04 Сәуір, 2013

Бұлдыр болашақ

331 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бұлдыр болашақ

Бейсенбі, 4 сәуір 2013 1:58

Еуроаймақтың ертеңін ойлап әлем сарапшылары «күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан» айырылғалы қашан. Бірақ сол дуалы ауыз сарапшыларды толғандырған мәселенің түйіні шешілетін түрі көрінбейді. Қарыз дағдарысына шырмалған Еуропалық одақ соңғы 4-5 жылдың көлемінде әлем экономикасын даму баспалдағынан тайдырған тегершікке айналды.

 

Бейсенбі, 4 сәуір 2013 1:58

Еуроаймақтың ертеңін ойлап әлем сарапшылары «күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан» айырылғалы қашан. Бірақ сол дуалы ауыз сарапшыларды толғандырған мәселенің түйіні шешілетін түрі көрінбейді. Қарыз дағдарысына шырмалған Еуропалық одақ соңғы 4-5 жылдың көлемінде әлем экономикасын даму баспалдағынан тайдырған тегершікке айналды.

Өткен жылы экономикадан сәл хабары бар адамдардың барлығы Грекияның Еуроодақтан шығатындығына бәс тігіп, кәрі құрлықтың барлық мемлекетінің мүддесін біріктірген өркениетті одақтың ыдырайтындығына сөз­сіз сенгендей еді. Еуроодақтың көшбасшы мемлекеттері дағдарыс қиындығы қаншалықты қысса да қиындықтан жол тауып, Грекияны одақ құрамында қалдыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Бірақ Еуроодақтың қатері мұнымен аяқталатын түрі жоқ. Енді өркениет талаптарын тұғыр еткен бұл одаққа Кипр атты қатер төнді. Жалпы, саясат сахнасында қаншалықты әдептеп, әсерлегенмен тәуелсіз мемлекеттердің бір мүддеге жұмылып, бір одаққа бірігіп, ұзақ та кінәратсыз өмір сүруі ақиқаттан гөрі аңызға ұқсайтын құбылыс-ау, сірә.
Мамандардың айтуынша, эко­номиканы сауықтыру үшін Еуро­одақтың тірек қылатын тұғыры қалмаған сияқты. Өткен аптада S&P рейтинг агенттігі 2013 жылы еуроаймақтың ІЖӨ-сі болжалынған 0,1 пайыздан 0,5 пайызға дейін төмендеуі мүмкін екендігін мәлім етті. «Рейтинг агенттігі көрсетіп отыр­ғандай, еуроаймақтың ІЖӨ-сінің төмендейтіндігі туралы болжамның ешқандай өрескелдігі жоқ. Бұл өңірде экономиканы сауықтыруға тірек қылатын ешқандай мүмкіндік қалмады. Еуроаймақтың ең басты проблемасы экономикалық шешім қабылдайтын бір орталықтың болмауында. Аймақта қабылданған қандай да бір шешімді 17 парламент қарап бекітуі керек. Олар оны талқылап, талдағанша, қаншама уақыт өтеді. Сөйтіп, экономиканы сауықтыруға қажетті шұғыл шешімдерді қабылдаудың мүмкіндігі жоғалады. Соның салдарынан еуро­аймақ барған сайын рецессия шылауына шырмалып жатыр», дейді «Инвесткафе» агенттігінің сарапшысы Анна Бодрова.
S&P агенттігінің болжамы шындыққа айналатындығын бірқатар білікті мамандар да мойындап отыр. Экономикалық альянстың жағдайы жақсарып, жылдың ортасына таман даму жолына түсуі үшін қазірден бастап оң қадамдар жасалуы керек. «Ол үшін еңбек рыногындағы ахуал түзеліп, өндіріс орындары жұмыс істеп, банк секторының несие беру белсенділігі артуы керек. Еуро тұрақтанып, банк жүйесінің жұмысы ширығуы қажет. Еуроаймақта дәл қазір мұның бірде-біреуі байқалмайды», дейді сарапшы Анна Бодрова.
Еуроаймақ тап болған бұл тығырықты әркім әр саққа жүгір­туде. Мәселен, Люксембург ішкі істер министрі Жан Ассельборн Кипр мысалын алға тарта отырып, еуроаймақтың тығырыққа тірелуіне Германияның геге­мон­дығын кінәлайды. Оның айтуынша, Еуроодақ мемлекеттерінің қандай модельмен жүруі керектігін Гер­мания шешуге тиіс емес. «Қаржы саясатының техникалық мәселелерін сылтаурата отырып, басқа мем­лекеттердің мүмкіндіктерін шек­теу­ге болмайды», дейді ол өз сөзінде. Люксембургтің бұл мәсе­леде алаңдайтын жөні бар. Мұн­дағы қаржы саласындағы қатаң реттеудің жоқтығы және мемлекет заңдарындағы жеңілдіктер көптен бері Франция мен Германияның титығына тиіп отыр. Осы жерде еске сала кететін мәселе, Кипр банктерін қайта құрылымдау жос­парын жүзеге асыруды бірінші рет Германия күн тәртібіне кіргізген болатын. Бұл жос­пар бойынша, Кипрдің Халықтық банкі жабылуға, ал мұндағы 100 мың еуродан асатын барлық салымдар «Кипр банкіне» көшуге тиіс. Яғни Еуроодақ жос­пары бойынша Кипрдің банк жүйесін «жақсы банктер» және «жаман банктер» деген екі топқа бөлу көзделінді.  Сонымен бірге, алдын ала сақтандырылмаған 100 мың еуродан асатын – депозиттер ұсталады және оларға салық салынады.

