05 Сәуір, 2013

Жылжымалы, қалдықсыз қасапхана ойлап тапқан өнертапқыш Хайролла Исмағұлов туралы бір үзік сыр

650 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жылжымалы, қалдықсыз қасапхана ойлап тапқан өнертапқыш Хайролла Исмағұлов туралы бір үзік сыр

Жұма, 5 сәуір 2013 2:18

Егер әлемнің өркениетті же­тістіктері тарихына назар аударатын болсақ, адам өмірі мен тұр­мысының сапасын жаңа белестерге көтерген техникалық революциялардың туындауына бірінші кезекте ғалымдардан гөрі өнертапқыштардың әсері үлкен секілді болып көрінетіндігі бар. Мәселен, Америка автомобиль өндірісінің атасы Генри Форд ең бірінші кезекте – өнертапқыш. Ол өзінің осы қасиетінің арқасында АҚШ-тың 161 патентіне ие болған.

Жұма, 5 сәуір 2013 2:18

Егер әлемнің өркениетті же­тістіктері тарихына назар аударатын болсақ, адам өмірі мен тұр­мысының сапасын жаңа белестерге көтерген техникалық революциялардың туындауына бірінші кезекте ғалымдардан гөрі өнертапқыштардың әсері үлкен секілді болып көрінетіндігі бар. Мәселен, Америка автомобиль өндірісінің атасы Генри Форд ең бірінші кезекте – өнертапқыш. Ол өзінің осы қасиетінің арқасында АҚШ-тың 161 патентіне ие болған. Осындай өнертапқыштық жаңалықтарының негізінде автокөлік шығаратын үлкен өндірісті құруға қол жеткізген. Сол секілді компьютерлік бағдарламаларын бүкіл адамзат қауымы тұтынып келе жатқан Майкрософт компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс өзінің алғашқы компьтерлік бағдарламасын 13 жасында жасаған. Ол жастық шағында университет қабырғасында сарылып оқу оқығаннан гөрі өзі үшін неғұрлым қызықты осы іспен шұғылданғанды жөн көріп, сол үшін Гарвард университетін тастап кеткен. Ол бұл университеттің дип­ломын әлемге атағы жайылған ең бай адам кезінде, 52 жасында бір-ақ алған. Осы оқиғаға байланысты Билл Гейтстің «кез келген уақытта барыңыз да, өзіңіздің ісіңізді бастаңыз, Ал Гарвардқа оралу қашан да болсын кеш емес» дейтін қанатты сөзі қазір бүкіл әлемді шарлап жүр.

