15 Наурыз, 2013

Дүбірге толы дүние

213 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүбірге толы дүние

Жұма, 15 наурыз 2013 1:23

Екі Корея соғыс жағдайына көшті

Солтүстік Корея – Корея Халықтық-Демократиялық Республикасы бүгінге дейін басшылыққа алынып келе жатқан Корей түбегін денуклеаризациялау туралы келісім мен 1953 жылы қабылданған уақытша бітім жөніндегі келісімнің күшін жою туралы шешім қабылдады.

 

Жұма, 15 наурыз 2013 1:23

Екі Корея соғыс жағдайына көшті

Солтүстік Корея – Корея Халықтық-Демократиялық Республикасы бүгінге дейін басшылыққа алынып келе жатқан Корей түбегін денуклеаризациялау туралы келісім мен 1953 жылы қабылданған уақытша бітім жөніндегі келісімнің күшін жою туралы шешім қабылдады.

Бұл құжаттың біріншісі іс жүзінде жүзеге асып та жатқан жоқ болатын, ал екіншісі жақсылы-жаманды Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасындағы әскери қақтығысқа жол бермеуге негіз саналатын. Енді сол негізге балта шабылды, уақытша бітім күшін жойған соң, ресми түрде екі ел арасында соғыс жағдайы қалыптасады.

Екінші дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін Корея мемлекеті Кеңес Одағының және АҚШ-тың ықпалындағы аймақтарға бөлініп, онда екі мемлекет орнады. Олар 1950 жылдан 1953 жылға дейін соғысып та үлгерген. Тек 1953 жылы олар соғысты уақытша қоя тұрайық деп келісімге қол қойды. Соғысты біржола қою жөнінде келісім жасалған жоқ. Бұл жөнінде екі жақтан да талай рет айтылған, бірақ нақты келісімге жете алмады. Жетулері де мүмкін емес еді. Олар бір-бірінің талаптарын ешқашан да қабылдамайды.

Уақытша келісім соғыстың болмауына кепілдік бермегенімен, белгілі дәрежеде екі жаққа да міндеттер жүктейтін. Енді оның күші жойылғанда, біраз жұртқа соғыс қаупі үрейін тудырып отырғаны анық. Екі жақ та өз әре­кеттеріне жауап бермейді, соғыс жағдайында бір-біріне соққы беруі қалыпты жағдай саналады. Жұрт содан қорқады.

Пхеньян мұндай шешімге осы аптаның басында Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың бірігіп әскери жат­тығуды бастайтынына жауап ретінде барғанын айтады. Әри­не, жауласқысы келгенге желеу табылады. АҚШ пен Корея Рес­публикасы да КХДР-дің күні кешегі ядролық сынағын алға тосуына болады. «Сен өйтсең, мен бүйтемін» қағидасы  қашан да бәле іздегендердің құралы. Оның кейде қанқұйлы қақтығысқа соқтыратыны да бар.

Бопса жасағанға КХДР бас­шылығы ұста. Құртамыз да жоя­мыз деп АҚШ-тың өзіне доқ көр­сетеді. Бұл біреулердің күл­кі­сін тудырғанымен, жосықсыз әре­кеттерден сақтанбаса және болмайды. АҚШ Ақ үйінің өкілі Джей Карни АҚШ әкімшілігі «Солтүстік Кореяның агрессияшыл даңғазасынан сөзсіз шошитынын» мәлімдеді. Ал Пхеньян алдымен Оңтүстік Кореяның Сары теңіздегі әскери нысандар орналасқан Пэннендо аралына шабуыл жасалатынын хабарлап, бұған байланыс­ты өз көсемдерінің пікірін де жариялады: «Тиісті бұйрық алғаннан кейін сендер жетесіз жаудың бел омыртқасын күйретіп, мойнын бұрап, соғыстың қандай болатынын көрсетіңдер», депті Ким Чен Ын. Аталған аралды өртеп жібергеннен кейін суретке түсіріп, оны Сеулге жіберуді тапсырыпты.

Бұдан Оңтүстік Корея мен АҚШ қорқады деп тұжырым жасауға болмайды, әрине. Тіпті алдын ала АҚШ-қа соққы береміз деуін де жұрт сандырақ деп қабылдайды. Қашан соққы берер екен деп күтіп отыратын АҚШ жоқ. Бұған дейін Корея Республикасының бір аралын атқылап, шағын бір кемесін суға батырғаны халықаралық жағдайды тым шиеленістірмейік деген парасаттылық тоқтамға барып тірелгені белгілі. Оны бірақ КХДР ұқпағандай. Ал Пэннендо аралын отқа оралту жоспары Пхеньянға шығарылатын үкімнің басы болуы мүмкін. Бұл аралдағы әскери нысандар мен оның қызметшілерін былай қойғанда, 5 мыңдай бейбіт халық тұрады. Олардың өміріне қиянат жасаған күнде ол жауыздықтан ешкім желеу айтып құтыла алмайды.

