04 Сәуір, 2013

Ойдым-ойдым, шұрқ тесік жол сөз бен істің үйлесімсіздігін көрсетеді

513 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ойдым-ойдым, шұрқ тесік жол сөз бен істің үйлесімсіздігін көрсетеді

Бейсенбі, 4 сәуір 2013 1:56

Бір замандары өмір шын­дығын тап басып көрсеткен орыс жазушысы Н.Гогольдің Ресейдің екі соры туралы айтқаны бар еді. Оның біріншісі жолдың жайы болатын. Бүгінгі таңда миллиондаған машина жортып жүрген Қазақ елі жолының да көп жағдайда сын көтере бермейтіні айдай анық. Әсіресе, көктем келіп, қар ерігеннен кейінгі кезеңде жолдардың от орнындай ойдым-ойдым, шұрқ-тесік болып жүргізушілердің жүйкесіне тиетінін ешкім жоққа шығара алмаса керек.

Жақында Алматыға барып, Қапшағай қаласына атізін салған едік. Кезінде талайды таңдай қақтырған тас жолдың бүгінгі жағдайы көңілге қаяу түсірді. Әрине, ондай жолдар қай өңірге атбасын тіресеңіз де алдыңнан шығып жатады. Шұқырлардан қашып біресе олай, біресе былай «бұлғақтаған» көліктерден көз сүрінеді. Аңдаусызда шұқырға түсіп кетіп, дөңгелегі жарылған машиналар да кездеседі. Осындай халдегі бір азамат қол көтерген соң, аттап өтіп кете алмай тоқтауға тура келді. Алпыстан асып, жетпісті алқымдап қалған, өңін әжім торлаған, жүзі күреңіткен ағамыз: «Мынау сұмдық қой, қалталылардың машинасы сынса қиналмай жөндеп алады, ал тиын-тебенді бала-шағаның аузынан жырып, ескі көлікке әрең қол жеткізген біз секілділердің аяқ артары сынса кім қарайласады? Осы жол оңды ғой десек, бұл да бітіпті», деді. Тағы да ол: «Әлгінде бір көлік жүргізуші ойландырар пікір айтып, ана көпірдің жақтауындағы сөзді оқы, босқа күйіп-жанғанша тояттап тұра бермейсің бе?» демесі бар ма. Артынан қарасам, көпірге көш құлаш етіп: «Қазақстан қазыналы ел, қарқынды дамыған ел» деп іліп қойыпты. Соны оқығаннан кейін: «Біздегі сөз бен іс қашан үйлесім табар екен, демеске шарам қалмады», деп кейістік танытты.
Шынында, кейбір әкім-қаралар, басқа да басшылар өздері қызмет етіп жүрген өңірдің хал-қадірін ескермей, кез келген жерге, тіпті, ұсқыны кеткен ауылдардың кіреберісіне де ұранды сөздерді, Елбасы әлденеше рет ескерткеніне қарамай, жұрт қалай қабылдайды демей көрініп қалу үшін Мемлекет басшысының суретін жалаулатып іліп қоятыны бар. Мұндай көзбояушылық көп жағдайда ел көңілінен шықпай жататынын несін жасырамыз. Жалпы, іс пен сөз үйлесіп барып, тыңғылықты іспен дәйектелсе, халық көңілінен шығары хақ. Ал сөз әдемі жазылып, іс нәтижелі болмаса, ол құмға сіңген бір тамшы болары ақиқат.
Иә, «Сөзің – өзің» деп Алаш арысы Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, жол бойындағы сурет пен сөздерді сүзгіден өткізіп, шындықтың шырайын ұлттық руханиятымен астастыра алсақ нұр үстіне нұр болар еді.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».