09 Сәуір, 2013

Шарайна

271 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шарайна

Сейсенбі, 9 сәуір 2013 2:01

Екі үміткер де жеңдім деп есептейді

Черногорияның жоғары мемлекеттік лауазымынан екі үміткер – елдің қазіргі президенті Филип Вуянович пен оппозициядан кандидат Миодраг Лекич жексенбі күні өткен сайлауда өздерінің жеңіске жеткендері туралы хабарлады.

 

Сейсенбі, 9 сәуір 2013 2:01

Екі үміткер де жеңдім деп есептейді

Черногорияның жоғары мемлекеттік лауазымынан екі үміткер – елдің қазіргі президенті Филип Вуянович пен оппозициядан кандидат Миодраг Лекич жексенбі күні өткен сайлауда өздерінің жеңіске жеткендері туралы хабарлады.

Вуянович тікелей эфир арқылы барлық бюллетеньдерді санау қорытындысында өзінің 51,3 пайыз дауыс жинағанын, ал оның жалғыз қарсыласының 48,7 пайыз дауыс алғанын хабарлаған. Ал Лекич болса өзінің 50,5 пайыз, ал Вуяновичтің 49,5 пайыз дауыс алғанын айтуда. Оппозициядан ұсынылған кандидат сонымен бірге, басқарушы коалиция өкілдерінің қазіргі уақытта жеңісті Вуяновичқа әперу үшін сайлау округтерінің бірінде дауыс беру қорытындыларын бұрмалауға талпыныс жасап жатқандығын атап көрсеткен. Черногория сайлау комиссия­сы болса әзірге ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Құс тұмауы басылмай тұр

Аспан асты елінің жиырма бір адамының құс тұмауының H7N9 атты жаңа вирусын жұқтырғаны белгілі болды, олардың алтауы қайтыс болған көрінеді. Бұл туралы Қытай бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасай отырып, ИТАР-ТАСС агенттігі хабарлады.

Аньхой провинциясында тірі үй құстарын сатумен айналысатын елу бес жасар ер адам науқастанған. Ол Бочжоу қаласының ауруханасына жеткізілген. Бірақ, онымен қарым-қатынаста болған адамдардың ешқайсысынан ауру белгілері анықталмаған көрінеді. Кеше Шанхай билігі жаңадан науқастанған екі адам туралы хабарлаған. Қазірдің өзінде қалада 98 мың тауықтың көзі жойылып, үй құстарын сатуға тыйым салынған.

Жапония соққының бетін қайтаруға дайын

Жапония қорғаныс министрі Инцунори Онодэра егер Жапонояға қатер төндірер болса, солтүстіккореялық зымырандарды орта жолда атып құлату жөнінде бұйрық берген.

Осы орайда КХДР-дың таяу күндері зымыран ұшыру жөнінде уәде беріп отырғандығын айта кету керек. Жапония AEGIS аңду жүйесімен және алыс қашықтыққа арналған SM-3 зымырандарымен жарақтанған жауынгерлік кемелерін шығара бастады. Сөйте тұра, жапон сарапшылары Солтүстік Кореяның зымыран ұшырарлық мүмкіндігі онша емес деп есептейді, дегенмен Токио кез келген күтпеген жағдайға дайын.

Он бір бала қаза тапты

Ауған билігінің өкілдері мен куәгерлердің айтуларына қарағанда, НАТО күштерінің Ауғанстанның шығысына жасаған әуе соққысы салдарынан он бір бала қаза тапқан. Сол сияқты, тағы бір әйелдің ажал құшып, алты адамның жарақат алғаны туралы да ақпарат бар.

Ауғанстан президенті Хамид Карзай бейбіт тұрғындарды ажал құштырғандарды айыптады. Оның әкімшілігі шығарған мәлімдемеде ел президентінің бейбіт тұрғындар мекен еткен аудандарда әуе соққыларын жасауға тыйым салатын жарлыққа қол қойғаны туралы айтылған. Әуе соққысына ұшыраған деревняның тұрғындары мен билік өкілдері адамдардың өз үйлерінде отырған кезде қаза тапқандарын хабарлап отыр.

Экс-президент ісі тергелуде

Бразилия өкіметі белгілі саясаткер, елдің бұрынғы президенті Луис Инасиу Лула да Сильваға қатысты тергеу ісін бастады. 2003-2011 жылдары мемлекет басшысы болған адамға сыбайлас жемқорлыққа барды деген айып тағылып отыр.

Тергеудің экс-президенттің саясаттағы болашағына теріс әсер етуі мүмкін. Тергеу ісінің басталуына Portugal Telecom компаниясы Л. Лула да Сильва президент болған бірінші мерзімде «Еңбекшілер партиясына» пара берді деген күмән себеп болып отыр. Экс-президент аталмыш партияға ол құрылған 1980 жылдан бастап мүше болып табылады.

Бандераның ескерткіші құлатылды

Украинаның Львов облысында украин ұлтшылы Степан Бандераға орнатқан ескерткіш құлатылған. Оқиға аталмыш облыстың Каменка-Буз ауданындағы Великосилки селосында орын алған.

Алдын ала белгілі болған мәлімет бойынша, бұзақылар түнде Қанаттың және автомашинаның көмегімен бюстті тұғырынан түсіріп алған. Құқық қорғау органдары қазіргі кезде оқиғаның қалай болғанын тексеруде. Осы ретте оқиғаның муниципалдық сайлау күні орын алғанын да айта кету қажет.

Даулы аралдарға туристер баратын болды

Қытай билігі Оңтүстік-Қытай теңізіндегі даулы саналатын Сиша аралдарына туристердің баруына рұқсат берді. Бұл аралдар Қытай, Вьетнам және Тайвань елдері арасындағы даулы аумақ болып табылады, дегенмен 1974 жылдан бері іс жүзінде КХР билігінің құзырына жатады.

Аралдарда небәрі бір ғана қонақ үй болғандықтан, туристерге кемелерде өмір сүруге тура келеді. Сонымен бірге, мұнда ауыз су проблемасының бар екенін де айту керек. 2000 жолаушыға арналған кеме туристерді аралға әкеліп тұратын болады. Таяу уақытта осындай тағы бір кеме жасалмақшы. Алғашқы тур мамыр мерекелеріне орай жасалады деп күтілуде.

Эквадор президенті өз еңбекақысын қысқартты

Эквадор президенті Рафаэль Корреа мемлекеттің бірінші тұлғаларының еңбекақылары мөлшерін шектеп тастау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл шараның вице-президенттер мен министрлердің де еңбекақыларына қатысы бар.

Сөзімізді нақты іспен дәлелдейтін болайық, деп атап көрсеткен Корреа мырза. Бұл шара мемлекет басшысы мен бүтіндей алғанда атқарушы билікті ұстауға кететін шығындарды қысқартуға бағытталып отыр. Корреа билікке келген 2007 жылы мемлекет басшысының еңбекақысы айына 8 мың долларды құрайтын, бірақ ол оны екі есе қысқартып, ең төменгі еңбекақымен байланыстыру жөнінде шешім қабылдаған еді.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.