04 Сәуір, 2013

Шарайна

235 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шарайна

Бейсенбі, 4 сәуір 2013 2:11

Бірлескен аймаққа жол жабық

Солтүстік Корея оңтүстіккореялық жұмысшылардың Кэсон бірлескен экономикалық паркіне кіруіне тыйым салды. КХДР басшылығы Сеулге өз шешімі туралы кеше хабарлады. Ресми Сеул Пхеньянның шешімін «өте өкінішті» деп атады. Ал бұл тыйым салудың қашанға дейін созылатыны белгісіз.

Бейсенбі, 4 сәуір 2013 2:11

Бірлескен аймаққа жол жабық

Солтүстік Корея оңтүстіккореялық жұмысшылардың Кэсон бірлескен экономикалық паркіне кіруіне тыйым салды. КХДР басшылығы Сеулге өз шешімі туралы кеше хабарлады. Ресми Сеул Пхеньянның шешімін «өте өкінішті» деп атады. Ал бұл тыйым салудың қашанға дейін созылатыны белгісіз.

Оның үстіне Пхеньян экономикалық аймақ аумағына кіріп үлгерген Оңтүстік Корея азаматтарының оны еш кедергісіз тастап шыға алатынын атап көрсетті. Сеулдегілер өз кезегінде қазіргі кездегі басты мақсат Кэсоннан өз азаматтарын еш нәрсеге ұрындырмай алып шығу екенін айтып отыр. Оңтүстік Корея үкіметінің дерегіне сүйенсек, бүгінде экономикалық аймақта 861 оңтүстіккореялық жұмысшы бар көрінеді.

Газа секторына соққы берді

Израильдің әскери әуе күштері Газа секторы аумағына авиасоққы жасады. Шабуыл салдарынан зардап шеккендер жоқ делініп отыр. Ал Израиль әскери әуе күштерінің рейді осының алдында Газа секторынан бірнеше зымыран жіберілгеннен кейін жауап ретінде жасалған.
Палестиналықтар зымырандарынан да айтарлықтай зиян келмеген және адам құрбандықтары да жоқ деген ақпар тарады. Зымырандарды жібергені үшін жауапкершілікті салафит топтарының бірі өз мойындарына алған. Олардың мұндай қадамға баруына 2 сәуір күні Израиль түрмесінде тамақ рагынан көз жұмған палестиналық Абу Хамдиеханың өлімі себеп болған. Палестина тарабы Хамдиехаға қатысты адамгершілік танытылып, оны түрмеден босатуды сұраған екен. Бірақ бұл өтініш орындалмаған.

Мысыр билігін сын тезіне алды

АҚШ басшылығының пікірінше, Египет бара жатқан бағыт қауіпті. Бұл туралы АҚШ президентімен кездесуі кезінде мемлекеттік хатшы Джон Керри мәлімдеді. Мұндай ұстаным танытуға жақында оппозицияшылардың тұтқынға алынуы, журналистерге қатысты қатал шаралар мен көшедегі тәртіпсіздіктер себеп болған.
Бес мысырлық оппозицияшыны тұтқындауға ордер 25 наурызда берілген болатын. Тексеру нұсқалары бойынша бұл адамдар жұртшылықты әлеуметтік желілерде сайлауға қазіргі президент Мохаммед Мурси ілгерілетілген «Мұсылман бауырлар» партиясына қарсы зорлық-зомбылық көрсетуге шақырыпты. Соған қарамастан, наурыз айының басында өткен келіссөздер нәтижесінде АҚШ Египетке 250 млн. доллар көлемінде қаржылай көмек көрсетуге келіскен болса, келісім бұзылмайтын болып отыр.