«Арам» ақша орға жығады

«Жығылған үстіне жұдырық» де­мек­ші, күні кеше Халықаралық Moody’slnvestorsService агент­­тігі Кипрдің не­­­­сие  беру  мүм­кін­дігін  Саа2 дәрежесіне дейін төмендетті. Елдегі екі ірі банкті қай­та құ­рылымдау оқиғасы жағ­дайды ушықтыра тү­суде. Moody’s агенттігінің несие дәре­жесін төмендетуі бұл ел­де­гі кәсіпорындардың және осы кә­сіпорындармен жұмыс істейтін ин­вес­торлардың тәуекел қатерін арттыра түсті. Кипрге берілген Саа3 ең төменгі болжам рейтингі де өзгерер емес.
Еске сала кететін болсақ, тығы­рыққа дейін Кипр банктерінде 68 миллиард еуродан астам қаржы шоғырланған. Бұл негізінен шетел салымшыларының «арам» ақшасы. Аралда орналасқан шағын мемлекеттің экономикасымен салыстырғанда қаржы жүйесі жел үрлеген қарын сияқты шектен тыс далиып кеткен. Офшорлық орталыққа айналған мемлекеттің қаржы жүйесі бір сәтте құлдырап, Кипр мемлекеті рецессияға түсу қаупіне ұшырады. Сондықтан елдің экономикасы мен қаржы жүйесін құрдымнан шығару үшін үлкен көлемдегі несиелік қаржы қажет. Ал оны тек Еуропалық одақ қана бере алады. Сондықтан олар офшорға айналған Кипрдің қаржы жүйесін қайта құрылымдау туралы шешім қабылдады. Әрине, қайта құрудың кінәратсыз болмайтындығы белгілі. Осы құрылымдау барысында Кипр банктерінде  ақша ұстаған салымшылар депозитінің 40 пайызынан, тіпті, соңғы мәліметтер бойынша 80 пайызынан айырылуы мүмкін. Бұл ретте барынша көп зардап шегетін Кипр банктеріне ақшаларын жасырған ресейліктер болғалы отыр. Кипрде ресейліктердің 40 миллиард еуродан астам қаржысы жасырылған көрінеді. Мұндай қатерден кейбір қазақстандық байшыкештер де қағыс қалмайтын сияқты. Кейбір дерек көздері бойынша, Кипр банктерінде қазақстандық олигархтардың 2 миллиард еуроға жуық қаржысы бар көрінеді.
Кипр мемлекетінің сыртқы істер министрі Иоаннис Касулидис француздық басылымдарға берген сұхбатында Еуропадан алған қаржылық көмектің Кипр үшін ауыр соққы болып отырғандығын ашық айтты. «Еуропалық несие берушілер Кипрге көмектесіп жатырмыз деп алдаусыратады. Ал шын мәнінде, бұл көмектің зардабы республика үшін өте ауыр. Бұл ел экономикасының өзіндік моделін жою деген сөз», деп атап көрсетті ол өз сөзінде. Елдің қаржы жүйесін тұрақтандыруға шұғыл түрде 17 миллиард еуро қаржы керек. Еуроаймақ мемлекеттерінің қаржы министрлерінің шешімі бойынша, Кипрдің банктерін қайта құрылымдауға 10 миллиард несие берілді. Ал қалған 7 миллиард еуроны мемлекет өзі табуға тиіс.
Жағдай осылай бола тұрса да, Кипр мемлекетінің еуроаймақсыз күні мүлде қараң. Бұл туралы Кипрдің қаржы министрі Михалис Саррис «Кипрдің еуро аймағынан шығуы, оның Еуропалық одақтан шығуымен бірдей. Бұл біз үшін саяси жағынан да, экономикалық жағынан да апатпен тең. Мұндай ыдырау Кипр аралы үшін орны толмас ауыр зардаптар әкеледі. Сондықтан біз еуроаймақтан шығу туралы сөз қозғауды да артық санаймыз», деп атап көрсетті.

