15 Наурыз, 2013

Жұмыс жайымен танысты

251 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жұмыс жайымен танысты

Жұма, 15 наурыз 2013 2:15

«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек екі күндік сапармен Қызылорда облысында болды.

Сырдың бойын, одан Арал аймағын жайлап жатқан өңір болған соң, мұнда балық шаруашылығы басты кәсіп. Сондықтан делегация баратын алғашқы ауданның Арал болғаны да таңғаларлық емес. Бауыржан Байбек пен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған топ «Қуаныш» серіктестігінің балықшылар қауымымен жүздесіп, атакәсіпті жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

 

Жұма, 15 наурыз 2013 2:15

«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек екі күндік сапармен Қызылорда облысында болды.

Сырдың бойын, одан Арал аймағын жайлап жатқан өңір болған соң, мұнда балық шаруашылығы басты кәсіп. Сондықтан делегация баратын алғашқы ауданның Арал болғаны да таңғаларлық емес. Бауыржан Байбек пен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған топ «Қуаныш» серіктестігінің балықшылар қауымымен жүздесіп, атакәсіпті жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

«Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» жобасының І кезеңі аяқталғалы халықтың жағдайы жақсарды. Кіші Арал мен көптеген көлдер қалпына келді. Жыл өткен сайын ауланатын су маржанының көлемі артып келеді. Мысалы, 2008 жылы облыс бойынша 2 320 тонна балық ауланса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 5 161 тоннаға өскен. 2013 жылға белгіленген квота көлемі 6 226 тонна болып отыр. Жоғалып кеткен 22 түрлі балық қайта оралды. 2000 жылдары Кіші Арал теңізінен жылына бар-жоғы 400 тонна камбала ауланса, бүгінде 4 900 тонна бағалы балықтар аулануда. Жалпы құны 85,79 млн. АҚШ долларын құрайтын жоба Дүниежүзілік банк және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылды. Қазіргі кезде Нидерландының «Arcadis Euroconsult», Данияның «DHI Water & Environment», Ұлыбританияның «Jacobs – Babtie» компанияларының қауымдастықтары және «Казгипроводхоз» институты САРАТС-тың келесі кезеңі бойынша жобаны әзірлеуде. Қонақтар сондай-ақ балықшылардың өткені мен бүгінін сипаттайтын көрмені тамашалады.

Алдағы уақытта ауыл әкімдерінің сайлауы өтетіні белгілі. Осы бір сындарлы істің алдында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нағи Ілиясов ауылында болып, елдің тыныс-тіршілігімен етене танысты. Алдағы сайлау туралы ойларын білді.

Сапардың екінші күнінде Қы­зыл­ордада «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының кезектен тыс ХІІІ конференциясы болды. Конференция барысында аймақтық филиалдың төрағасы сайланды. Енді Қырымбек Көшербаев әкімдік қызметпен қатар, филиал төр­ағасы лауазымын да атқаратын болды. Конференцияға қатысушы делегаттар Қырымбек Елеуұлының кандидатурасын бірауыздан қолдады.

– Мемлекет басшысы халыққа 2050 жылға дейінгі жаңа стратегия ұсынып, еліміздің алдағы бірнеше онжылдықтағы даму жолдарын көрсетті. Осыған сәйкес қазіргі таңда барша Қазақ елі жаңару мен жаңғыру жолына түсіп, тың белес­тер мен асуларға қадам басты. Елбасы басқаратын «Нұр Отан» партиясы да осы көштен кеш қалмай, керісінше, оның тізгінін қолына алуы қажет. Осыған байланыс­ты біздің алдағы қызметіміз жеті бас­ты бағыт бойынша өрбиді. 2050 жылға дейінгі Елбасы стратегия­сын халыққа кеңінен насихаттауды жалғастыру, партияның өңірлердегі жұмысын және тиімділігін арттыру, жастармен жұмыс жүргізу тәсілдерін және интернеттегі жұмысты жетілдіру, мемлекеттік органдар қызметіне бақылауды күшейту және қоғам мен билік арасындағы кері байланысты нығайту басты мақсат болып табылады. Біздің партиямыз – болашақ партиясы. «Нұр Отан» «Қазақстан-2030» Стратегиясын мерзімінен бұрын табыс­ты орындауға зор үлес қосты, ал енді 2050 жылға дейінгі жаңа стратегияны іске асыруда да билік партиясына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан біздің алдымызда өте күрделі міндеттер тұр,– деді Б.Байбек.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары жұмыс сапарының соңында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, облыстық филиалдың жұмысымен танысты.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.