Әрине, осы фактілердің барлығы білім мен ғылымның өмірді жаңғыртушы рөлін ешбір жоққа шығара алмайды. Өйткені, Генри Форд та, Билл Гейтс те, тіпті біздің заманымызды компьютерлендіріп кеткен Стив Джобс та өздерінің өнертабыстық және мүлдем жаңа сипаттағы өндірістер мен қызметтерді ұйымдастырудағы жаңалықтары мен жетістіктеріне ең бірінші кезекте өздеріне дейінгі ғылыми ойдың мүмкіндіктерін пайдалану нәтижесінде қол жеткізгендігі анық.
Бірақ, неліктен ғылымның қол жеткізген жетістіктерін пайдалануда сол ғылым өкілдерінің өздерінен көрі өнертапқыштың ісі өнімдірек әрі көзге көрінгіш? Себебі, ғылым адамына қарағанда өнертапқыш өндіріске бір табан жақын тұр. Екіншіден, ол ғылымның жетістіктері мен өнеркәсіптің мүмкіндіктеріне сүйене отырып, өзінің шығармашылық ой-қиялын нақты жүзеге асыру бағытында жұмыс істейді. Өнертапқыш адам құр қиялға берілмейді. Нақты да шынайы мүмкіндіктерді есепке ала отырып, қоғам үшін қажетті дүниені жасайды. Демек, қазіргі инновациялық үдеріс үшін өнертапқыш өте қажетті тұлға. Сондықтан да кешегі өнертапқыш атауы мен қазіргі инноватор сөзіндегі айырма бірте-бірте жойылып бара жатқандай. Үшіншіден, біздің қазіргі қоғамымызда шынайы ғалымдарға қарағанда осы салаға барып адасып жүрген қабілетсіз, дарынсыз адамдар шамадан тыс көбейіп кетті. Неге? Себебі, ғылымда белгілі бір нәтижеге жету үшін біраз уақыт қажет. Бұл салада адамның қоғам үшін қандай пайдалы еңбекпен шұғылданып отырғандығын бастапқы кезде айқындаудың өзі қиын. Демек, ғалыми жаңалық ашпаған жағдайдың өзінде бұл салада кесімді жалақы алып, өмір сүре беруге болады. Ал, өнертапқышқа ешкім еш жерде атағы үшін жалақы төлемейді. Ол өз жаңалығы нақты нәтиже көрсеткенде ғана оның рахатына бөлене алады.
Сонымен, өнертапқыш болу үшін ең алдымен, шынайы қабілет пен дарын қажет. Сыни ойлай білу қабілеті қажет. Қазіргі күні инновациялық үдерістерді енгізуге ерекше екпін түсіріп отырған елімізде мұндай қабілетті адамдарға деген мұқтаждық жыл­дан-жылға артып келеді. Сон­дықтан Елбасымыз Үкіметтің алдына елімізден өнертапқыштық, инноваторлық қабілеті бар адам­дарды іздеп табуды, оларды жарыққа шығарып, жағдай ту­ғызуды міндет етіп қойды.
Біз төменде осындай адамдар­дың бірі, Орал қаласында тұрып жатқан Хайролла Исмағұлов туралы әнгіме қозғамақпыз.
Осы облыстың Жәнібек ауда­нындағы малшы отбасында дү­ниеге келген, ағасы Мырзаш Исма­ғұловтың ақылымен Ленинград қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеде оқып, оны гидроакустик мамандығы бойынша бітірген, артынша Оралдағы ауыл шаруашылығы техникумын тауысқан соң әскерге шақырылып, Солтүстік теңіз флотының сүңгуір қайығында қызмет етіп, елге оралған Хайролланың ең алғашқы өнертабысын өмірге әкелу жағдайының өзі қызық.
– Әскерден елге келген соң біраз уақыт мамандығым бойынша жұмыс табылмай, малдағы әкеме көмектесуіме тура келді. Айта кету керек, сол жылдары малшы мен қойшы еңбегінің бейнеті ауыр еді ғой. Барлық жұмыс қолмен атқарылады. Әрі олардың барлығы адамды титықтататын ауыр жұмыстар. Қораның қиын ою да солардың бірі. Бүкіл қораның әбден сүрленген күрек бойы қалыңдықтағы қиын аударып, тазалау екі адам үшін бірнеше күнге созылатын үлкен жұмыс. Мен сол жұмысты жасай жүріп, осыны техникамен атқарудың жолдары жоқ па екен деп көп бас қатырдым. Ақыры оның да жолын тапқандай болдым.
