15 Наурыз, 2013

Жаңа Рим Папасы сайланды

467 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа Рим Папасы сайланды

Жұма, 15 наурыз 2013 2:25

Үстіміздегі жылғы 13 наурыздың кешінде Ватикандағы Сикст капелласының мұржасынан ақшыл түтін будақтап шыға бастады. Сонау 1939 жылдан бері қалыптасып қалған үрдіс бойынша бұл үміткерлердің бірінің таңдаушылардың үштен екі бөлігі мен тағы бір дауысты алуына байланыс­ты Папаның сайланғанын білдіретін еді. Ал жаңа понтифик бұған дейін басты кандидат саналып келгендердің қатарынан шыққан жоқ. Бұл орынтаққа аргентиналық Хорхе Марио Бергольо отырды.

 

Жұма, 15 наурыз 2013 2:25

Үстіміздегі жылғы 13 наурыздың кешінде Ватикандағы Сикст капелласының мұржасынан ақшыл түтін будақтап шыға бастады. Сонау 1939 жылдан бері қалыптасып қалған үрдіс бойынша бұл үміткерлердің бірінің таңдаушылардың үштен екі бөлігі мен тағы бір дауысты алуына байланыс­ты Папаның сайланғанын білдіретін еді. Ал жаңа понтифик бұған дейін басты кандидат саналып келгендердің қатарынан шыққан жоқ. Бұл орынтаққа аргентиналық Хорхе Марио Бергольо отырды.

Осылайша, Рим-католик шіркеуі мың жылдан астам тарихында өзіне бірінші рет Еуропадан тыс жерден басшы сайлап алды. Латын Америкасынан шыққан понтифик бұдан былай «Франциск I» деген есім алатын болды. Реттік саны бойынша 266-шы болып табылатын жаңа Папа бесінші сайлаудың қорытындысында ғана анықталды. Мұны сайлау аяқталған бойда Рим-католик шіркеуінің протодиако­ны Жан-Луи Торан Әулие Петр со­борының балконынан: «Бізде жаңа Папа бар» деп хабарлап жет­кізді. Ал алаңда тұрған бірнеше мың адам бұл мәлімдемені қуана қар­сы алды. Папаның өзі Сикст капел­ласының мұржасынан ақ­шыл түтін ұшып біткен соң ғана жұрт­шылық алдына шықты. Өз сөзінің басында Франциск I Рим епископы мен барлық римдіктерден өзінің ал­дын­дағы басшы – Бенедикт XVI үшін дұға оқуды өтінді. Мінә­жат оқылып болған соң понти­фик Әу­лие Петр алаңына жинал­ғандарға қай­ыр­лы түн мен бейбіт демалыс тіледі.

Енді Францискті таққа отыр­ғызу рәсімі 19 наурыз күні өтеді.

Бұл жаңалықты Аргентина елінің жасы мен кәрісі түгел көздеріне жас алып, айран-асыр қуана қарсы алды, деп хабарлады Аргентина жаңалықтар агенттігі. Көпшіліктің бұған беріп жатқан бағалары да осыған сай, «Бұл күтпеген нәрсе!», «Қазіргі таңдағы ең ғажайып жәйт осы!», «Адам сенгісіз оқиға!», «Қуанғаннан сөйлеуге тіл жоқ!» деген сөй­лем­дермен өрнектеліп жатыр. Соны­мен бірге мұндағы жұрт жаңа Па­паны «керемет ұстамды да сабырлы адам» ретінде сипаттауда.

Аргентиналықтың понтифик болып сайланғанына әлемдегі көптеген лидерлер де өз пікірлерін білдіріп үлгерді. «Бұл күллі әлем­дегі 1,2 миллиард католик үшін ең ұлы күн», деп жа­зыпты осы сәт­те Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон өзінің Твиттеріне. Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның Бас хатшысы Пан Ги Мун бұдан әрі де БҰҰ мен Ватикан ара­сында ынты­мақ­тастықтың бола­тынына үміт арта отырып, Фран­цискті қызметімен құттық­тапты.

Былайғы өмірдегі Хорхе Марио Бергольо 1936 жылғы 17 желтоқсанда Буэнос-Айресте туған. 1958 жылы семинарияны бітіріп, иезуит ордені – «Иисус Қоғамына» кіреді. Кейін білімін бірнеше колледжде жалғастырып, теология профессоры атағын алады. 1969 жылы священник дәрежесіне қол жеткізеді. 1992 жылы епископ қатарына алынған ол арада алты жыл өткенде, Буэнос-Айрестің архиепископы атанады. 2011 жылы Бергольо кардинал-священниктер тобына енгізіледі. 2005 жылы Епископтар синоды кезінде синодтан кейінгі кезең кеңесінің мүшелігіне сайланады. 2005-2008 жылдары ол Аргентинаның Епископ конференциясын басқарады.

Тағы бір дерек, 2005 жылғы Папа сайлауында тап осы Бергольо кейін «Бенедикт XVI» атанатын Йозеф Ратцингердің басты қарсыласы болыпты. Сонымен бірге, көпшілік Бергольоны консерватор ретінде бағалап отыр. Құдай сөзін оқудың шебері болып табылатын ол аборттар мен эвтаназияға, гомосексуализм мен бір жынысты адамдардың бала асырап алуларына барынша қарсы адам есебінде де жұрт жүрегінде қалып қойған екен. Жаңа понтифик испан, итальян және неміс тілдерінде еркін сөйлейді. Ол аскет адам ретінде де белгілі көрінеді. Өзінің сөзіне қарағанда, Ватикандағы тәртіпті өзгертуге оншалықты құштар емес. Сонымен бірге, оның интернетті өте көп әрі тиімді пайдаланатыны да айтылып жатыр. 

«Егемен-ақпарат».