03 Сәуір, 2013

Абыз

408 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

Абыз

Сәрсенбі, 3 сәуір 2013 1:53

Қазақтың біртуар ардагер аза­мат­тарының бірі Рахаңның, Рахманқұл Бердібайдың мәңгілік сапарға аттанғанына да бір жылдың жүзі болып қалыпты. Көзі тірі болғанда, өткен жылдың желтоқсан айында 85-ке толатын мерейтойын қазақтың зиялы қауымы бүкіл елімен бірге ғұламаны ортаға алып, ұлан-асыр той жасап атап өткен болар еді. Десек те, «жазмыштан озмыш жоқ» дейтін халық даналығы ойға оралады.

Азаматтың шын бағасы оның атқарған қызметіне, не болмаса қалтасының қалың­дығына қарай емес, халқына сіңірген еңбегіне қарай бағаланады. Оның үстіне адамның көзі тірісінде пендешілікпен, түрлі себептермен ол туралы артық-кем пікірлер айтылып өзіне лайықты бағасын ала алмауы да мүмкін. Ер азаматтың шын қадірін, бағасын арамыздан о дүниеге кеткенде ба­рып біліп жататынымыз да сондықтан болса керек.

Сәрсенбі, 3 сәуір 2013 1:53

Қазақтың біртуар ардагер аза­мат­тарының бірі Рахаңның, Рахманқұл Бердібайдың мәңгілік сапарға аттанғанына да бір жылдың жүзі болып қалыпты. Көзі тірі болғанда, өткен жылдың желтоқсан айында 85-ке толатын мерейтойын қазақтың зиялы қауымы бүкіл елімен бірге ғұламаны ортаға алып, ұлан-асыр той жасап атап өткен болар еді. Десек те, «жазмыштан озмыш жоқ» дейтін халық даналығы ойға оралады.

Азаматтың шын бағасы оның атқарған қызметіне, не болмаса қалтасының қалың­дығына қарай емес, халқына сіңірген еңбегіне қарай бағаланады. Оның үстіне адамның көзі тірісінде пендешілікпен, түрлі себептермен ол туралы артық-кем пікірлер айтылып өзіне лайықты бағасын ала алмауы да мүмкін. Ер азаматтың шын қадірін, бағасын арамыздан о дүниеге кеткенде ба­рып біліп жататынымыз да сондықтан болса керек.

Уақыт – қатал сыншы. Уақыт сынынан ұлтының адал ұлдары ғана сүрінбей өте алады. Міне, осы тұрғыдан келгенде, ұлтына адал қызмет етіп, бүкіл ғұмырын сол туған халқының тағдырымен ұштастыра білген, ұлтының жоғын жоқтап, барын базарлай білген азаматтың бірі – Рахманқұл Бердібай.
Қазақ үшін қазақтың бар жері – қасиетті. Десек те, Түркістанның орны бөлек. Тек қазақ қана емес, күллі түркі халықтары бірлігінің символына айналған киелі қала көне Түркістан ғасырлар бойы түркі әлемінің рухани астанасына айналды. Түркістанның түркі халықтарының ұлыс болып, қазақ халқының ұлт болып ұйысуында атқарған тарихи рөлі айрықша. Бұл топырақтан түркі әлеміне, қазақ халқына адал қызмет етіп, атақ-даңқы шар тарапқа мәшһүр небір ұлылар, қайраткерлер шыққан. Солардың соңғы тұяғы біз әңгіме өзегіне айналдырғалы отырған – Рахманқұл Бердібай.
1927 жылдың 2 желтоқсанында Түр­­­кіс­­танның жанындағы Көкіш ауы­лын­да шыр етіп, дүние есігін ашқан қа­зақ­тың атақ­ты әдебиеттанушы ғалымы, белгілі түркітанушы, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор, Қазақ­стан Республикасы Ұлттық Ғылым Ака­демиясының, Түрік тіл құрылымының (Түркия), Халықтық (экологиялық), Халық­аралық Айтматов, Ресейдің халық­аралық психология академияларының ака­демигі, «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» (1984), «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» (1990), ҚР ҰҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының (1990), Махмуд Қашқари атындағы Халықаралық сыйлықтың (1998), «Түркі әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлығының иегері, «Парасат» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған Рахманқұл Бердібайдың есімі Қазақстанға, одан қалды түркі әлеміне кеңінен танымал.
Қазақ әдебиеттану ғылымына, одан қалды түркі әлемін зерттеуге айтарлықтай үлес болып қосылған 50-ден аса кітап, 1500-дей ғылыми, ғылыми-көпшілік мақала Р.Бердібайды қазақ әдебиеттану ғылымының, қазіргі түркітанудың аса көрнекті өкілдерінің қатарына қосты. Рахманқұлдың ғылыми ең­бектері энци­кло­педиялық құлашымен, ғы­лыми тереңдігімен, қоғамның зәру проб­лемаларын дер кезінде көтере білген өмір­шең­дігімен, жан-жақ­тылығымен ерекшеленеді.