Ол кездері малшылардың біразының қолына құдықтан су тартатын «ЗИД» моторы тиіп жатқан еді. Оған қол жеткізгендер малды құдықтан қолмен суарудан құтылып, кәдімгідей жеңілейіп қалған. Сондай мотордың біреуі менің әкеме де бұйырыпты. Рахат! Құдыққа қарай құлап келе жатқан отардың алды көрінісімен, моторды тұтатып келіп жібересің. Үлкен астаулар әп-сәтте суға толып шыға келеді.
Мен сол моторды қи оюға ыңғайладым. Әрине, ол үшін талай қағазды шимайлауға тура келді. Ленинградта кәсіптік-техникалық училищеде оқығандығымның көп пайдасын сол кезде көрдім. Сөйтіп, әлгі мотормен қораның қиын екі сағаттың ішінде аударып тастадым. Күрекпен мықшыңдап жатпайсың, тек бағыттап отырсаң болды, мотордың өзі ойып, аудара береді. Менің бұл техникалық жаңалығымның бір кемшілігі – қораның іші мотордан шықққан көк түтінге толып кете береді де, адамның қолқасын қабады. Содан «Исмағұлдың баласы қи оятын техника ойлап тауыпты» деген хабар көп ұзамай малшылардың арасына тарап кетсе керек. Көрші отырған қойшы-қолаң «жақсылықты көрмек үшін» деп біздің ауылға келе бастады. Менің қи оятын машинамның жұмысын қораның ішінде менімен бірге жүріп, талайы көрді. «Мотордың түтіні болмаса, мынауың керемет екен» деп риза болысты, – деп еске алады сол оқиғаны Хайрекең.
Тіршілік қажеттігінен туындап, қол еңбегін жеңілдетуге бағытталған осы оқиға оның кейінгі өміріне де үлкен әсер еткен секілді. Мұнан кейін ол өз мамандығына сәйкес қандай қызмет атқармасын жұмыста кедергілерге кез болғанда оны шешудің әдеттегіден тыс жолдарын қарастыратын болып алды. 1977 жылы Жәнібек аудандық дайындау кеңсесі директорының орынбасары болып қызмет істеп жүрген кезінде директордың жұмсауымен алыстағы Орынбор облысының Бузулук кентінен, яғни 800 шақырым жерден желтоқсанның қақаған қысында ашық мәшинемен картопты үсітпей жеткізіп, сол директордың екі көзін төбесіне шығарғаны және бар. Негізінде директор мұны, яғни бастықтың айтқанына көне бермейтін орынбасарды осындай «барсакелмес» сапарға біле тұра әдейілеп жұмсап еді. Сондағы ойы «қаншама ақшаға түскен картопты үсітіп алдың, енді оның шығынын мойныңа қоямын», деп зәресін ұшырып, ықтырып алу немесе өз арызымен жұмыстан кетуге мәжбүр ету-тін. Бірақ мұның бағына картоп аман-есен жетті. Қалай дейсіз ғой?
Бұл Бузулуктағы дайындау мекемесінің бастығы Абулахат атты көпті көрген азаматпен алдын ала ақылдасып, мынадай тәсіл қолданған еді. Қоймадағы картоптың таңдаулысынан, тазасынан іріктеп алып оны су жаңа қаптарға қаптатты. Оларды «ЗиЛ» мәшинесінің үлкен қорабына текшелеп, сықастырып отырып тиетті. Содан кейін қорапты су сіңбейтін брезент жабындымен айналдырып отырып, саңылау қалдырмай жапты. Мұнан кейін жабындының үстіне бір қарыстай қалыңдықта қар тастатып, әлгі қардың үстіне су бүркіп қатырып тастады. Әрине, бұл әдісті Абулахат екеуі ойдан шығарған жоқ. Кезінде осындай әдіспен татар саудагерлері картопты ішкі Ресейден Сібірге дейін жеткізген көрінеді. Сөйтіп, қақаған қыста 800 шақырым жерден ашық мәшинемен келген картоптың жаңа ғана тиелгендей болып, буы бұрқырап аман-есен жетуі мұның жұмысындағыларға жарылған бомбадай әсер еткені және бар.
Облыстық шикізат базасының директоры болып қызмет істеп жүрген кезінде де осындай тыңнан тәсілдер қолдану арқылы бұл мекеменің жұмысын да барынша алға бастырып, көзге түсті. Ол еңбегі де қоғам тарапынан ескерусіз қалған жоқ. Қазір «Егемен Қазақстан» аталып отырған сол кездегі «Социалистік Қазақстанның» Орал өңіріндегі меншікті тілшісі Боранғали Ырзабаев Хайролла Исмағұловтың тапқырлыққа толы осындай іс-әрекеттері туралы «Тозықтан торқа, қалдықтан қамқа» деген тақырыппен көлемді мақала жазыпты. Бұл мақала газетіміздің 1983 жылғы 27 желтоқсандағы санында жарық көрген екен.
