26-27 ақпан күндері Үндістанның Дели қаласында қазақ күресінен әлем чемпионаты түңлігін түреді. Qazaq Kuresi қауымдастығы ұйымдастыратын әлем чемпионатының демеушілері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен Sport Qory.
Дүниежүзілік додаға 20-дан астам елдің балуандары қатысуға өтініш берген. Дели төрінде Әзербайжан, Аргентина, Бразилия, Эстония, Грузия, Нидерланд, Иран, Италия, Жапония, Қырғызстан, Молдова, Мексика, Моңғолия, Польша, Сербия, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан елінің балуандары белдеседі. Ерлер мен әйелдер арасындағы бәсеке 16 салмақ дәрежесінде өтеді.
Ғани Келдіқұлов баптайтын балуандар Үндістанға дейінгі оқу-жаттығу жиынын Алматы қаласында өткізеді. Ұлттық құрама командасының сапында Бекжан Төлепов, Жұмажан Қожамбеков, Ерсұлтан Мұзаппаров, Нұрдәулет Жарылғапов, Зарина Сарипова, Рауза Нұрмахамметова, Роза Нысантайқызы сынды балуандар бар.