Ұлттық, түркілік мұраттармен суға­ры­лып, жалпыадамзаттық идеалдар биігіне көтерілген ғалымның еңбектері өзіне лайықты бағасын ғылыми жұртшылық тарапынан әлдеқашан-ақ алып қойған. Солардың бірі түрік ғалымы Шериф Ақташ: «Деде Қорқыт, Ахмет Ясауи аманатын арқалағандай болып, түрік дүниесі бірлігі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтар арасында көрнекті ғалым Рахманқұл Бердібайдың жөні бөлек. Біз Рахманқұл Бердібайды сындарлы ғалым, үлкен тұлға тұтып, айрықша қадірлейміз. Қызыл империяның кезінде де түріктік идеялардың қозғаушысына айналған ол бүгінде де түрік бірлігі жолында аянбай еңбек етуде… Қазақ жеріндегі кешелі-бүгінгі фольклор мен халық ауыз әдебиетінен бас­тап, Ұлы Түркістанда қалыптасқан мәдениет пен талғам бірлігінің жемісіне қол жеткізген Рахманқұл Бердібай түрік бірлігінің үніне айналған асқақ тұлға. Рахманқұл Бердібай – бүгінгі Деде Қорқытымыз» деп жазыпты.
Ақын Темірхан Медетбек:
«Әрбір сөзі ертегі,
Көне дана оғыздай.
Көкірегі шер толы,
Қара шанақ қобыздай…
Ойға толы әр күні-ай,
Бойында бар тектілік.
Рахманқұл Бердібай,
Көк бөрілі көк түрік» –
деген жыр жолдарын төгіпті.
«Ақын болу міндет емес, азамат болу міндет». Рахманқұл да ғалым ретінде танылмастан бұрын-ақ ұлтжанды азамат ретінде көзге түсті. Ғылымға көсемсөз арқылы келген Р.Бердібай азаматтық публицистиканың тамаша үлгілерін көрсетті. Ұлт болашағы үшін күрестің қандай қатал замандар болмасын, ешуақытта тоқтамайтындығын, бұл ретте өміршең ойларды елге жеткізуде баспасөздің мол мүмкіндіктерін барынша пайдалана білудің маңызы зор екендігін дәлелдеп берді.
Ол өзінің жазған алғашқы мақалаларынан бастап-ақ қазақ халқының тағдыры оның тілінің тағдырымен тікелей байланыс­ты екенін ашына көтерді. Рахаңа құлақ салайық: «Қазіргі қазақ тілі – адамзаттың ең ұлы ойшылдарын өз тілінде сөйлете білген бай тіл болып саналады. Ол бұдан былай да көркейе, жандана бермек. Қазақ тілінде дүниежүзілік әдебиет қазынасына қосарлық тамаша көркем шығармалар жасалды.
Алайда, біздің арамыздан осы шындықты ескермейтін жолдастар да табылады. Ондайлардың зияны да аз болып жүрген жоқ… Коммунизм тұсында бір тіл екінші тілді жеңеді деген тұжырымды кейбір жолдастар қазіргі өмірге қолданатын аксиома санайтын көрінеді. Мұны нағыз зиянды көзқарас деп атамасқа болмайды… Мұның ақыры неге соғатынын өмірдің өзі көрсетіп келеді. Бізде қазақ тілінде жаза білетін инженер, агроном, зоотехник, физик дегенді ілуде бір кездестіруге болады. Мұның өзі көп жағдайда кісі күлерлік жайға душар етеді. Қазақ интеллигенті ана тілін білмейді! Ең қынжыларлығы сол – бұл мәселені кейбір жолдастар әбден табиғи, заңды көрініс деп санайды. Ол ол ма? Халқымыздың мақтанышы болып саналарлық профессор, ғылым кандидаттарының дені қазақша кітап түгіл, кішкене мақала да жаза алмайды. «Самарқанда бір қызым бар, бұдан һәм сорақы» деген екен біреу. Біздің басшы қызметте отырған қазақ жолдастардың біразы да қазақша сауаттымыз деп мақтана алмаса керек» (Р.Бердібаев. Ең үлкен мәдени байлық. «Қазақ әдебиеті», 22.IV.1956).
Өткен ғасырдың орта шенінде айтылған бұл пікірлер қазірге дейін өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Қазақ ұлты үшін өткір де өзекті мәселені қозғаған бұл мақала кеңестік тоталитарлық жүйеде ұзақ жылдар бойғы қуғындаулардан есеңгіреп қалған қазақ қауымын дүр сілкіндіргендей болды. Бойында қаны бар қазақтардың ұлттық намысы оянып, руханият айдынында найзағайдай жарқ етіп, атой салып, жұртшылықтың жүрегін дір еткізіп, сәуле шашқан мақалаға үн қосты. Осы басылым бетінде Р.Бердібайды қолдаған қазақ зиялыларының бірсыпыра мақалалары жарық көріп, көптен тұншығып, жабық жатқан тақырыптарға қозғау салды.
