15 Наурыз, 2013

Абаттанған Астана аулалары

297 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Абаттанған Астана аулалары

Жұма, 15 наурыз 2013 1:35

Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған ару Астана өзінің тарих сахнасында салтанат құрған осы бір 15 жыл ғұмырының ішінде әлем назарын ерекше аударған талай-талай жаһандық оқиғалардың орталығына айналғаны ақиқат. Міне, енді елордамыздың ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік әмбебап көрмесінің орталығы болатындығы туралы Халықаралық көрмелер бюросының тарихи таңдауы паш етілгеніне де бірер айдың жүзі болды.

Жұма, 15 наурыз 2013 1:35

Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған ару Астана өзінің тарих сахнасында салтанат құрған осы бір 15 жыл ғұмырының ішінде әлем назарын ерекше аударған талай-талай жаһандық оқиғалардың орталығына айналғаны ақиқат. Міне, енді елордамыздың ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік әмбебап көрмесінің орталығы болатындығы туралы Халықаралық көрмелер бюросының тарихи таңдауы паш етілгеніне де бірер айдың жүзі болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл халықаралық айтулы көрмені жоғары деңгейде өткізу бүкіл еліміз үшін үлкен сын, зор жауапкершілік екеніне ерекше басымдық бергені де белгілі. Осыған орай бүгінде Астана қаласында Бүкіләлемдік әмбебап көрмені өткізуге дайындық барысындағы кешенді шаралар қолға алынды.

Халықаралық көрме жалауы желбірейтін 2017 жылдың маусым айы Қазақстанның бас қаласы – Астананың 20 жылдық тойымен тұспа-тұс келетіні де осы жаһандық жиын барысында ел мерейін одан әрі арттыра түспек. Сондықтан, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық бары­сындағы атқарылатын шаралар кестесінде ұсақ-түйектің болуы мүмкін емес. Бұл ретте сәні мен салтанаты жарасқан Астана қаласын одан әрі абаттандыру шараларына барынша басымдық берілмек.

Тек үстіміздегі жылдың өзінде ғана, қала­мыздың 15 жылдық мерекесін атап өту аясында Астанада жалпы көлемі 11 гектар аумаққа пара-пар 13 гүлзарлар мен скверлер салынатын болады. Сонымен бірге, қазір жалпы аумағы 67,4 гектарға тең қалалық мәдениет және демалыс паркін жаңғырту және қайта құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы толық жаңғырту жұмыстары аяқталған кезде бұл парктің мүмкіндігі екі есеге дейін артып, күніне 105 мың адамға қызмет көрсететін болады.

Жасыратыны жоқ, бұрын қалалық аулалар­дың басым көпшілігі күл-қоқыстан арылмайтын көрік­сіз орындар болатын. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов жылдар бойы қордаланып келген бұл келеңсіздікке қарсы түбегейлі бетбұрыс бас­тады. Қазір Астана қаласының аулалары бүгінгі заман талабына сай құрылған нағыз демалыс орындарына айналды. Балалар ойнайтын алаңдар да әсерлілігімен, әсемдігімен айрықша көз тартады. Бұл бағыттағы кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, өткен жылы ғана Астанада 131 аулада көріктендіру мақса­­тындағы күрделі жұмыстар жүзеге асырылды. Аулалардың ескірген қоршаулары жаңартылды, асфальт төсеніштері ауыстырылып, спорт және балалар ойнайтын алаңдар жөндеуден өткізілді.

Аулаларды көріктендірумен қатар тұрғын­дардың дене тәрбиесімен шұғылданып, бұқа­ралық спортқа бейімделуі үшін барлық жағ­дай­лар жасалған. Мәселен, өткен жылы тек Алматы ауданы бойынша ғана 8 футбол алаңы жасанды көгал жабдығымен жабылды. Ал Есіл ауданында 33 спорт жабдықтары орнатылды. Астана қаласындағы аулаларды абаттандыру жолындағы бұл кешенді шаралар 2017 жылға дейін белгіленген жоспар бойынша қарқынды да жүйелі жүргізілетін болады.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».