Соғыс қазір ешкімге керек емес. Бәрінен көп зардап шегетін екі Корея халқына мүлде керек емес. Солай бола тұрса да, сол соғыс желігін ауыздықтайтын жолдың табылмай отырғаны өкінішті-ақ.

 

Кішкентай Кипрдің үлкен әлегі

Жақында ғана бұл елде сайлау өтіп, жаңа президент Никос Анастасиадис билік тізгінін ұстағанынан бері жұрт назарын ондағы экономикалық жағдай аударып отыр. Ол Еуропалық Одақтың шын мәніндегі бас ауруына айналды.

Кішкентай деп кемсіткіміз жоқ, бірақ халқы жарты миллионнан шамалы ғана асатын бұл елдің проб­лемасын шешу үшін Брюссельде бас қосқан еуроаймақ елдерінің қар­жы министрлері бастарын қатырып, сонда да нақты шешімін таба алмай әлекке түсті. Бір кезде Қырғыз Республикасының президенті Алмаз­бек Атамбаев Батысқа жасаған сапары кезінде Еуропа өздеріне 15 миллион еуро көмек бере алмады деп өкпелесе, олардан халқы он есе аз Кипрдің мәселесін шешуге одан мың есе артық қаржы – 15 миллиард еуро да аздық етіп отыр.

Сырттай қарағанда, кішкентай елдің проблемасын шешуге көп қаржы кетпеуге тиіс. Әлгі қаржы ел бюджетін үш-төрт есе орап алғандай. Әңгіме сол ша­ғын елдің қаржылық жүйесі көп елдердің экономикасымен кірігіп кеткені соншалық, мұндағы жағ­дай басқаларға да ықпал етеді. Айталық, Кипр банктері  акти­вінің жалпы көлемі 150 миллиард еуроға шамалас.

Шағын ғана Кипрдің үлкен экономикалық саясаттың нысанына айналуы бұл елдің сырт­қы саясаттың да нысаны бол­ғандығына байланысты. Бір елдер оны Түркияға қарсы пайдаланғысы да келген. Сол Түркияның жел­кесіндегі аралда орналасқан шағын ел – бүкіл Африка мен Азияға баратын сауда жолының үлкен бекеті. Әлемдік олигархтар мұнда лас ақшаларын сақтауға мүмкіндік алған. Жалпы, Кипр оффшорында лас ақшаны «жуу» жүзеге асады.

Кипр қалай қаржы орта­лы­ғына айналды? Түркиядай эко­номи­калық алыпқа Еуроодақ қақпасы ашылмағанда, алақандай Кипр оған қалай оңай кірді? Сая­саттың арқасында. Кипр үшін талас бұрын­нан келе жатыр. Ол кімге отар болмады?! Онда қазір де ағылшын әскери базасы бар. Грекия оны өзіне қосып алып, Түр­кияның желкесінен қарап отыр­­ғысы келген. Сол оймен 1974 жылы Кипрді басып алуға әрекеттенгенде, Түркия ондағы өз қандастарын қорғау үшін әскерін түсірді. Сөйтіп, кішкентай Кипр екіге бөлінді. Еуропа христиандық Кипрді қолдайды, ол 2004 жылдан Еуроодақ мүшесі, түріктік Кипрге бұл жүрмейді. Христиандық Кипр – БҰҰ-ға, БСҰ-ға, ЕО-ға, ДВҚ-ға, ХДВ-ге, ЕҚЫҰ-ға, ЕК-ге мүше. Аралдың жартысына ие Түріктік Кипрді тек Түркия республикасы ғана таныған.

Еуропаның қаржылық басшы­лығында Кипрге қаржылай көмек беруге байланысты дау көп. Еуро­одақ сол көмектері басқаның қал­тасына түсіп кетпей ме деп қауіптенеді. Сөйтсе де, Еуропалық Комиссия, Еуропалық орталық банк және Халықаралық валюта қоры бұл елге 17 миллиард еуро көлемінде көмек беру жөнінде келісімге келсе де, алдымен бұл елдегі қаржылық жағдайды, ең алдымен лас капиталды өткізуді мықтап бір тексеріп алуды жөн санап отыр.

Ал бұл тексеру ұзағыраққа созылып, көмек кешігер болса, Кипрдің қаржылық жүйесі осы наурыздың аяғында-ақ банкротқа ұшырамақ. Ол бүкіл Еуропаны күйзелтеді. Кішкентай Кипрдің әлегі үлкен.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».