05 Сәуір, 2013

Бұлар шоқ баспай тынбайтын сыңайлы

288 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұлар шоқ баспай тынбайтын сыңайлы

Жұма, 5 сәуір 2013 2:08

Корей түбегіндегі жағдай ушығып тұр. Әдетте екі ел ет қызуымен бір-біріне қатты сөз айтып қалса, ашу басылған соң, райларынан қайтпағанмен, сабасына түсер еді. Ал Солтүстік және Оңтүстік Корея елдері арандатушылық айқайларын бәсеңдетер емес.

 

Жұма, 5 сәуір 2013 2:08

Корей түбегіндегі жағдай ушығып тұр. Әдетте екі ел ет қызуымен бір-біріне қатты сөз айтып қалса, ашу басылған соң, райларынан қайтпағанмен, сабасына түсер еді. Ал Солтүстік және Оңтүстік Корея елдері арандатушылық айқайларын бәсеңдетер емес.

Корея Халық-Демократиялық Республикасы басшыларының бопсалық мәлімдемелеріне жұрт­тың еті үйренгенмен, көздеген мылтықтың атылатын кезі бір келеді дегендей, Корей түбегіндегі екі Корея арасындағы соғыс өртінің тұтанып кететіндей түрі бар. Әңгіме мынада: бұрын қырып-жоямын деген сөз көбіне бір жағынан айтылса, енді екінші жақтан да естіле бастады.
Осы аптаның басында Оңтүстік Корея қорғаныс министрі Ким Гван Чжин ел басшысы Пак Кын Хеге төтенше жағдайдағы әрекеттің жос­парын баяндады. Бұл төтенше жағдай екінші жақтың зымырандық-ядролық соққы жасауынан кейін емес, оның алдын алуға байланыс­ты болып отыр. Солтүстік жақтың бопсалау әре­кеттерін шынға балап, алдын алу әрекетіне кірісіп кетсе, сойқан сонда басталады. Өрт тұтанған соң, өшіру қиын.
Қазір екі жақтың қайсысы көбірек кінәлі дегенді айқындағаннан гөрі қалайда сол соғыс деген сойқанды болдырмау жағын ойластырған жөн ғой. Сөйтсе де шындыққа жүгініп, осынау жағдайдың қиындауына кім көбірек «еңбек» сіңіріп жатқанын айтпасқа және болмайды. Қанша уақыттан бері Солтүстік Корея басшылығының милитаристік әрекеттерін бүкіл халықаралық қоғамдастық айыптап отырғаны белгілі. Тіпті сол халықаралық қоғамдастықтың кепілдігіне сүйеніп-ақ бұл елдің өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне толық мүмкіндігі бар еді. Оны пайдалану орнына Пхеньян жаңа арандатушылық әрекеттерге жүгінеді.
Алысқа бармай, соңғы кездегі әрекеттерінің өзін алып қарағанда да, оған айқын көз жетеді. Осыдан бір апта бұрын Ким Чен Ын зымырандық әскерлерді соққы беруге дайындыққа қою жөнінде бұйрыққа қол қойып, шабуыл нысандарын атап көрсетті. Одан кейін бұрын тоқтатылған ядролық реакторларды іске қосуға нұсқау берді. Екі елдің Кэсондағы ортақ кәсіпорнына Оңтүстік Корея қызметкерлерін кіргізуді тоқтатты. Осының бәрі жауап әрекеттерге баруға итермелейді.
Пхеньянның арандатушылық әрекеттері жауапсыз қалмайтыны заңды. Сеул де қандай әрекеттерге баратынын мәлімдеп үлгерді. АҚШ-тың мәлімдемесі қатқыл. Мемлекеттік хатшы Джон Керри АҚШ-тың КХДР тарапынан жасалып отырған қауіптен өзін және өзінің одақтастары – Оңтүстік Корея мен Жапонияны қорғау үшін мүмкін болған нәрсенің бәрін жасайтынын мәлімдеп: «Біз бұған дайынбыз, оған толық мүмкіндігіміз бар. Мұны КХДР да түсінеді деп ойлаймын», дегенді айтып тастады. Бұл сөзге дәлел ретінде сол аймаққа америкалық екі әскери кеме жіберілгені туралы хабар да іле-шала тарады.
Соғыс бола қалса, кім жеңеді деп бас қатырмаған да жөн-ау. Бұл соғыс үшінші дүниежүзілік соғысқа айналады деудің де жөні жоқ. КХДР-дай елдің жосықсыз саясатын қуаттап, оның жағына шығып соғысатындар табыла қоймас. Сондай-ақ қазіргі экономикалық бәсеке қалай да үшінші дүниежүзілік соғысқа апарады деп сәуегейлік жасау да негізсіз. Экономикалық мәселені соғыспен шешудің уақыты өткен.
Соғыс болмасын дейік. Оны болдырмауға мүмкіндік бар. Бүкіл әлем болып соған атсалысуы керек.

Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».