Рахаңның осы кезде осы бағытта жаз­ған тағы бір мақаласы – «Қазақ әдебиеті тари­хының кейбір мәселелері» («Әдебиет және искусство», 1956, №12; «Көкшетау правдасы», 04.01.1957). Автор мұнда қазақ әдебиетінің озбыр саясаттың кесірінен қозғалмай жатқан бай мұрасын игеруге шақырды. Бұл кездерде қазақ әдебиетінің тарихын XVIII ғасырдан, яғни Бұқар жыраудан бастап жүрген. Оған дейін қазақ халқында әдебиет болған жоқ, болса, ол ауыз әдебиеті ғана деп келген болатын. Сол кезде үстемдік құрған марксизм-ленинизм ілімі бойынша, фольклор әдеби дамудың төменгі сатысы, ал шын мәніндегі әдебиет жазба әдебиет деп есептелетін. Әрине, бірыңғай социалистік мәдениет жасау міндеті (мұны ұлт мәдениеттерін орыстандыру деп түсініңіз) алға негізгі мақсат ретінде қойылып жатқанда, ұлттық мәдениет мәселелерін көтеру жоғарыдағы билік басындағыларға ұнамады.
Көп ұзамай-ақ, осы мәселені батыл көтерген «Қазақ әдебиетінің», Р.Бердібай бастаған авторлардың мәселесі 1956 жылдың қазан айында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюро мәжілісінде қаралды. Онда «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы С.Мәуленов, оның орынбасары Ж.Молдағалиев, жауапты хатшысы Т.Әбдірахманов қызметінен босатылды. Р.Бердібайдың «Қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелері» атты мақаласын жариялағаны үшін «Әдебиет және искусство» журналының редакторына қатаң сөгіс берілді, ал осы мақаланы көшіріп басқан «Көкшетау правдасы» газетінің редакторы Ө.Оспанов қызметінен босатылды.
Осыншама адамның жазалануына себепкер болған Р.Бердібай да өзіне лайықты «сыбағасын» алды; ол сол кез үшін аса ауыр жаза – партия қатарынан шығарылып, саяси жағынан сенімсіз болғандықтан да баспасөзде жұмыс істеуге болмайды деп, қызметінен босатылды.
Осы кезде Р.Бердібайдың «ұлтшылдық жат пиғылдарын» «талқандауға» ерекше көңіл бөлінді. «Социалистік Қазақстан» газеті «Қазақ халқының мәдениетін көркейте берейік» («Социалистік Қазақстан», 29.01.1957), «Бір зиянды мақала» («Социа­лис­тік Қазақстан», 05.02.1957) атты материалдар жариялап, Рахманқұлдың мақалалары саяси, партиялық тұрғыдан зиянды, халыққа жат деп бағаланды. «Ең жаманы сол Р.Бердібаев өзінің ғылыми негізсіз, саяси қате, біздің идеологиямызға жат бұл пікірлерін тағы да көпшіліктің пікірі деп ұсынған… Яғни, ол әдебиеттің идеялылығын жоққа шығарып, оның саясаттан тыс болуын уағыздайды. Көркем әдебиеттің идеялылығы дегенді ол құбыжық етіп көрсетпек болады. Р.Бердібаев өткен заманнан қалған мұраны әділ зерттеп бағалаудың орнына оның бәрін әдебиеттің «алтын қорына» қосуды ұсынады. Ол заманда үстем тап тудырған, солардың мүддесін жырлаған әдебиет те болғанын Р.Бердібаев білмей ме? Ендеше, әр шығармаға маркстік-лениндік ілім тұрғысынан баға беруге ол неге қарсы?» («Социалистік Қазақстан», 05.02.1957) деп, «кемшіліктерін» санамалады.
Бұдан «Қазақ әдебиеті» газеті де қалыспады. Онда жарияланған «Әділ сын, алғы міндеттер» (01.02.1957) және «Ұшқары пікірлер, елеулі қателер» (08.02.1957) атты мақалаларда Р.Бердібайдың ұлтшылдық бағыттағы пікірлерін идеялық жағынан талқандауға едәуір көңіл бөлінді. Сөйтіп, Р.Бердібайдың «саяси қате» пікірлері өзіне лайықты бағасын алып, саяси тұрғыдан барынша айыпталды.
