Экономика • 24 Қаңтар, 2023

Отандық өнімдер – Alibaba алаңында

189 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда «Экспорттық акселерация-2023» бағдарламасына қатысу, отандық тауар өндірушілерді Alibaba халықаралық электрондық платформасына шығару, сондай-ақ халықаралық сауда іс-шараларына қатысу үшін кәсіпкерлерді іріктеу басталмақ. Жобаларды Сауда және интеграция министрлігі QazTrade-мен бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

Отандық өнімдер – Alibaba алаңында

Биыл «Экспорттық акселерация» бағдар­ла­масы аясында экспорттық әлеуеті жоғары 110 қазақстандық компания іріктел­мек. Бизнес өкілдерінің өтінімдері 2023 жылғы 23 қаңтардан бастап қабылдана бастайды. «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары Әсел Егембердиеваның айтуынша, қаты­су­шы­ларды «экспортқа жаңадан келгендер» және «белсенділер» деп екі топқа бөлу көзделіп отыр.

– «Жаңадан келгендерге» экспортқа шығуға дайындық үшін оқыту шеберлік сыныптары өткізіледі, қадамдық нұсқаулықтар мен ұсынымдар әзірленеді. Сондай-ақ тәжірибелі мамандар өз бизнесіне диагнос­тика жасайды және тауар өндірушілерге ең тиімді өткізу нарығын ұсынады. Дәстүрлі түрде кәсіпкерлер үшін қазақстандық экспорттаушыларды қолдайтын халықаралық консультанттармен, мемлекеттік ведомстволармен кездесулер ұйымдастырылады, – дейді Әсел Егембердиева.

Өз кезегінде жұмыс істеп тұрған экс­порт­таушы компаниялар белсенді В2В келіссөздерге қатыса алады, соның ішінде оларды жүргізу ережелерін үйренеді. Жыл бойы кәсіпкерлер QazTrade сарапшылары мен халықаралық талдаушылардың сүйемелдеуімен іскер серіктестермен кездеседі.

2023 жылы Қазақстанда шығарылған тауарлар үшін басым нарықтардың тізбесі айтарлықтай кеңейді. Ресей, Қытай, Өзбек­стан, Әзербайжан сияқты қазақстандық экспортқа арналған дәстүрлі елдерден басқа отандық тауар өндірушілерге Түркия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Вьетнам нарықтары ұсынылатын болады.

Отандық өндірушілер Alibaba халық­аралық сауда алаңы арқылы да жаңа на­рық­тарды игеруде тегін көмек ала алады. Экспорттаушыларды қолдау шаралары ретінде 70 отандық компанияға осы платформада 1 жыл мерзімге «Gold Supplier» мәртебесі бар аккаунт беріледі. Арнайы өнім берушінің мәртебесі кәсіпкерлерге жаһандық аудиторияға қол жеткізуге және тауарлардың шетелде танылуын арттыруға мүмкіндік сыйлайды.

«Экспорттаушыларды сервистік қолдау шеңберінде 10 елде сауда-экономикалық миссиясын өткізу, бірыңғай ұлттық стенд фор­матында халықаралық көрмелерде экс­порт­тық әлеуетті таныстыру жоспар­лан­ған. Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақстандық кәсіпорындар мен әлеуетті импорттаушылар, трейдерлер мен дистрибьюторлар арасында тікелей байланыс орнату және сауда қатынастарын жандандыру», деп мәлімдеді министрлік.

2022 жылдың қорытындысы бойынша QazTrade бағдарламаларына қатысушылар 700 млн доллардан астам сомаға тауарлар мен қызметтерді жеткізуге ұзақ мерзімді келі­сім­шарттар жасасты. Олардың өнімдері бүгінде Ресей, Қытай және Орталық Азия, Таяу Шығыс елдерінің нарықтарына сәтті экспортталып жатыр.