Сауда саласында қандай май-шелпек жұмыстарда істемесін Хайрекең қоғам байлығына өте адал көзқараспен қарады. Осы адалдығы үшін «бармақ басты, көз қысты» қылуды бұған ымдап түсіндіргісі келетін бастықтарына жиі жақпай қалатын. Сөйтіп, осы салаға барлық күш-жігерін жұмсап, адал қызмет етіп, елімізге нарық келгенде өз кәсібін бастады. Өзін жастық шақтан қызықтырған өнертапқыштық қызметке қайтадан ден қойып, беріле шұғылданды. Осы мақсатта «Жайық-Каспий сараптама» ЖШС-ін құрды. Бұл ЖШС сараптама жұмыстарымен шұғылданады. Табиғатты, қоршаған ортаны қорғау, өндірісте еңбек қауіпсіздігін сақтау, көтергіш крандарды, электрмен дәнекерлеу жұмыстарын тексеріп, сараптама беру, өндіріске қажетті әртүрлі жобаларды, жаңалықтарды жасап енгізу мәселелерімен айналысады. Осындай мәселелермен шұғылдануға қолайлы етіп жасалып, қажетті құралдармен жабдықталған заман талабына сай жақсы зертханалары бар.
Хайрекеңнің өзі бірқатар өнертапқыштық жаңалықтардың авторы. Оның бәрін сөз ете берсек әңгіме ұзап кетер. Тек бүгінгі мал баққан ағайын үшін аса қажетті, оның үстіне Үкіметтің бүгінгі «Сыбаға» бағдарламасын, мал сою пункттерін дамыту жөніндегі шараларын жүзеге асыруға көмек көрсетуге негізделген бір жаңалығы туралы айта кетейік. Ол – жылжымалы қасапхана.
Бұл жылжымалы қасапхана бір ауысымда 25 бас ірі қараны, 50 бас ұсақ малды сойып бере алады. Мұндай қондырғылар Германияда, Ресейде бар. Бірақ олар өте қымбат, 60-70 мың доллар тұрады және малды бауыздап, бұтарлаумен ғана шектеледі. Ис­мағұловтың қасапханасының олардан басты артықшылығы – бағасы бірнеше есе арзан және малды халал жолымен союымен қатар, оны алғашқы өңдеуден өткізіп, мал иесінің қолайына қарай бұтарлап, сонан кейін ішек-қарнын тазалап береді. Малдың мүйізі мен тұяғына дейін жекелеп алынатындықтан, оларды да кәдеге жаратуға болады. Қасапхана қалдықсыз жұмыс істейді.
Қасапхана ауылдық жерлерде пайдалануға өте қолайлы. Барлық жұмысты көтеріп-түсі­ретін механикаландырылған қон­дырғылармен атқарады. Жыл­жымалы қасапхананы ет комбинатының, шұжық шығара­тын цехтардың қасына қойып, пайдалана беруге болады. Қасап­ха­наның бүкіл жаб­дығы бір тір­ке­меге сыйып­ кетеді. Барған жерінде тез құрастырылады.
– Еліміз күні ертең Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіргенде немесе Кеден одағына орай өнімдерімізді шетке шығарғанда, малды сою мен оның өнімдерінің сапасына қатаң талап қойылатыны түсінікті. Біз қасапхананы жасағанда осы талап үдесінен шығуды басты мақсат еттік. Мал сойылмас бұрын расолге қамалып, жуылады. Барлық мұсылмандық дәстүр сақталып барып бауыздалып, терісі ешбір бүлінбестен арнаулы қондырғы арқылы сыпырылады. Мүйіз бен тұяқ та бүлінбей алынады. Зияткерлік меншік құқығы комитеті бізге патент бергенде осы жағдайдың барлығын, яғни қасапхананың халықаралық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келуін қатаң ескерді, – дейді өнертабыс иесі.
Арнаулы тапсырыс негізінде мамандандырылған кәсіпорында монтаждалып, құрастырылатын жылжымалы қасапхана алдағы уақытта көпшіліктің көңілінен шығып, сұранысқа ие болуы тиіс. Өйткені, қазірдің өзінде оның жұмысымен танысып, тапсырыс беріп жатқан кәсіпкерлер бар екен.