Фото: Ашық дереккөз
Туристер ағынының өсімі мен заңнамалық өзгерістер
Министрдің айтуынша, экотуризмді дамыту – ведомство жұмысының ең маңызды бағыттарының бірі. Соңғы жылдары еліміздің табиғи аумақтарына келушілер саны айтарлықтай артқан.
«Егер 2024 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға 2,8 млн адам келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,7 млн адамды құрады. Өсім шамамен 900 мың келушіге жетті», деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, бұл көрсеткіштер халықтың табиғат аясындағы демалысты, жаяу маршруттар мен этнотуризмді жиі таңдай бастағанын айғақтайды. Бүгінде ұлттық парктер аумағында 179 туристік маршрут пен 42 экологиялық соқпақ жұмыс істеп тұр.
Саланы дамыту мақсатында заңнамаға да маңызды өзгерістер енгізілген.
«Аталған аумақтардың жерлерін туристік объектілерге инженерлік инфрақұрылымды жобалау, салу және қызмет көрсету үшін, оларды босалқы жерлерге ауыстырмай, беруге мүмкіндік беретін норма 2025 жылғы 26 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді», деді Е. Нысанбаев.
Сондай-ақ биылғы жылдың ақпан айында учаскелерді ұзақ мерзімді пайдалануға берудің үлгілік шарты бекітіліп, барлық 13 ұлттық парк бойынша экотуризмді дамыту тұжырымдамалары әзірленген.
Цифрландыру және «Таза туризм» бағдарламасы
Министрдің айтуынша, жұмыстың ашықтығын арттыру мақсатында саланы цифрландыру шаралары белсенді жүріп жатыр. Қазір 6 ұлттық паркте 14 бақылау-өткізу пункті автоматтандырылса, ағымдағы жылы тағы 11 пункт бойынша жұмыстар жалғасып отыр. Бұған қоса, барлық ұлттық парктер банк сервистері арқылы онлайн төлем жүйесіне қосылып, сайттарға арнайы QR кодтар орналастырылған.
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында «Жасыл Даму» АҚ-мен бірлесіп «Таза туризм» бағдарламасы қолға алынды.
«Оның мақсаты – келушілерде табиғатқа ұқыпты қарау және қалдықтармен дұрыс жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру», деді министр.
Министрдің айтуынша, Шарын және Көлсай көлдеріндегі сәтті пилоттық жобадан кейін бұл бағдарлама Іле-Алатау, Алтын-Емел, Қарқаралы, Сайрам-Өгем, Көкшетау, Баянауыл және Бурабай парктеріне кеңейтілген. Бағдарлама аясында контейнерлер, қоқыс жәшіктері, ақпараттық баннерлер мен фандоматтар орнатылып, келушілерге биоыдырайтын пакеттер таратылып жатыр. Биыл бұл жұмыстар Қатон-Қарағай, Бұйратау, Ұлытау, Жоңғар-Алатау және Тарбағатай парктерінде жалғасын табады.
Өңірлердегі инфрақұрылымдық жобалар
Министрдің айтуынша, жергілікті әкімдіктермен бірлесіп бірнеше ірі инфрақұрылымдық нысандар іске асырылып жатыр:
-
Шығыс Қазақстан облысы: Қатон-Қарағай ұлттық паркіндегі Дарбы өзені арқылы өтетін көпір жөнделді. «Старо-Австрийская» жолының 45 шақырымдық бөлігінің 32,1 шақырымына ағымдағы жөндеу жүргізу үшін жыл сайын 200 млн теңгеге шарт жасалды.
-
Солтүстік Қазақстан облысы: Имантау-Шалқар курорттық аумағына апаратын 17,5 км автожол реконструкцияланды. «Көкшетау» паркінде жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын салу жоспарланып отыр.
-
Алматы облысы: Көлсай көлінің жағалау желісі 130 млн теңгеге абаттандырылды. Саты ауылынан Қайыңды көліне дейінгі 12 км автожолдың құрылысы жүріп жатыр.
Инвестициялық жобалар портфелі және өзекті мәселелер
Министрдің айтуынша, Алматы ұлттық парктер тобының табысты тәжірибесі негізінде 10 өңірде іске асырылатын 23 басым инвестициялық жобадан тұратын портфель қалыптасқан. Жалпы аумағы 108,6 гектарды құрайтын бұл жобаларға тартылатын жеке инвестиция көлемі 31,6 млрд теңгеге бағаланып отыр.
«Жобалар сапалы туристік инфрақұрылымды: маршруттар мен экосоқпақтарды, визит-орталықтарды, эко-қонақүйлерді, глэмпингтерді, кемпингтерді, қазақ ауылдарын және караванинг орындарын құруға бағытталған», деді министр.
Ірі жобалардың қатарында Түркістан облысы Сайрам-Өгем ұлттық паркіндегі Қасқасу (5 млрд теңге) және Сайрамсу (4 млрд теңге) шатқалдарында эко-қонақүйлер салу, Ақмола облысы Зеренді мен Шалқар көлдерінде 8 млрд теңгеге 5 жобаны іске асыру, сондай-ақ Қатон-Қарағайда 4 нысаннан тұратын кластерді іске қосу жоспарланған. Министрдің айтуынша, бұл жобалар сәтті жүзеге асқан жағдайда келушілер ағыны тәулігіне 3 500 адамға дейін артады.
«23 жобаның 8-і бойынша әкімдіктерде жолдар мен электр беру желілерін тартуға қаражат жоқ», деді министр
Инвесторлар дайын болғанымен, базалық инфрақұрылымның жоқтығы жұмысты қиындатып отыр. Бұл мәселе әсіресе «Бұйратау», «Қатон-Қарағай» және «Көкшетау» ұлттық парктерінде қатты байқалады.
Жиынды қорытындылай келе, министр бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен арнайы көшпелі іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланғанын жеткізді.