• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Тағзым 14 Ақпан, 2025

Бақұл болыңыз, дара дәрігер!

61 рет
көрсетілді

Еліміздегі балалар хирур­гиясының негізін қалаған көр­некті академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Камал Сәруәрұлы Ормантаев 89 жасқа ­қа­раған шағында дүниеден озды.

Жоғары білікті дәрігер бар ­саналы ғұмырын отандық балалар хирургиясын қалыптасты­рып дамытуға арнады. Осы саланы жоғары деңгейге көтерді. Елеулі ғылыми жаңалық ашты. Айталық, балалардың бассүйегі мен миы зақымданғанда қол­данылатын емдеу әдісін же­тіл­діріп, оның патогенезін анық­тауда кешенді нәтижеге қол жет­кізді. Бассүйек пен миға жасалатын операцияның жаңа 5 әдісін тәжірибеге енгізді. Химиялық жолмен болатын өңеш күйі­гін зерттеп, оны емдеудің 6 әдісін тапты. Іріңді перитонит пен жедел гематогенді остеомиелит болған жағдайда іріңді іш қуы­сы­нан түтік арқылы шығару­дың бірнеше тәсілін ұсынды. Сондай-ақ Камал Ормантаев еліміздегі анестезиолог-реа­ни­матологтерінің, ортопед-трав­матологтерінің ғылыми мек­тебінің негізін қалады. Біре­гей хирург балалардың көкірек қуы­сы, өкпе, өңеш, құрсақ қуысы, бассүйек пен бүйрек мүшеле­рі­не, бас-аяғы 24 мыңға жуық күрделі ота жасаған. Қыс­қасы, қаншама баланы ажалдан арашалап қалған.

Сонымен қатар Камал Сәруәр­ұлы Қазақ ұлттық медици­на университетінде 1968 жылдан 2012 жылға дейін балалар хирургиясы кафедрасын басқар­ды. Академик ғылым жолында жүздеген шәкірт тәрбиелеп, отандық медицинаның дамуына зор үлес қосты. Ғалым – 320-дан аса ғылыми мақаланың, 9 монографияның авторы. Ел алдындағы еңбегі үшін мем­лекеттік бірнеше орден-медальмен ­марапатталды.

Шын мәнінде, Камал Орман­таев тек ғалым, дәрігер ғана емес, қоғам қайраткері еді. Ол меди­цинаның абыз ақсақалы деңгейіне көтерілді. Тәуелсіздік жылдары ұлт мүддесі жолында басын бәйгеге тігіп, қаншама батыл бастамаларды іске асырды. Мұндай айтулы тұлғаның есімі ешқашан ұмытылмайды. Бақұл болыңыз, біртуар хирург!

Соңғы жаңалықтар