Өмірінің осы бір аса қиын кездері туралы Р. Бердібай кейіннен былай деп жазады: «Мен қазақ тілі мен мәдениетінің аса ділгір мәселелерін көтергенім үшін елуінші жылдары бірінші ұлтшыл атанып, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің қаулысына іліккенімді, «Правда» газетінің бетінде сынға ұшырағанымды, жұмыстан, партиядан шығарылғанымды, мақалаларым мен кітаптарымды бастыра алмай, көп сарсаңға түскенімді, қай күні итжеккенге айдалып кетер екенмін деп жүрген сергелдең күндерімді мақтаныш үшін ғана еске түсірмеймін. Бұл – менің өмірбаянымдағы белгілі белестер. Қазіргі күнге дейін мен осыдан жарты ғасыр бұрын көтерген тақырыбымды – ұлт мұратын жалғастырып келемін» («Тұран», 2001, №1).
Қазақ әдебиетінде жарты ғасырдан астам еңбек еткен Р.Бердібай қаншалықты қиындықтарға қарамастан осы алған бетінен, яғни ұлтқа қалтқысыз қызмет ету бағытынан бір де бір рет тайған емес. Рахманқұлдың елу жылдық шығармашылық жолы – ұлтқа әдебиет, мәдениет, ғылым арқылы қызмет етудің жарқын көрінісі.
Ұлттық рух, сол рухты ұлықтау оның бүкіл еңбектерінің негізгі сарынын құрайды. Рахаңның әрбір мақаласынан, зерттеулерінен, монографиялық еңбектерінен, тіпті қарапайым тіршілікте сөйлеген сөздерінен ұлтым деп соққан ұлы жүректің лүпілі сезіліп тұратын. Р.Бердібайдың еңбектерінің бүкіл өн бойынан ұлтының ертеңіне деген қам, алаңдаушылық байқалады. Рахаң айтқан ойлар ұлттық идеяларды жаңа заманға орай жаңғыртып, жетілдіріп, толықтырып жатады. Егер қазір біз қазақтың ұлттық идеологиясы бар дейтін болсақ, Р.Бердібай соны жасаушылардың бірі дер едік.
Р.Бердібай былай деп жазады: «Қазағым да, рахатым да, қасіретім де – қазақ, қазақтың тарихы, бай мұрасы. Таяқ жейін, мейлі үлесімнен құр қалайын, қазақ үшін істеген әрекетімнің бәрі қуаныш» («Ел боламыз десек…», А., 2000, 122 бет).
Р.Бердібайдың пайымдауынша, қазақтың басына төніп тұрған үш түрлі қауіп бар. Олар: жер, тіл, дін. Осы мәселелерді дұрыс шешсек қана тұғырлы ел болып қаламыз; бұлардың күнделікті тұрмыс-тіршілікте, қоғамдық өмірдің түрлі салаларында дұрыс шешілмеуі елдің болашағын бұлыңғыр етеді.
Рахаң ең алдымен, жерді көздің қарашығындай сақтау керектігін еске салады. Өйткені, әрбір адам ана сүтімен ер жететін болса, әрбір халық Жер-Ананың аясында өмір сүріп, тіршілік жасай алады. Жері жоқ халықтың өсіп-өнетін жағдайы жоқ; сондықтан да оның болашағы бұлың­ғыр. Жер бетіндегі соғыстың барлығы дерлік, біреудің жерін, оның қойнауындағы байлықты басып алу үшін жасалынған.
Р.Бердібай әдебиетші ғалым болған­дықтан да тіл, мәдениет, дін мәселелеріне көбірек көңіл бөледі. Ол «Қазақ елі еңселі ел болуы үшін «Қазақ тілінің республикада бірден-бір мемлекеттік, ресми және ұлтаралық тіл екенін тұжырымдайтын Ата Заң бабы қабылдануы» («Дәстүр қуаты», 2005, 24-бет) керек деп біледі.
Ол «Дүниедегі баға жетпес асылымыз, мәңгілік қазынамыз – ана тіліміз ресми түрде мемлекеттік тіл мәртебесін алғанмен, қадір білмес қаскүнем дұшпандар мен өз ішімізден шыққан аты қазақ, заты дүбәралардың, намыссыз мансапқорлардың кесірінен жылдар бойы қақпақылға түсіп келеді» («Ел боламыз десек» А., 2000, 81-бет) деп, реніш білдіреді. Қазақ тілінің қас дұшпандары ретінде мәңгүрттер мен көзқамандарды атап көрсетеді. Ұлтжанды азаматтың қазір «Ұлтшылдық дегенді бізге құбыжық етіп көрсетіп келгендердің жат пиғылын түсінетін уақыт жетті. Ұлтшылдық деген – өз халқын құрметтеу, сүю» («Ел боламыз десек…», А., 2000, 47-бет) дегенін әрбір қазақ есте ұстағаны жөн.