Елес қуған қала

Әлем экономикасын үлкен тығырыққа тіреген осы соңғы қаржы экономикалық дағдарыс зардаптарының қаншалықты тереңге кеткендігін бір кезде жұмақ қала атанған Детройттың ахуалынан айқын көруге болады. Детройт «америкалық арманның» орындалатын орталығы болған. Қалада орналасқан сансыз зауыттарда минутына ондаған автокөлік шығарылып, қайнаған еңбек қала тұрғындарының табысын тасқындатқан. Детройттың сәулетті үйлері мен әсем көшелері байлық пен барлықтың көрінісін паш ететін. Міне, осы аңызға айналған әсем өмір, көз қызықтырар сәулетті көріністер аз уақытта ғайып болды. Екі миллионнан астам тұрғыны бар әлемдік автокөлік астанасы атанған Детройт соңғы бірнеше жылдардың ішінде көшелерін елес қуған қаңыраған қалаға айналды.
Сәулет өнерінің соңғы үлгі­лерімен салынған үйлер мен ғимараттардың есік-терезелері аңғал-саңғал. Тек көшелер ғана емес, Детройт қаласының тұтас бір аудандары иесіз қалған. Сәнді коттедждерді сатып алатын ешкім болмағандықтан иелері оны бос тас­тап кеткен. Қазір Детройт қаласы Мичиган штатының жазылмас қасіретіне айналған. Қалада қаулаған қылмыс тіпті шек­тен шығып барады. Детройттың экономикалық және әлеуметтік ахуалын түзеуге Мичиган штатының қаржысы жоқ. Енді қаланы толық банкроттыққа жіберуден басқа амал да қалмаған сияқты.
Жақында Мичиган губернаторы Рик Снайдер Детройт қаласына Кевин Оррды қаржылық меңгеруші етіп тағайындады. Оның себебі, соңғы кезде әлемдік автокөлік астанасы қаржылық тәуелділіктен айырылды. Қала тұрғындарының 83 пайызы қара нәсілді адамдар болғандықтан афроамерикалық Кевин Оррды бұл қызметке тағайындау ұтымды сияқты. Кевин Орр Мичиган университетінің заң факультетін тәмамдаған. Ол банкроттыққа жіберу мәселесі бойынша Америкадағы ең тәжірибелі маман болып саналады.
Детройт қаласының тұрғындары Кевин Оррдың қаржылық меңгеруші болып тағайындалғанына барынша қарсылық білдіруде. Олар қала көшелерін жауып, көлік қозғалысын тоқтатты. Қала тұрғындары жа­ңа қаржылық меңгерушінің өз мүдделерімен санаспай, шара қабылдайтындығынан қауіптенеді. Олардың айтуынша, Кевин Орр Детройтты банкроттыққа түсіру үшін кейбір қала активтерін талан-таражыға салудан да тайынбайды.
Қала тұрғындары қаншалықты қарсылық танытқанымен де енді Детройтты сақтап қалу мүмкін емес. Бүгінде қаланың сыртқы несие берушілерге қарызы 14 миллиард доллардан асады. Дәл қазір қала бюджетінің тапшылығы 327 миллион долларды құрап отыр. Қаланың күнделікті ағымдағы қарызының өзі 100 миллион доллардан асып жығылады. Аты аңызға айналған GM, Ford және Chrysler сияқты «Үлкен үштікті» шұғыл қалпына келтіру жөніндегі бастама жалғасын таппай, Детройтты қалпына келтіру жөніндегі үміт ақталмады. Міне, жаһандық экономикалық дағдарыстың алып Американың автокөлік өндірісін тұралатқан соққысының салдары осындай.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар