Саясат • 03 Ақпан, 2023

ЖСДП үміткерлерін анықтады

281 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше елордада Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті. Құрылтайда Парламент Мәжілісінің депутаттығына әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар өкілдерінің квотасы бойынша партия атынан 19 кандидаттың тізімі бекітілді.

ЖСДП үміткерлерін анықтады

Бұдан бөлек, бір мандатты аймақ­тық округтер бойынша 6 кандидат ма­жоритарлық әдіспен ұсынылмақ. Канди­дат­тардың тізімі филиал конференцияларында анықталады. Партия төрағасы Асхат Рахым­жанов кандидаттардың барлығы Қазақ­стан заңнамасындағы талаптарға толық сәйкес келетінін мәлімдеді. «Жуырда ғана қабылданған әйелдер мен жастардан, мүгедектігі бар тұлғалардан тұратын қосымша тізім ұсыну талабын да сақтап отырмыз. Сондай-ақ мажоритарлық жүйе бойынша 6 адам ұсынылады. Ол кандидаттар өз өңірінде айтарлықтай танымал болғандықтан жеңіске үміт арта алады деп ойлаймыз. Қазақстан ауқымды саяси трансформацияларды бастан өткеріп жатыр. Халық үшін маңызды кезеңде елдегі жалғыз оппозициялық партия ретінде бұл саяси додадан шет қала алмаймыз», деді Асхат Рахымжанов.

Құрылтайда партияның сайлауалды бағдарламасын әзірлеу мәселесі пысықталды. Құжатта тұрғындар жиі көтеретін проблемалар, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу жолдары қамтылмақ. Мәселен, партия басшылығы Қазақстандағы басты мәселе адал бизнесті тұншықтыратын, экономиканың дамуына жол бермейтін, халықтың әл-ауқатына кері әсер ететін сыбайлас жемқорлық екенін жиі алға тартады. «Елде бенефициарлары қайта өңдеу салаларын дамытуға мүдделі емес корпоративтік, олигархиялық экономика қалыптасты. Соның салдарынан жекелеген адамдар байып, миллиондаған адам кедейлікте өмір сүріп жатыр. Бұл ретте, жан-жақты тергеу жүргізіп, ұрланған және оффшорларға шығарылған қаржының барлығын қазақстандықтарға қайтару қажет. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде, 90-жылдары көптеген ірі кәсіпорын күлкілі сомаға жекешелендірілді. Осындай компаниялардың акцияларын халыққа өткізу туралы мәселе өте өзекті. Бұған IPO арқылы қол жеткізуге болады. Активтерді ұлттық экономиканың жаңа негізіне айналуға тиіс орта бизнес өкілдері арасында бөлу керек», деп есептейді партия басшылығы.

Тұрғындарды алаңдататын мәселелердің бірі – тығыз құрылыс «жыры». Бұл – тек Астана мен Алматы қаласына емес, еліміздің барлық дерлік қалаларына ортақ мәселе. Оппозициялық партия мүшелерінің пікірінше, тығыз құрылыс қала қасіретіне айналып отыр. Одан бөлек тойымсыз құрылыс салушыларға ең жақсы жер телімдерінің берілетіні тағы бар. Қала берді, әкімдіктер игеруге бас жос­пар бойынша мектеп, балабақша мен ауруханалар салынуға тиіс жерлерді үлестіріп отыр. Салдарынан тұрғындар әлеуметтік инфрақұрылымның жоқтығынан зардап шегеді. Бұл проблема партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылмақ.

Партия басшылығы сыртқы саясат мәсе­лелеріне келгенде Қазақстан әскери блок­тарға қатыспайтын, қолдамайтын мемлекет ретінде берік позициясын сақтауы керек деп есептейді. Бұл – бүгінде орын алып отырған геосаяси жағдайда өте өзекті. Олар­дың пікірінше, басқа мемлекеттер біздің есебімізден байып, адал бәсекелестік шарттарын бұзып, өз өндірушілерінің қызығу­шылықтарын қорғайтын жағдайларда қатаң ойын ережелерін орнату керек. Бұл ретте стратегиялық салаларда Қазақстан протекционизм позициясын ұстануы маңызды. «Алдымен экономика, кейін саясат» стратегия­сы тиімсіз болып шықты. Партиялық-саяси өрісті толыққанды реформалау қажет», деп есептейді партия басшылығы.