Р.Бердібай қазақ елінің болашағын тереңінен ойлайды. Ол Қазақстанның әлемдік өркениетте өзіне лайықты орнын алу үшін түркі халықтарының бірлігін шарт санайды. Рахманқұл тағы бірде мен «қандай мәселеге қалам тартсам да ең алдымен, халқымның мұрат-мүддесін алғы кезекке шығарғым келді. Менің кітаптарым мен мақалаларымның негізгі бір-ақ тақырыбы бар. Ол – халқымның тарихы, тағдыры, бұрынғы халі, қазіргі жағдайы және келешегі хақында толғаныс» («Дәстүр қуаты», А., 2005,57-бет) деп, ішкі сырын сыртқа шығарыпты. Шындығында да Р.Бердібайдың бүкіл саналы ғұмыры халқына қызмет етуге арналыпты. Осылайша ол халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, күңіренген ХХ ғасырдың Қорқыт атасы атанды.
Р.Бердібайдың ғылыми-шы­ғар­машылық жолы сан қырлы. Рахманқұлдың әдебиеттегі алғашқы аяқ алысы өлең жазудан басталған. «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарған жылдар (1954-1959) қаламгер үшін үлкен әдебиет мектебіне айналды. Сын бөлімін басқара жүріп, қазақ әдебиетінің талай-талай келелі мәселелерін шешуге ат салыс­ты; жазу өнерінің қыр-сырларын меңгере түсті. Р.Бердібайдың сынға араласа бастаған алғашқы жылдардағы әдеби бағытын оның «Қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелері» («Әдебиет және искусство», 1956, N-12; «Көкшетау правдасы», 1954, 4 қаңтар) атты проблемалық мақаласы айқын көрсетеді.
Мұнда қазақ әдебиетінің өткендегі мұраларын игеру мәселесін көтеріп, оған идеологиялық тұрғыдан біржақты баға берушілікті сынайды. Бұл кездің «Сталиндік ұлт саясатының» барынша «салтанат құрып», кереғар пікірлердің айтылуына жол берілмейтін, ал шығып кеткеннің өзінде де оған тиісті қатал шаралар қолданылатын қуғын-сүргін заманының соңғы толқындарының уақыты екенін ескере отырып, мақалаға көз жіберсек, сыншының сол қилы кезеңнің өзінде-ақ ұлттық әдебиетіміз жайлы еш қаймықпай, батыл айтқан пікірлерінен азаматтық үлгісін көреміз: «Бір де бір азамат өз халқының мәдени мұрасына енжар қарай алмайды. Әсіресе, жазылып қалған тарихи деректері көп емес қазақ халқының жағдайында әдеби шығармалардың танытқыштық рөлі аса зор… Көптеген зерттеулер мен мақалаларда көркем әдебиеттің өзіндік ерекшелігі ескерілмеді. Ғылыми дәлелдің орнына жалған саясатшылдық догма үстем болып келді. Шығармалардың рухы ескерілмей, жекелеген фактілер ғана есепке алынды… Көркем шығармадан «идеялылық» дегенді бөліп алып, жеке дара қараушылық пайда болды. Есте жоқ ескі заман туған шығармаға да қазіргі күннің талабы тұрғысынан қарадық. Көркем шығармада бай, молданың аты аталса, нағыз бисаясаттық болып көрінеді. Міне, осындай көзқарастың нәтижесінде «Қамбар батыр» мен «Қозы Көрпештен» басқа жырдың бәрі де құбыжық болып көрінеді. Жылдар бойы небір халықтық шығармалар жарық көрмей кетті… Жырда немесе жеке шығармада орыс патшаларына қарсы ілуде бір сөз айтылса, ол шығарма халықтар достығына зиян деп табылды. Міне, осындай жалған концепция осы күнге дейін жойылып біткен жоқ. Бұл әдебиет зерттеуінің тым табандап қалуына себеп болған жайлар. Осы тұрғыдан алып қарағанда, әдебиет тарихын қайта қарау мәселесі қазіргі мәдени өмірімізде аса зор маңызы болмақ…».
«Қазақ әдебиеті» газетіндегі жылдар Рахаңның қаламын ұштаған, әдеби-мәдени-әлеуметтік өмірге еркін араласқан, әдебиет майданына өзіндік мінезімен топ жара кіріп, қазақ әдебиетінің шешілмей жатқан күрмеулі мәселелерін батыл көтеріп, бетің бар, жүзің бар, партия бақылап тұр-ау деп, ешкімнен қаймықпай өміршең пікірлер айта алған, журналистикадан басталған жолдың сыншылыққа ұласып, жауынгер сыншы ретінде танылған шыңдалу мектебі болды.
Р.Бердібайдың сыншылық, ғалымдық шығармашылығының басты ерекшелігі дегенде, алдымен, оның диапазоны кең, жан-жақты білімдар ғалым екендігі бірден көзге түседі. Ол – мейлі, бүгінгі әдебиетіміздің жай-күйін немесе ауыз әдебиеті мен әде­биет тарихының әлі де жете зерттелінбей жатқан өзекті өңірлерін барласын немесе туысқан халықтар әдебиеті жайлы ой бөліс­сін, әдебиеттің теориялық мәселелерін әңгі­мелесін, әдебиет атты алтын қазынаның терең қыртыстарын қопарып, сыр тарта алатын толғанысқа толы пайымды пікірлерін дәлел­ді де сенімді жеткізе білетін әмбебап қалам­гер.
