Экономика • 19 Қаңтар, 2023

Жастардың жанды жері – баспана

495 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Былтыр желтоқсанда Мемле­кет басшысы «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыз­дандыру мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойып, жастардың жас шегі 29 жас­тан 35 жасқа дейін ұлғайтылғаны белгілі. Бұл – жастардың әлеуметтік белсен­ділігін арттыруға әсер етіп, баспа­на сияқты мәселелерді шешуге мүмкіндік бермек.

Әу баста жастар «мұндай өзгерістің не керегі бар?» деп жаңашылдыққа атүсті қарағаны рас. Кезекті өзгерістің бірі деп қабылдап, қолды бір сілтегендер де болды. Жаңа заң жобасында «жастарға тұрғын үйді жеңілдікпен жалға беру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және іске асыру бойын­ша жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейтуге бағыт­талған түзетулер көзделген. Мемлекеттік органдардың мем­лекеттік стратегиялық жоспарлау құжат­­та­ры­на, оның ішінде аймақтарды дамыту бағ­дарламаларына жастармен жұмыс бойынша нақты индикаторлар, бағалау критерийлері және күтілетін нәтижелер енгізіледі» дегенді естіген жастардың баспана алу­ға деген үміт оты қайта жанып, жаңа бағдарламаларды, жаңа өзгерістерді күтіп отырғаны белгілі. Аядай ғана пәтер жеңілдікпен жалға берілсе де оның өзі әжептәуір көмек. Әйтпесе, тапқан табысын жалдамалы пәтерақысына төлеп, үй сатып алуға қаражат жинай алмай жүргендер қаншама?!

Рас, жастардың жанды жері – баспана мәселесі. Осы уақытқа дейін баспана үлестіру бойынша қабылданған бағдарламалар мәселені түпкілікті шеше алмай келеді. «Мемлекеттік бағдар­ламамен үй алдым» деген жас отбасы­ның қуанышының ар жағында үрей бары анық. Ол – денсаулығым сыр бермей, жұмысым тұрақты болып, 25-30 жыл ішінде ипотеканы төлеп құтылсам деген қорқыныш. Қай бағдарламаны алып қарасаңыз да, өміріңнің жартысын ұрлайтын, алаңсыз ұйқыдан айыратын, дүкендегі кір сабынның бағасына дейін назар аудартатын саясатқа құрылған. Бұл – баспаналы болдым деген жастардың басындағы әңгіме. Осыдан кейін үй-күйсіз жүрген жастардың тағдыры айтпаса да түсінікті шығар.

Бағдарламалардың әлегі бір бөлек, үй алуға жұмыссыздық мәселесі, та­быс­­тың төмендігі, несие тарихының бұзы­л­уы сияқты факторлар да кедергі келтіріп отыр. «Төлей алмаса, несиені несіне алады?» деп кінә арта алмайсыз. Тұрмыстың тауқыметін тартқаннан алады да. Әйтпесе, табысы шығындарын жауып, келесі айдың жалақысына дейін жетіп артылса, банктің табалдырығын тоздырып несі бар?! Мұны айтып отырғанымыз, мемлекет қанша жерден бағдарлама қабылдағанымен, оған қатысуға жалақысы төмен, несие тарихы нашар жастарға мүмкіндік аз. Банктер маңына да жолатпайды. Ал мұндай санаттағы жастар көп. Ауылдағы жастар былай тұрсын, облыс орталығында «тәуір қызмет істеп жүр» деген қыз-жігіттердің өзі баспана алудың талаптарына сай келмейді. Әкімдіктің айналасында жұмыс істейді деген жастардың бәрі бірдей баспаналы бола алады дей алмаспыз. Мемлекетке масыл болып, жастарға тегін үй бер деуден аулақпыз. Жастардың сұрайтыны – баға тұрақтылығы, жеңілдетілген жалдамалы пәтер, мемлекеттің қолжетімді баспана салып беруі. Жастар жаңа заңның қабылдануы бұл түйткілдердің тарқатылуына сеп болатынына сенімді.

Жасыратыны жоқ, жастардың бар сенері – мемлекеттік бағдарламалар. Әйтпесе, қазіргі нарық заманында үй алудың басқа тетігі жоқ сияқты. Мал құнсызданып кетті. Яғни ауылдағы әке-шешеңнің асырап отырған малына көз аларта алмайсың. Жайылым тапшы, шөп бағасы қымбат, ауылдағылар баласына үй сатып әперу былай тұрсын, азын-аулақ малын күнкөріс есебінде ұстап отырғаны мәлім. Несие алудың машақатын жоғарыда айттық. Жалақының түрі мынау. Бай туысыңның өзі қарызға бес мың теңгені қиналып беретіндіктен, «ол жақтан» үй алуға көмек болатынына сенім аз.

Адам өзі қай мәселеге бас ауыртса, сол саланың маманы болып шы­ға­тынын аңғар­май қалады екен. Қаржы­лық сауаты артқан тұрғындар банкада ақша сақтағаннан гөрі банкте сақтаған тиімді екеніне көз жеткізе бас­тады. Сақтағаннан не пайда? Үй бағасы жылдан-жылға өсіп жатыр. Қажетті сома­ны жинап үлгермейсің. Қысқасы, мемлекет жастардың баспаналы болуы үшін тиімді бағдарлама әзірлемесе, қоғамда жұмыссыздық, ажырасу, заң бұзушылық секілді кеселдер белең алып, елдің дамуына кері әсерін тигізбей қоймайтыны анық.