Оқу-ағарту министрлігі Денсаулық сақтау министрлігі, облыстық білім басқармалары және «Атамекен» ҰКП өкілдерімен бірлесіп, білім ұйымдарындағы тамақтану сапасын талқылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бері бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті тамақтану сапасын арттыру мақсатында былтыр тамақтану нормаларын қайта қарап, асхана қызметкерлеріне қойылатын талапты күшейтті. Жеткізушілерге СЭС қорытындысын алу міндеттелді. Тегін тамақ алушылардың есебі автоматтандырылды. Мектептерде тамақтану сапасын күнделікті бақылауға бракераждық комиссиялардың жұмысы міндеттелді. Бұған қоса, барлық өңірде ата-аналар, қоғамдық ұйым өкілдері және мәслихат депутаттарының қатысуымен ведомствоаралық сараптамалық комиссиялар арқылы қоғамдық бақылау ұйымдастырылды.
Жалпы, тамақтануды жүйелі түрде ұйымдастыру сапасын мемлекеттік бақылауды Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері қамтамасыз етеді. Қазір білім ұйымдарындағы тамақтану стандартының жобасын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізіліп отыр.
Жиын барысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев уәкілетті мемлекеттік органдарға бракераждық және ведомствоаралық комиссиялардың құрамын жаңартып, оларға өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдерін енгізуді, комиссиялардың жұмыс алгоритмін жаңарту, сондай-ақ барлық үдеріске қатысушылардың мониторинг жұмыстары мен бақылауын күшейту тапсырды. Талаптар жүйелі түрде бұзылса, жергілікті билік органдарына қызмет көрсетушілермен келісімшарттарды біржақты тәртіппен бұзу құқығы беріледі.
Бүгінгі таңда елімізде 1,7 миллионнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден 192 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
Айта кетейік, өткен жыл соңында Президент Білім және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Осыған орай енді жекеменшік мектептердің 1-4 сынып оқушыларына да тегін ыстық тамақ беріледі. Жаңа бастама 25 мыңнан астам баланы қамтиды. Оған мемлекет қосымша 12 миллиард теңге бөлді.
Қайсар Құсайын