер хирургиясы түсінігінің қалыптасуына ықпал еткен профессор балалар хирургиясы кафедрасын жеке бөліп шығарып, шағын бір курстың үлкен бағытқа айналуына аянбай тер төкті. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы басшылығында ұйымдастыру ісі мен тәжірибені қатар ала жүріп, білікті шәкірттер тәрбиеледі. Ұстаз салған сүрлеумен көптеген шәкірті ғылым соқпағына түсті. Ғылыми педиатр балалар хирургиясы, анестезиология-реаниматология, ортопед-травматолог мектебінің негізін қалады. Егемендік алған жылдардан бастап медицина, соның ішінде балалар хирургиясы іс-қағаздары мен ғылымын мемлекеттік тілде жүргізуге белсене кірісті.
Барлық салада жақсы маман болып қалыптасу үшін білікті ұстаз керек. Ал ұстаз жауапты шәкірт даярлауда зор жауапкершілік жүгін арқалайтыны заңдылық. Бүгінде отандық сала мамандарын алыс-жақын шетел – Камал Ормантаевтың шәкірттері ретінде таниды. Өз ісінде ардан таймаған, қолы алтын ардақты ұстаздың артында қалған мол мұрасы, айтулы еңбектері әлі де ұзақ жыл ұлт медицина саласының дамуына азық болатыны сөзсіз.
Асылжан ЕРЕКЕШОВ,
«Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы орталығы» АҚ
басқарма төрағасының орынбасары