Оның әдебиет саласындағы еңбек­тері іштей жіктегенде, бірнеше бағыттарда көрінеді. Ол ең алдымен, публицист, әдебиет сыншысы, бүгінгі әдебиеттің тамыршысы ретінде танылды. Елуінші, алпысыншы жылдардың әдеби сынында Р.Бердібай қалам тартпаған тақырып жоқ шығар, сірә. Ол қазіргі қазақ әдебиетінен бастап, әдебиеттің тарихына, фольклорына, туысқан халықтар, шетел әдебиетіне арнап ондаған мақалалар жазып, сын майданының алдыңғы шебінде жүрді. Жаңа шығып жатқан кітаптардан бастап, жекелеген қаламгерлерге дейін сыншының сын назарына ілінбегендері некен-саяқ қана.
Р.Бердібай – қазіргі қазақ әдебиетінің үлкен зерттеушілерінің бірі. Қазақ кеңес әдебиетінің қалыптасу мәселелерінен кандидаттық, қазақ романының теориялық проблемаларынан докторлық диссертациялар қорғады. «Әдебиет және өмір» (1964), «Октябрь және қазақ совет әдебиеті» (1966), «Социалистік реализм туралы» (1966), «Роман және заман» (1967), «Қазақ прозасындағы замандас тұлғасы» (1968), «Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы» (1971), «Дәстүр тағылымы» (1973), «Қазақ романы» (1975), «Аңыздан романға» (орыс тілінде, 1976), «Ғасырлар толғауы» (1977), «Қазақ тарихи романы» (1979), «Биік парыз» (1980), «Замана сазы» (1985), «Тарихи роман» (1997) секілді кітаптарында бүгінгі кез әдебиетінің даму, теориялық, практикалық мұқтаждықтары жайлы толғамды ойлар айтылады. Дәуірдің жазушы шығармашылығына тигізер әсері, социалистік реализм әдісінің көркем әдебиетте көрінісі, сюжет пен характер, замандас бейнесі, жанр сипаттары нақтылы қарастырылған.
«Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы» атты монографиясында отызыншы жылдардағы қазақ әдебиетінің поэзия, проза, драматургия, сын мен әдебиеттану салаларында туған татымды туындылары диалектикалық даму тұрғысынан егжей-тегжейлі зерттелінген. «Әдебиет және өмір», «Қазақ прозасындағы замандас тұлғасы», «Биік парыз» сияқты еңбектерінде бүгінгі әдеби өмірдің өзекті мәселелері, жекелеген қайраткерлері, көркемдік процестердегі жаңалықтар, кейіпкерлер келбеті, т.б. ғылыми тұрғыдан талданылады.
Р.Бердібайдың зерттеулерінде М.Әуе­зов­тің шығармашылығы едәуір орын алады. Р.Бердібайды жазушы прозасының, оның ішінде қазақ әдебиетінің жиырмасын­шы ғасырдағы шырқау шыңы саналатын «Абай жолы» роман-эпопеясының өміршеңдік сырлары қызықтырады. Қазақ романына арналған еңбектерінің негізін де осы «Абай жолы» эпопеясы жайлы зерттеулері құрайды. Ұлы жазушының жүз жылдығы қарсаңында бұрынғы ізде­ніс­терінің нәтижесі, қорытындысы іспеттес «Мұхтар шыңы» атты жаңа кітабы өмірге келді. Еңбекте М.Әуезовтің қаламынан шыққан «Абай жолы» роман-эпопеясы тек «Мұхтар шыңы» ғана емес, сонымен бірге қазақ әдебиетінің де шырқау шыңы тұрғысынан жан-жақты зерттелінеді.
Жалпы, Р.Бердібай фольклорлық, әдеби мұраға қатысты еңбектерінде әдебиет атты мұхитта еркін жүзіп, тереңіне еркін бара алатын айрықша қабілеттілік танытады. Ол ауыз әдебиетінің тарихилық, халықтық, көркемдік қатпарларына жаңаша көзқараспен қарап, оларды игеру, бүгінгі егеменді елдің рухани игілігіне айналдыру мақсатында қыруар игілікті істер атқарды.
Рахманқұл Бердібай әрқайсысы екі кітаптан тұратын үш томдық «Қазақ әде­биеті тарихының» үшінші томын жазуға атсалысты; жауапты редакторы бол­ды. Мәскеуде шыққан «Көп ұлтты совет әдебиетінің тарихы», он екі томдық «Қа­зақ совет энциклопедиясының», төрт томдық «Қазақ ССР. Қысқаша энци­кло­пе­диясының» авторларының бірі.