 

Қару саудасы шарты қабылданды

БҰҰ Бас Ассамблеясы әлемде қару-жарақ саудасын реттеп отыратын халықаралық шарт қабылдады. Шартты қолдап, БҰҰ-ға мүше 154 мемлекет дауыс берсе, 3 мемлекет (Иран, Сирия және КХДР) қарсылық танытқан, тағы 23 ел, арасында Ресей де бар, бейтарап қалған. Шарт қабылдануы үшін оны дауыс берген елдердің кем дегенде үштен екісі қолдауы тиіс болатын.
Қабылданған құжат қол қоюға үстіміздегі жылдың 3 шілдесінен бастап ашылады. БҰҰ-ның тиісті қарарында барлық мемлекеттерден шартты ратификациялаудың мүмкіндігін қысқа мерзімде қарастыру сұралады. Осы жерде атап көрсететін басты жәйт – Бас Ассамблея қабылдаған бұл шарт әлемде қару саудасын регламенттейтін алғашқы халықаралық құжат болып отыр. Бұған дейін қаруға бақылау тек жекелеген мемлекеттер деңгейінде ғана жүргізіліп келген еді.

Ішімдіктен аулақ бол, жұмысшы

Белоруссияда жұмыс берушілер жұмысшыларын жұмысқа кірісер алдында ішімдік ішкені, не ішпегені туралы тексеруден өткізуге міндеттелмек. Сөйтіп, бұл елде «Еңбекті сақтау туралы» заңға өзгерістер енгізу қарастырылып отыр.
Заң жобасын парламентте еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Марианна Щеткина таныстырды. Оның айтуынша, мұндай норма бұған дейін тек кәсіби жүргізушілерге ғана қатысты болып келсе, енді жұмыс беруші күн сайын ауысым алдында жұмысшыларына медициналық тексеру жүргізуге тиіс болады. Әңгіме нақты қандай кәсіптерге қатысты екені әзірше түсініксіз. М.Щеткинаның сөзіне қарағанда, қауіпті жұмыстар тізімі қайта қаралып, жаңартылған түрде бекітілуі тиіс көрінеді.

Жеңгетайлық жасаған декан

Тәжікстанда Худжанд мемлекеттік университеті шет тілдері факультетінің деканы, профессор М.Зикрияеваға қорда (притон) ұстады және жеңгетайлықпен айналысты деген күдік келтіріліп отыр. Бұл ақпаратты «Авеста» агенттігі таратты.
Агенттіктің сөзіне қарағанда, М.Зикрияеваға қатысты республика қылмыстық кодексінің тиісті бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. «Ілкімді» ханымға ешқайда кетпеу туралы қолхат беріліпті. «Авеста» Согдия облысындағы құқық қорғау органындағы дерек көзіне сілтеме жасай отырып, деканның кінәсін мойнына коятын айғақтар қазірдің өзінде толық жиналып, бүгінде іс сотқа берілгенін де жария етіп үлгерді.

Қысқа қайырып айтқанда:

Қырғызстанның Ош қаласында милиция өзбек тілінде шығатын «Уш садоси» («Ош жаңғырығы») мемлекеттік газетінің бас редакторы Махамадсоли Исмаиловты тұтқынға алды. Оған 2010 жылы елдің оңтүстігінде болған этносаралық қақтығыстар кезінде адам өлтіруге қатысқан деген күдік тағылып отыр.
Түркиялық құтқарушылар Ыстамбұлға жақын жерде Мәрмәр теңізінде отқа оранған серуен паромынан ондаған туристі эвакуациялаған. Туристердің арасында шетел азаматтары да болған. Алдын ала ақпаратқа қарағанда, көмек тез жеткендіктен, бірде-бір адам ешқандай жарақат алмаған.
Арменияның Котайк облысындағы Прошян селосында староста Грач Мурадянның өлі денесі табылды. Ол шекесінен тиген оқтан көз жұмыпты. Қастандық жасаған кім екені әзірше белгісіз. Г.Мурадян кезінде Таулы Қарабақтағы қарулы қақтығысқа қатысқан көрінеді, оппозициялық партияның мүшесі болыпты.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.