Аймақтар • Бүгін, 15:04

Қарағандыда әлеуметтік тауарлардың бағасын өсіргендер жазаланды

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысына көтерме тауар жеткізушілер «Milk Group» ЖШС және «Деп Плюс» ЖШС сары майдың сауда үстемесін  22,6% және 26,3%-ға артық қолданғаны анықталды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағандыда әлеуметтік тауарлардың бағасын өсіргендер жазаланды

Сонымен қатар «Сұлтан Камал» ЖШС 2,5% майлылықтағы айранға 43,2%, «Кадомец ЖК» 1-санаттағы тауық жұмыртқасына 25% мөлшерінде, ал «Ер-Ай 2012» ЖШС қарақұмық жармасына белгіленген шекті деңгейден 12% жоғары сауда үстемесін белгілеген.
Өңірге көкөніс өнімдерін жеткізетін «ЖК Надиров» және «ЖК Марш» сауда желілеріне картопты өткізген кезде сауда үстемесін тиісінше 5% және 20%-ға асырған.

Осы заңбұзушылықтардың нәтижесінде Сауда және интеграция министрлігінің Қарағанды облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті аталған субъектілердің барлығын ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Жалпы, облыста мемлекеттік бақылау аясында жыл басынан бері 155 сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 142 субъект әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша сауда үстемесін негізсіз арттырған, 10 жағдайда баға көрсеткіштерінің сәйкес еместігі анықталған, 3 субъект сауда нысандарының жұмыс регламентін сақтамаған.

Нәтижесінде 40 кәсіпкерге ескерту беріліп, 115 кәсіпкерге жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу және өнімсіз делдалдық тізбектерді болдырмау мақсатында облыста делдалдық схемаларды тергеп-тексеру жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істейді.