Р.Бердібай соңғы жылдарда туысқан халықтар әдебиеті жайлы қалам тербеп, бірнеше кітаптар жазды. Оны, әсіресе, қазақ және көршілес халықтар әдебиеттерінің байланыстары, ортақ түп-тамырлары қызықтырған. «Гүлстанның бұлбұлдары» (1970), «Достық кемесінде» (1976), «Байқалдан Балқанға дейін» (1996) сияқты кітаптарында түбі бір туысқан халықтардың әдебиеттері жайлы құнарлы ойлар баршылық.
Өмірінің соңғы жылдарында халық эпосын зерттеумен дендей айналысқан ғалым олардың түп-тамыры бүкіл түркі халықтарына ортақ рухани көздерде жатқанына назар аударып, осы бағытта айтарлықтай тер төкті. Кеңестік кезеңде бір-бірінен әдейі оқшауландырылған бауырлас халықтардың туысқан әдебиеттерін жұртшылыққа жеткізуде, сөйтіп, әдебиет арқылы халықтар арасындағы достықты, туысқандықты насихаттауда қыруар жұ­мыс­тар атқарды.
Әдеби байланыстар проблемасын көтерген қай мақаласын қарасаңыз, оларда әдебиеттердің бір-біріне игі әсері, өзара ұқсастықтары, ортақ сарындары ал­дыңғы планға шығарылып, халықтар ара­сындағы достық идеясы уағыздалып оты­рады. Бұлардың біразы жол сапарларда, түрлі әдеби оқиғаларға байланыс­ты туындағандықтан да болу керек, пуб­лицистикалық сипаты басым. Солай бола тұра автор өзінің көргенін қызықтай бер­мей­ді, әдебиетші ретінде сол елдің әде­бие­тін айрықша назарда ұстап, ойлы көз жі­бе­ре­ді; олардан қазақ әдебиетіне қатысты ұқ­састықтар, үйренерлік тағылымдар іздейді.
«Байқалдан Балқанға дейін» (1996) – ғалымның бұл саладағы соңғы еңбегі. Ұлтжанды азамат бұл кітабында жаңаша – түркішіл қырынан көрінген. Еңбектің негізгі тақырыбы – түркі әлемі, түркі бірлігі, түркі халықтарының тағдыр-талайы, түркі халықтарының ортақ әдеби мұралары, түркі халықтарын біріктірудің басты мұраттары.
Автордың негізгі ойлары «Үш бірлікте» айқын көрінген, қазақ халқының егемен елдігі бекіп, ұлттық даңғыл жолда дамуы үшін үш түрлі шарт қажет. Олар: қазақ халқының ішкі бүтіндігі, түркі халықтарының бірлігі, дінге арқа сүйеу. Сөйтіп, ел ішінде осыларды елемеушілік, маңызын түсінбеушілік сияқты келеңсіз құбылыстардың қылаң беріп қалатындығынан сақтандырады.
Р.Бердібай – орта, жоғары мектептерге арналған түрлі оқулықтар мен көмекші оқу құралдар жазған, шәкірттер алдында дәріс оқыған ұлағатты ұстаз да. Оның «Қазақ совет әдебиеті» (С.Қирабаев, М.Ғабдуллинмен бірге) атты жоғары сыныптарға арналған әдебиет оқулығы жабық конкурста бірінші бәйге алған.
Ол ұзақ жылдар бойы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Абай атындағы Алматы Ұлттық педа­го­гикалық және Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы халықаралық қазақ-түрік универ­ситеттерінде қазақ әдебиетінен, фольклор­дан дәріс оқып, егеменді еліміздің ұлтжан­ды саналы азаматтарын тәрбиелеуде айтар­лықтай еңбек сіңірді. Ондаған аспи­рант­тарға, ізденушілерге ғылыми басшылық жасады.
Шын азаматтар жеке басын күйттемей, елінің ертеңімен өмір сүреді; халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды; өзінің бақытын халқының жарқын болашағынан көреді; өмірін сол жолдағы күреске арнайды. Қазақ халқының жұрт қатарлы егеменді ел болуын армандап, бүкіл саналы ғұмырын осы жолға арнаған Рахаң осы бағытынан таймай, жарты ғасырдан астам уақыт рухани майданның қақ ортасында ту ұстаушылардың бірі болды. Қазақ елі ресми тәуелсіздік алғанымен де нағыз рухани тәуелсіздікке әлі қол жеткізе алған жоқ деп білген ғалымды осы мәселе көп ойландырды. Мұның себептерін әлі де ұлттық сана-сезімнің әлсіздігінен, халықтың рухани оянбауынан, санамызға әбден сіңіп кеткен бодандық психология­дан көрді.
