07 Қыркүйек, 2010

Апта айшықтары

472 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
АУЫЛДАҒЫ  ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ “Жол картасы” мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақжар ауданы Кеңащы ауылында  мәдениет үйі бой көтерді. Оның құрылыс жұмыстарына 11 миллион теңге жұмсалды. Жастардың  кешкі демалыс орнының ашылуына аудан әкімі  Ағзам Тастеміров қатысып, музыкалық орталық тарту етті. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Дидар Малаев он домбыра сыйлады. Бүгінде шалғайдағы елді мекенде білім үйі, байланыс бөлімшесі, медициналық пункт көпшілікке қызмет көрсетеді. Таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Енді, міне ауыл жастарының көптен бергі  тілегі  орындалып, бос уақыттарын көңілді де мазмұнды өткізетін болды. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы. * * * АБАЙДЫ БӘРІ ОҚИДЫ, БІЛЕДІ Өткен аптада Білім күні мерекесімен қатар, мемлекеттік тілді насихаттау шаралары жалғасып жатты. Облыс орталығында  өзге ұлт өкілдері арасында Абай шығармаларын оқу байқауы өтті. Оған облыс аудандары мен қалаларынан 12 талапкер қатысты. Олар Абай өлеңдері мен қарасөздерін және М.Әуезовтің “Абай жолы” романынан үзінділер оқыды. Онда жүлделі орынды алғандардың барлығы да тілдік орта жұтаң өңірден келгендер еді. Мысалы, қазағы санаулы Денисов ауданынан келген Марина Ткачева бірінші жүлдені жеңіп алды. Ал Қостанай мен Рудный қалаларынан қатысқан Ольга Деденко мен  Виктория Соботаж екінші, үшінші орынды бөлісті. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. ҚОСТАНАЙ. *** ҮЗДІК ТАУАРЛАР БӘСЕКЕСІ Осымен бірнеше жыл қатарынан облыс кәсіпорындары өздері жасап шығарған өнімдерінің көрмесін өткізіп келеді. Өткен аптада облыс орталығында  сол дәстүрге сай үздік тауарлар байқауы ұйымдасты­рылды. Ал, жалпы, көрмені жыл сайын бақылап жүрген сарапшылар тұтынушы көңілінен шығатындай сапалы  өнімдердің көбейіп келе жатқанын көрді. Биыл “Сүт”, “Роса”, “Азор”,“Агромир”,  “Крендель” сияқты облыс­тың 34-ке жуық кәсіпорны көрмеге қатысты. Ет, сүт өнімдерін өндіретін Успен ауданынан келген “РЭГтайм” шаруа қожалығы да бар. Бәрінің де шығарған өнімдері шеттен келген тауарлардан бір кем емес, сапалы әрі бағасы арзан. Көрмеге қатысушылар дипломдармен марапатталды. Жеңімпаз атанған үздік тауарлар енді Астанада бақ сынайтын болады. Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР. *** ҚОРҒАЛЖЫҢДАҒЫ “ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ” Аудан орталығында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкесінде жұртшылық алғаш рет “Қымызмұрындық” байқауының куәсі болды. Салт-дәстүрімізді жаңғыртқан мерекеге барлық ауылдық округтердің өкілдері қатысты. Жиналған қауым сөрелерге қойылған саумал, құнан, бесті, түнемел, дөнен, сары, жуас, тағы басқа қымыздардан ауыз тиіп, өз бағаларын берді. Қымыз баптаушылар сусынның емдік қасиеті мен құрамы, оның халқымыз үшін алар орны мен маңызы жайлы әңгімеледі. Арнайы комиссияның шешімімен Шалқар, Кеңбидайық, Екпінді ауылдық округтері жүлдегерлер санатынан көрінсе, шалқарлық Қайрат Баймұқанов 5 литр қымызды сіміріп, көпшілік қошеметіне бөленді. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы. *** ЖАПОН МӘДЕНИЕТІНІҢ КҮНІ ӨТКІЗІЛДІ Семей – айшылық алыс жердегі Хиросима және Нагасаки қалаларымен мұңы да, сыры да бір бауырлас қала. Сондықтан да болар, ондағылар полигон тақырыбына арналған Семейдегі шаралардан тыс қалған емес. Жуырда осындағы медицина университетінде “Экология. Радиология. Денсаулық” деген атпен өткізілген халықаралық конференцияға  Жапониядан да өкілдер келді. Осы конференция жұмысы аралығында № 8 балалар үйінде жапон мәдениетінің күні өткізілді. Балалар үйінің жеткіншектері жапон халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына арналған викторина ойынына зор белсенділікпен қатысты. Викторина жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен марапатталды. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. СЕМЕЙ. *** САЯХАТШЫЛАРДЫ ТАРТУ ҮШІН Бүгінде ел-елді тануда, тарихи ескерткіштерімен көзбе-көз танысуда, тұрғылықты халық әдет-ғұрыптарын қызықтауда экотуризмнің мүмкіндігі зор. Осы себепті оны қалаушылар ұлғайып келе жатқандығы мәлім. Бұл саяхат түрін ұнатушылар, әсіресе, жері кең, ұлттық ерекшеліктері сақталған, өсімдіктер, жануарлар дүниесі бай Қазақстан сияқты елдерді көруге құштар. Қарағандыда өткен “Қазақстанда экотуризмді дамыту” тақырыбындағы халықаралық конференцияда осы мәселе жөнінде сөз қозғалды. Оған қатысушылар осы бағытта мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар арасындағы шараларды бірлестіріп, іске асырудың жолдарын талқылады. Айқын НЕСІПБАЙ. ҚАРАҒАНДЫ. *** ҚАЛА МЕРЕКЕСІНЕ АРНАЛҒАН ШАРА Өскеменнің 290 жылдығы қарсаңында теңіз деңгейінен 522 метр биіктікте желбіреген жалауға жылдам жеткен 11 мен 72 жас аралығындағы азаматтар бұл табыстарын туған қалаларының құрметіне арнады. Қала әкімі Ислам Әбішев бұқаралық спорттың дамуына үлес қосып жүрген жаны жайсаң жандарға бағалы сыйлықтар мен грамоталар табыс етті. “Қазақстан” деген жазуы бар алып тудың жанында ескерткіш суретке түсті. Ислам Әлмаханұлы болашақта Абылай кеткен тауының шыңындағы жалау мен бөктерде, “Қазақстан” деген жазуы бар жерде түнде жарық болатынын, тауға шығамын деушілерге автокөлік жолы салынатынын, жаяулар үшін баспалдақтар орнатылатынын айтты. Оңдасын ЕЛУБАЙ ӨСКЕМЕН.