• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Спорт 28 Қаңтар, 2025

Жеңіл атлетикадан әлемдік сайыс басталды

57 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев II Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prizes сайысының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Халықаралық бәсеке Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде өтіп жатыр. Бұл дүбірлі дода жеңіл атлетикадан ғимарат ішіндегі әлемдік турдың бір кезеңі екенін атап өткен жөн.

Палата спикері спортшыларға ілтипат білдіре келіп, Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prizes жарысымен World Athletics Indoor Tour Gold сайыстар сериясының биылғы кезеңі басталатынын атап өтті. Іргелі турнирдің өзге кезеңдері Сербия, АҚШ, Чехия, Германия, Франция, Польша, Испания сияқты елдердегі тоғыз қалада өткізіледі. Әлемдегі ең үздік жеңіл атлеттер бақ сынайтын бұл бәсекені нағыз спорт мерекесі деуге толық негіз бар.

Сонымен қатар М.Әшімбаев әйгілі чемпиондар мен келешегі зор жас талант­тар қатысып жатқан мұндай додада алдыңғы буынды ұлықтау сабақтас­тықтың символы екенін тілге тиек етті. Ол мұндай қадам спортты әлемдік деңгейде дәріптеуге айтарлықтай ықпал ететініне және жас буынды үлкен мақсаттарға жетелеп, ынталандыра түсетініне назар аударды. Сондай-ақ Сенат төрағасы Қазақстанда бұқаралық спортты дамытуға Мемлекет басшысы баса мән беріп отырғанын айтты.

«Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде кәсіпқой, әуесқой, бұқаралық және инклюзивті спорт түрлерін дамыту жолында маңызды жобалар іске асырылып жатыр. Қазақстанда Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prizes сияқты халықаралық беделді сайыстарды өткізу сол кешенді жұмыстың нақты нәтижесі екені сөзсіз. Аталған жарыс әйгілі желаяқ, білікті бапкер, отандық және әлемдік жеңіл атлетика тарихында ерекше орын алатын даңқты спортшы Әмин Тұяқов жүлдесіне арналып отыр. Осы кезеңмен әлемдегі ең үздік жеңіл атлеттер сынға түсетін World Athletics Indoor Tour Gold 2025 сайыстар сериясы басталады. Қатысушылар арасында Олимпиада және әлем чемпиондары бар. Сондықтан осындай байрақты бәсекеге қазақстандық спортшылардың да қатысуы – біз үшін зор мақтаныш. Алдағы уақытта бұл халықаралық турнир Қазақстанда жеңіл атлетиканың дамуына тың серпін береді деп сенеміз», деп М.Әшімбаев ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Жарыстың ашылу рәсіміне Туризм және спорт министрі Ербол Мырза­босынов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, еңбек сіңірген спорт шебері, Еуропа чемпионы, Еуропа Кубогінің иегері және көптеген дүбірлі додаларда топ жарған ардагер спортшы Әмин Тұяқов, сондай-ақ Жеңіл атлетика феде­ра­циясының президенті, Олимпиа­да чем­пионы Ольга Рыпакова қатысты. Бә­секеге 40 елден келген 110 спорт­шы қа­ты­­сып жатыр. Турнирде ел намысын 44 ат­­леті­міз қорғайды. Олардың қатарында ұлт­­тық құраманың көшбасшылары да бар.

Бағдарламаға сәйкес әйелдер – жеті (60 м, ке­дер­гілер арқылы 60 м, 400 м, 3000 м, биік­тікке секіру, үш қарғып секіру, ядро лақтыру), ал ерлер алты са­йыс бо­йын­ша (60 м, кедергілер арқылы 60 м, 400 м, 1500 м, биіктікке секіру, ұзын­­дыққа секіру) өзара мықтыны анықтайды.