Рахманқұлдың ұлт алдында атқарған тағы бір абыройлы ісі – оның отыз бес жыл бойы (1965-1995) Алматы қаласындағы М.Әуезовтің музей-үйінде жұмыс істе­ген қазақ әдебиеті мен өнері халық универ­си­тетінің ректоры міндетін атқарып, 500-дей дәріс өткізуі. Осыншама қыруар жұмыс­тарды қоғамдық негізде атқарудағы басты мақсат «мүлгіп жатқан ойды ояту, қазақтың өз мұрасын өзіне қайтару» болған.
М. Әуезовтің музей-үйінде қазақтың С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сияқты атақты қалам қайраткерлерінен бастап, көптеген ақын-жазушылармен қызғылықты кездесулер өткізілді. Сондай кездесулердің бірінде (23.02.1973) С.Мұ­қа­нов тоқырау жылдарында ұлттық тарихқа деген көзқарастың барынша нашарлап, ғалымдарымыз тарихи шындықты айта алмай, қаламгерлеріміз өткенді жазғандығы үшін кінәланып жатқандығына қарамастан «Өткенді білу керек. Өткеннің тәжірибесі бүгінгіні білу үшін қажет… Абай – асқар тау. Ол елден шығып отыр. Ал әдеби дәстүрі жоқ, жазу-сызу өнері, мәдениеті болмаған елден Абайдай ұлы адамның шығуы мүмкін емес. Абайдай алыпты шығарған халықтың өткен тарихына, кейінгі дәстүріне зер салып қарауымыз керек», депті.
Рахманқұл – әлемдік деңгейдегі ғұлама ғалым болумен бірге елінің ертеңін көп ойлайтын, сол үшін қазақ қауымында орын алып келе жатқан түрлі рухани кеселдерге қарсы аяусыз күрескен қоғам қайраткері де. Оның қаламынан шыққан қай мақаласын немесе қай кітабын оқып қарасаңыз, ғылыми парасаттылықпен қатар, дәуір талабымен үндесіп жататын азаматтық позициясы айқын сезіліп тұрады. Оның ана тілінің тағдыры, мәдени мұраны сақтау, халқымыздың демографиялық ахуалы, табиғаттың көркем сұлулығын сақтай білу, тарихи ескерткіштерді қорғау, халықтық жақсы дәстүрлерді дамыту, ел ішіндегі дарын­ды өнер иелеріне назар аудару жайында жазған әлеуметтік сипаттағы мақалалары көп­тің көкейінен шығып, ұлт болып, ұлыс бо­лып ұйысып, ұлы істерге үндеуімен ерек­шеленеді.
Ол ұзақ жылдар бойы Қазақстан Жа­зу­шылар одағы басқармасының мүшесі, осын­дағы фольклор жөніндегі кеңестің төрағасы, КСРО Ғылым Академиясының фольклор жөніндегі советінің, «Жұлдыз» журналының редколлегия, Совет-Араб достығы қоғамы қазақ бөлімшесінің, шетелдік отандастармен мәдени байланыс жасайтын «Отан» қоғамының мүшесі, Қазақ-Иран қоғамының төрағасы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоға­мының алқа мүшесі, Алматы қалалық ұйымы­ның төрағасы, т.б. сияқты көптеген қоғам­дық жұмыстар атқарды.
Оның шығармашылық жолының алғашқы кезеңінде қалыптасқан қоғамдық белсенділігі кейіннен үлкен әлеуметтік мәні бар істерге ұласып, Р.Бердібайды ұлттың сөзін сөйлейтін қайраткер дәре­жесіне дейін көтерді. Ол – туған халқының жарқын болашағы үшін қалам ұшымен де, қоғамдық қызметімен де адал қызмет еткен ұлтжанды абзал азаматтардың бірегейі, ұлттың қамын жеген зиялы азамат ретінде танымал болды.
Рахаңды туған жері Түркістан тартатын да тұратын. Сонымен, ол 1997 жылы әсем Алматыдағы барлық тұрмыстық, әлеуметтік жағдайды, қызметін тастап туған топырағы Түркістанына қайтып оралды. Осындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде ұстаздық етіп, еліміздің ертеңі жас ұрпақты тәрбиеледі; олардың бойына білімнің, адамгершіліктің ұрығын егіп, онысын азаматтықтың, ұлт­жан­дылықтың, түркішілдіктің нәрімен суғарды.
Осыдан сексен бес жыл бұрын киелі Қаратаудың қасиетті қойнауында өмірге келіп, түркі атаулының түпқазығы Түр­кіс­танның топырағынан түлеп ұшқан мұзбалақ қазақ ғылымының, қазақ руханиятының ақсақалына, жұртты аузына қаратқан абызына, қазіргі қазақтың ар-намысына, бар жақсы қасиетін бойына сіңірген данасына, түркітануға елеулі үлес қосқан атақты түркітанушыға айналған, бүкіл түркі халықтарын бірлікке шақырған қоғам қай­раткері биігіне көтерілген Рахаң бұл күндері осы Түркістанда мәңгілікке тыныс­тап жатыр…

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, 
филология ғылымдарының 
докторы, профессор.