Туризм • Бүгін, 13:48

Премьер-министр: Жедел әрекет ету қызметтері жоғары дайындық режиміне көшірілуі тиіс

1 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов барлық жедел әрекет ету қызметтері жоғары дайындық режиміне көшірілуі тиіс екенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Премьер-министр: Жедел әрекет ету қызметтері жоғары дайындық режиміне көшірілуі тиіс

Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында жазғы туристік маусымдағы қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Биылғы жазғы туристік маусымға жеке тоқталғым келеді. Бірінші кезекте, барлық әкімдіктер мен министрліктер демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша алдын алу шараларын қабылдауы тиіс. Демалушылар үшін курорттық аймақтарды дайындау жұмыстарын ақпараттық тұрғыдан барынша белсенді түрде жариялау қажет. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері мен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүйелі негізде жүргізу керек. Барлық жедел әрекет ету қызметтері жоғары дайындық және мониторинг режиміне көшірілуі тиіс. Бұл жұмысқа волонтерлерді де тартқан жөн», деді Олжас Бектенов.

Оқушылардың дене шынықтыру сабақтары Almaty SuperSki курортында өтеді

Премьер-министр туристер үшін бағыт-бағдар көрсеткіштері, демалыс аймақтарында санитариялық талаптардың сақталуы және жауапты қызметтердің жұмысын үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Барлық демалыс орындарында, саябақтарда және жағажай аймақтарында әртүрлі тілдерде арнайы ақпараттық белгілер, схемалар мен бағыт-бағдар көрсеткіштері орнатылуға тиіс. Әкімдіктер демалыс орындарының меншік иелерімен бірлесіп, тазалық әрі санитариялық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуі қажет. Туристердің қауіпсіз әрі жайлы демалысы осы саланың негізгі стандартына айналуға тиіс. Жедел үйлестіру штабына мұны ерекше бақылауға алуды тапсырамын», деді Үкімет басшысы.

Бұған дейін туризмнің ел экономикасына қосқан үлесі 5 трлн теңгеге жеткенін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар