19 Наурыз, 2013

Суоми жұртына сапардың жайы

219 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Суоми жұртына сапардың жайы

Сейсенбі, 19 наурыз 2013 1:55

«Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» екенін білген атам қазақ ерте заманнан өзімен жақыннан жарасқан да, алыстан арбасқан да жат жұртпен жаппай жақсы болудың қажеттігін жақсы ұғынған. Бұл оның сол кезеңдерден бері-ақ еңселі ел, бетегелі бел болуды аңсағанын байқатады. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы арман еткен дәл сондай ынтымақ жарастыру үрдісінің салтанатты рәсімі кеше Финляндияда өтті.

 

Сейсенбі, 19 наурыз 2013 1:55

«Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» екенін білген атам қазақ ерте заманнан өзімен жақыннан жарасқан да, алыстан арбасқан да жат жұртпен жаппай жақсы болудың қажеттігін жақсы ұғынған. Бұл оның сол кезеңдерден бері-ақ еңселі ел, бетегелі бел болуды аңсағанын байқатады. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы арман еткен дәл сондай ынтымақ жарастыру үрдісінің салтанатты рәсімі кеше Финляндияда өтті.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Финляндия Респуб­ликасына наурыздың 18-і күні  басталған жұмыс сапары негізінен осы мақсатты көздеді. Мұнда ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ашылып отырған Қазақстан елшілігінің тұсауын кесу үшін келді. Тұсаукесерді еліміз сыртқы саясат ведомствосының басшысы Финляндия Еуропа істері және сыртқы сауда министрі Александр Стуббтың қатысуымен өткізді. Олар Қазақстан елшілігі үйі алдында оның іске қосылғанын айғақтайтын мемориалдық тақтаны бірге ашты.
Тұсаукесерге арналған жиында еліміздің Финляндиядағы елшісі Ғалым Қойшыбаев қысқаша сөз сөйледі. Мұның соңын ала жиналғандар екі министрдің құттықтау сөздеріне құлақ түрді. Олар бұл шараның Астана мен Хельсинки арасындағы қарым-қатынастың қадамы мен қарқынын бұрынғыдан да арттыра түсуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Дегенмен, біздің Суоми елімен ынтымақтастығымыз дәл бүгін ғана басталып отырған жоқ. Бұған дейін еліміз бұл жақпен барлық тарапты байланысын Литвадағы елшілігі арқылы реттеп тұрды. Міне, фин байтағында ірге көтерген жаңа дипломатия корпусы Вильнюстегі сол елшіліктен енші алып, бөлек шығып жатқан жас отау іспеттес. Ал екі ел арасындағы мүдделестік мезіретінің мерзімі әріде жатыр. Ол 1992 жылдың ақпанында финдердің біздің тәуелсіздігімізді мойындаған кезінен бастау алады. Сол қалтқысыз қарым-қатынас күні бүгінге дейін сызат түспеген қалпында жарасты жалғасын тауып келеді.
Бұл байырқалы байланыс, сөз жоқ, 2009 жылғы 15 қазанда Фин­ляндияның Астанада өз елшілігін ашқан сәттен өзгеше қарқын алды. Әлбетте, финдердің күллі Кін­дік Азия елдері арасынан Қазақстанды бірінші етіп алыстан ат арытып келгенінде шылбыр байлайтын қара шаңырақ тануы айрықша қуантады. Осының өзі-ақ еліміздің жаһан жұрты алдындағы мәртебесін бұрынғыдан бетер биіктете түсті. Ал үркердей үміт артылған сол қайырлы қарым-қатынастың қазіргі аяқ алысы екі жақтың да көңілінен шығады. Бүгінде Қазақстан Суоми елі үшін Орталық Азиядағы ең негізгі де маңызды сауда әріптесіне айналып үлгерді. Екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастың барған сайын құшақ ажырамас бола түсуін қазіргі таңда қазақ жерінде 40-тан астам фин компания­сы жұмыс жасап жатқанының өзі аңғартады. Мұның арғы жағында Алматыда 2007 жылдан бері Finpro сауда орталығы жұмыс істейді.
Тағы бір дерек, Финляндияның Еуропа істері және сыртқы сауда министрі Александр Стуббтың Қазақстанға өткен жылғы қазан айындағы жұмыс сапары болашақта бизнес саласында атқарылатын біраз ортақ ойлардың ордасын ашып берді. Сол сапарға өз еліндегі 55 компанияның өкілдерін ала келген фин делегациясы Алматыда бизнес-семинар өткізді. Жоғарыда аталған фин сауда орталығы ұйымдастырған шарада елімізге фин инвестициясын тартудың жаңа жолдары қарастырылды. Бұдан кейін Астанада Қазақстан-Финляндия Сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 7-ші отырысы өтіп, бизнес-семинарда көтерілген мәселелер одан әрі пысықталды. Сол сапарда фин министрі өз елінің Қазақстандағы қазіргі таңдағы ең ірі инвестициясы экономиканың телекоммуникация секторына бағытталып отырғанын айтқан еді. Оның пікірінше, соңғы он жылдың бедерінде Қазақстан мен Финляндия арасындағы сауда-саттық көлемі айтарлықтай өскен. Бұл ретте екіжақты сауда айналымы 850 млн. еуроға жеткен 2008 жылғы көрсеткіш әзірге рекордтық нәтиже болып тұр. Әлбетте, содан кейін әлемді жайлаған қаржы-экономикалық дағдарыс саудаға да кері  әсер етпей қалған жоқ. Бұл, әсіресе, айналым ауқымы 500 млн. еуро болған 2011 жылы айрықша білінді. Дегенмен, былтырдан бері бұл бағытта қайта өрлеу басталып келе жатқаны байқалады.
Елшілік ашылу тұсаукесерінің іс-шарасынан кейін Ерлан Ыдырысов пен Александр Стубб өзара келіссөз жүргізді. Бұл кездесуге фин өкілі екінші жағынан Қазақстан-Финляндия үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы ретінде де қатысты. Мүдделес екі жақ келіссөз барысында Финляндия президенті Саули Ниинистенің Қазақстанға үстіміздегі жылғы 16-18 сәуір аралығына жоспарланған мемле­кеттік сапарының аясында қаралатын екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылады.
Осы күні Ерлан Ыдырысов сондай-ақ Финляндияның бұрын­ғы президенті Матти Аахти­сари­мен кездесті. Ол кешке қарай Хельсинки университеті жанындағы Александр институтына барып, ондағы профессорлық-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесті, олардың алдында сөз сөйледі.

Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан» – Хельсинкиден.