• RUB:
    4.86
  • USD:
    441.58
  • EUR:
    480
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Сәуір, 2023

Жапон тұтқындарын зерттеуші

429 рет
көрсетілді

1992 жылы елімізге қонаққа келген жапон принці Такемура Қазақстан Президентінен жапон тұтқындарының Қазақ даласында қалған қабірлері туралы деректерді сұрайды. Сол кезде әскери тарихшы Асқан­бек Сапарұлын кездесуге шақырады. Тарихшы Жапон елінің Қазақ топы­рағындағы әскери тұтқындарының қабірін іздестіріп тауып беруге сөз береді. Соғыс ардагері, әскери тарихшы Асқанбек Сапарұлы «Қазақ жеріндегі жапон бейіттері» атты кітап жазып, жапон елінің зиялылары мен туыс-туғандарының қабірін іздеп әлекке түскен жапондықтарға үміт отын сыйлап еді.

Біз бас сұқ­қан Алматы қаласының Мемлекеттік архивінің жеке қорлар және құжаттық топтамалар бөліміндегі 419 қор тізімінде әскери тарихшы Асқанбек Сапарұлы Алданазаровтың архивке тапсырған материалдары сақтаулы тұр. Ол – алтын сәулелі күншығыс орде­ні­мен марапатталған Орталық Азия­дағы тұңғыш адам.

Жер-жаһанға уытын жайған сұрапыл соғыс Асқанбек Алданазаровты да ай­на­­лып өткен жоқ. 1942 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталарда Асқанбек Сапарұлының 6 жылдық білімі бар еді. Ол соғыс жолдарын Сталинградтан Потсдам­ға дейінгі аралықта өткізіп, де­не­сінің 11 жерінен жарақат алды. Со­­ғыс аяқталған соң ол Ленинград уни­вер­си­тетінің тарих факультетінде жоға­ры білім алады. Одан соң Жоғары офи­­цер­лік мектебін әскери мамандығы бо­йын­ша бітіріп, зымырандар бөлімінде әс­кери қызметте болып, зымырандар бри­­гадасының командирі қызметін атқа­рады.

1968 жылы денсаулығына бай­ла­­ныс­ты­ запасқа шығып, медицина­ инс­­­титутын­да оқытушылық қыз­ме­ті­­мен қатар Қазақ мемлекеттік уни­вер­­­­ситеті тарих факультеті сырттай бөлі­­мінің дека­ны қызметін атқарады. А.Алданазаров қызметінің елеулі бөлігін жапон тұтқындарының қабірін зерттеуге арнады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңес одағының тұтқынында болған 600 мың жапонның 58 мың 900-і Қазақстан аумағына жіберіліпті. Күншығыс елі тұтқындарының қай жерде, қай мекенде, қалай жерленгенін зерттеген бірден-бір ғалым, тарихшы біздің кейіпкеріміз –Асқанбек Алданазаров.

1994 жылы сәуір айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға сапарлай барғанда Асқанбек Са­пар­ұлының кітабын сол кездегі премьер-министр Косокаваға сыйға тартады. Дәм-тұзы қазақ даласында таусылып, осында жерленген жапон әскери тұтқындарының зираты олардың туыс-туғандары мен бауырластары үшін құнды дерек көзіне айналады. Күн-түн демей зерттеудің арқасында Қазақстанның 11 облысынан жапон тұтқындарының 58 900 қабірі табылды. Тұтқындардың ең көп жерленген өңірі – Қарағанды облысының Спасск қаласы екен. Ол жерде 245 жапон­­ тұтқынының сүйегі жатыр. Қа­­бір­­дегі адамдар үш қабат бойынша жерле­ніпті. Ең астында ату жазасына ке­сілген бай-кулактар, оның үстінде халық жаулары, жоғары қабатта әскери тұтқындар. Зерттеу барысында аты-жөн­дерін қалпына келтіріп, анықтау үшін Асқанбек Сапарұлы Мәскеудің Пре­зиденттік мұрағатында арнаулы зерт­теу жүргізеді.        

Осындай ыждағаттылықтың арқасын­да Асқанбек Сапарұлы берген уағ­дасын орындап, өз міндетін адал ат­қарады. Оның «Естелік кітабы» жапондық­тардың қолына тиісімен ондағы жұрт бірі атасының, енді бірі әкесінің, ағасының мүрдесін қазақ даласынан іздеп, сұрау сала бастайды. Осылардың бәріне жөн сілтеп, жол көрсеткен де Асқанбек Ал­даназаровтың өзі болды. Ол сол кездегі жапон императорының жарлығы бойын­ша атаулы орденмен марапатталды. Төккен тері текке кетпегені осы шығар.

Сонымен қатар ол ел терри­тория­сын­дағы поляк әскерлерінің жерленген орын­дарын анықтап, Польша елінде жерлен­ген Қазақстанның 133 жа­уын­ге­рінің қабірін де табады. Бұл да –  Асқанбек Сапарұлының әскери тарихшы­ ретінде еліне қосқан үлесінің бір пара­сы.­ Соғыс кімдердің жүрегіне жара сал­мады дейсіз. Ал алыста, айдалада, жат­ жерде сүйегі қалған боздақтардың қабірін тапқан кісіге көрсетілген құрмет те шексіз болса керек.